Алматыдағы трамвай депосының жұмысы уақытша тоқтатылады. Бұл туралы «Қамшы» порталы қалалық әкімдік баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Алматы әкімі трамвай депосына барып, оның жұмысымен танысқаннан соң осындай шешімге келген. Әкім депо басшылығына қоғамдық көлік депосының жұмысын реттеу туралы бірқатар тапсырмалар беріп, трамвайлардың осы күйінде қызмет көрсетуі мүмкін емес екенін айтқан.
Депо жұмысшылары еш қысқартылмайтыны, оларды еңбекақыларын сақтай отырып, басқа жұмысқа ауыстырылатыны айтылған хабарламада. Қаланың тарихи келбетін сақтап қалу мақсатында қалада туристік трамвайлар қатынайтын болады.
Естеріңізге сала кетсек, биыл қыркүйек, қазан айларында Алматыда трамвайдың қатысуымен екі ірі жол апаты орын алған болатын. Жыл басынан бері 43 рет трамвайлардың рельстен шығып кету оқиғасы тіркелген.