Ақмола облысының Бурабай ауданындағы Златополье ауылында жергілікті христиан зиратындағы темір қоршауларды ұрлаумен айналысқан 28 және 30 жастағы екі ер адам қолға түсті. Бұл туралы "Қамшы" порталы "Казинформ"-ге ілтеме жасай отырып хабарлайды.
Полицейлердің мәліметі бойынша, ұсталғандардың екеуі де Щучье қаласының тұрғындары.
Златополье ауылы тұрғынының Бурабай аудандық ІІБ кезекшілік бөліміне хабарлаған ақпаратына сай жүргізілген жедел-іздестіру шарасы барысында аталған елді мекендегі христиан зиратынан 10 темір қоршауды қолды қылған 28 және 30 жастағы Щучье қаласының екі тұрғыны ұсталды.
Күдіктілер ұрланған қоршауды металл қабылдайтын пунктке бар-жоғы 18 мың теңгеге өткізген.
“Қазіргі кезде, күдіктілердің үстінен Қылмыстық кодекстің 188-бабының 2-бөлімі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Сонымен қатар, олардың «Ауди» және «Фольксваген» көліктері айып алаңына қойылды», – деп көрсетілген хабарламада.