Небір құйтырқы аңыздарды қиыннан қиыстырып жүрген «Еуразия» арнасы өздерінің теріс пиғылдарына қазақ қоғамында зор беделге ие, сөздері өтімді мамандарды да пайдалануды әдетке айналдырған. Бұл туралы Qamshy.kz хабарлайды.
Өткен мамыр айныда телеарна екі күн қатарынан (28,29 мамыр күндері) саясаттанушы Досым Сәтбаевтің бұрынырақта мүлдем басқа мәселеге орай берген сұхбатын қиып алып, рұқсатсыз пайдаланған. Пайдаланғанда да тұтастай бір халықты, жер тағдыры мен ана тілінің болашағына алаңдаулы жұртты айыптайтын, күйе жағатын үгіт құралы ретінде ұсынған. Бұған байланысты Д. Сәтбаев өзі де наразылық білдіргенін білеміз.
Сол оқиғадан бір күн өтпей арна ресейлік режиссер, продюссерлермен бірге түсірілген «Араб көктемі. Қуыршақ басқарушылар» ("Арабская весна. Кукловоды") деген деректі фильм көрсетті. Басынан аяғына дейін ресейлік идеологияның исі аңқып тұрған, мұсылман әлеміне ашық жала жабатын фильмде тағы да телеарна қазақстандық саясаттанушыларды пайдаланып ұпай жинауға талпынған. Видеоның үшінші минутында тағы да Д. Сәтбаевтің сұхбаты салынған. Саясаттанушының трансұлттық компаниялар, медихолдингтер туралы бұрын айтқан сөздерін араб елдеріндегі төңкеріске қатысты пікір ретінде қоса салған. Бір қызығы, фильм жасаушылар сұхбат берушінің аты-жөнін титрмен бермеген. Ұрлық видео болған соң ұяттары оянды ма, басқа себебі бар ма, ол жағы беймәлім.

Сондай-ақ, осы фильмде (4:20 минут) Расул Жұмалы деген титрмен тағы бір жігітітң пікірі берілген. Бірақ, ол сұхбат беруші біз танитын саясаттанушыға мүлдем ұқсамайды. Фильмдегі «Расул Жұмалы» лаңкестіктен келетін шығындар туралы есеп қағып отыр.
Осылайша, әлемнің әр түпкіріндегі төңкерістер мен наразылық шараларын жамандап, қазақтарды үркіту, үрейлендіруді мақсат ететін арна сол арампиғылдарына қазақ зиялыларын да пайдалануды көздейтін сияқты.

Телеарнаның бұл қиянаты республикалық деңгейде көтеріліп, жаңа құрылған ақпарат және коммуникация министрінің де құлағына жеткен болатын. Алматы қаласында осы арнаның телехабарына қатысты шағымға сай, сот процесі де жүріп жатқанын естеріңізге саламыз.