
Автор: Мұрат ӨТЕБАЙҰЛЫ
Теңдессіз жалған сөз, екіжүзділік пен жағымпаздықтың қоғамымызбен біте қайнасқанына көп болды.
Билік тарапынан ешқандай қарсылық көрмегендіктен, ол өршіп, жағымпаздық тамырын тереңге жайып, қоғамның дертіне айналды.
Билік десе бәрін ұмытып, байлық, мансап, атақ десе естен айырылып, жеме-жемге келгенде ұлттың мүддесін сатып, «Мәз болады болысың» дегеннің кебін киіп жүрміз.
Бүгінде жағымпаздықтың жүйесі әлі жойылған жоқ.
Кезінде Тұңғыш Президентті жер-көкке сыйғызбай мақтағандар енді кешегі жүйенің кемшіліктерін тізіп, сынауға көшті. Олар қазіргі жүйеге бейімделуге және бұрынғы президенттен бойын аулақ салуға тырысуда. Мұндай жағымпаздар бізде тек депутаттар арасында ғана емес, шенеуніктердің, зиялы қауым өкілдерінің, блогерлер мен журналистердің арасында да бар.
Жарамсақтар мен жағымпаздар үшін олардың тірегі де, сүйеніші де – билікке деген «сенім» ғана.
Олардың сенімі билік ауысқан сайын өзгереді. Жаңа билік келісімен-ақ ұстанымдарын лезде өзгертіп, еш ойланбастан тағы бір «жаңа сенімге» ие болады.
Ондай деңгейге түскен адамдардан елге жақсылық күту бекер-ау.
Мұндай пиғылдағы адамдар халыққа ешқандай әлеуметтік өзгеріс те, жақсылық та әкелмейді.
Оларға әділет пен шындық аяқасты болып жатса да – бәрібір. Әйтеуір жоғарыда отырған ықпалды адамдардың көңілінен шығып, өз мансабының жолын түзесе болғаны. Олардың өмірлік саяси мақсатының ең үлкені де, негізгісі де – жоғарыға ұнау, жоғарыға жағыну.
Жағымпаздық жайлаған жерде отансүйгіштіктің орны ойсырап тұрады.
Мұндай пиғылдағы адамдарда адалдық, ұлтжандылық, отаншылдық, адамгершілік қасиеттер қайдан болсын?!
Олар жылдар бойы қарапайым халықтың мұң-мұқтажына, түйткілді мәселелеріне соқыр да, саңырау да болды.
Ел тұрмысының нашарлауына, отыз жыл бойы халықтың рухын жаншып, рухани жаңғыруына кедергі келтіргендердің қатарында билік басындағыларды дәріптегендер де бар.
Кезінде Н. Назарбаевты аспандата жарыса мақтап, халықтың қызметшісі емес, құбылысқа айналдырып жібердік.
Пірге теңеп, жарты құдайға айналдырдық. Сөйтіп, өз қадірімізді кетірдік. Құнымызды түсірдік.
Тіпті «Патша – Құдайдың жердегі көлеңкесі», «Патшаға қарсы шыққан – Құдайға қарсы шыққан» деген сөздерді дін өкілдері айтқаннан кейін еш нәрсеге таңғалмайтын болдық.
Көрдіңіз бе, қолдан «құдай жасау» технологиясының оп-оңай екенін.
Шын мәнінде, мұның шын Құдайға ешқандай қатысы жоқ. Ол – мүлде бөлек мәселе.
Осыдан-ақ бізге құлдық сананың қайдан келгенін түсіну қиын емес.
Ол – өзін жарты құдай санаған әділетсіз патшалардың адамдардың бойына еккен үрейі мен қорқынышы ғана.
«Патша – Құдайдың жердегі көлеңкесі» деген сөз ешбір хадисте айтылмаған.
Демек, бұл – жалған.
Ешбір дін мұны қолдамайды.
Барлық пайғамбарлар өз қауымын ең әуелі Аллаға сенуге және Оған ешнәрсені серік қоспауға шақырған.
Көпірме сөз бен көрегендіктің, шын зиялы мен зияндының аражігін ажырата алмайтын заманға тап болдық деген – осы.
Жағымпаздық адалдықпен сыйыспайды. Күні үшін жүргендер патриот бола алмайды.
Бір мәселе анық: шындықты айта алмаған адам өз елінің патриоты емес.
Нағыз патриот – өз елін орынсыз мақтайтын адам емес, қайта оның кемшіліктерін көріп, ұнамсыз тұстарын түзетуге ықпал ететін адам.
Бүгінгі ақиқат сол – жағынсақ, ең алдымен туған халқымызға жағынуымыз керек.
Себебі осы халықтың арқасында – патшамыз, осы халықтың арқасында – әкімбіз, осы халықтың арқасында депутатпыз, ақынбыз, жазушымыз.
Билік те, байлық та – көшпелі, уақытша.
Ал халық – мәңгі.
Сондықтан халық алдындағы парыз бір адамның алдындағы қарыздан әлдеқайда жауапты.
Билік деген – халық сеніміне ие болу, халыққа сүйеніп ел басқару.
Ол – құлдық психологияға, жағымпаздық пен жарамсақтыққа қашанда қарама-қайшы ұғым.
Президент Қ. Тоқаев: «Жағымпаздыққа қатысты айтар болсақ, мен оған қарсымын. Біреумен жақсы қарым-қатынастан гөрі мен үшін елдің мүддесі жоғары», – деген еді.
Егер Президент өзі айтқандай, мақтай бергенді жаны қаламайтын болса, бұл мәселеге түбегейлі тоқтау қоюы тиіс.
Бүгінгі ақиқат – осы.
Қ. Тоқаев өз маңайындағы жағымпаздарға емес, халыққа арқа сүйеуі керек.
Сонда бәрі өзгереді.