Осыдан 74 жыл бұрын тұсауы кесілген сөз зергері Ғабит Мүсіреповтің «Ақан сері – Ақтоқты» трагедиясы М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында көрермен қауыммен қайта қауышпақ. Алғаш қарашаңырақ театрда 1942 жылы сахналанған туынды 1980 жылдарға дейін театр репертуарынан түскен жоқ, әр кез өз көрерменін тауып, қолдау-қошеметтеріне бөленіп отырды. Бүгінде араға қырық жылдай уақыт салып трагедияны жаңаша көзқараспен, заманауи, еуропалық стильде режиссер Қуанышбек Адылов сахналамақ. Ал таласы көп, тағы бір Ақан сері, Ақтоқты бейнелерін ойнау тек өнерде оза шапқан, тәлейі бар таланттың ғана бағына бұйыратыны белгілі. Бұл ретте театр сахнасында сал-серілердің падишасы, ақиық ақын Ақан серінің бейнесін ойнау Қазақстан "Серпер" Жастар одағы сыйлығының лауреаттары Еркебұлан Дайыров пен Алмас Шаяхметовке тапсырылса, Ақан әндері мен күйлерінің арқауына айналған ару Ақтоқты рольдерін Қазақстан "Серпер" Жастар одағы сыйлығының лауреаты Ләззат Қалдыбекова мен актриса Жанель Мақажан ойнайды. Осыған орай қойылымның премьерасына дайындалып жатқан шығармашылық топтың жұмыс барысымен танысып қайтқан едік.
Жанель Мақажан, актриса:
Ақтоқты - әрбір актрисаның арманы және менің М.Әуезов театрының актерлік құрамына қабылданғалы еншіме тиген алғашқы басты ролім. Осыған дейін киносаласында өнер көрсеткендіктен, қарашаңырақтың киелі сахнасында Ғ.Мүсіреповтің "Ақан сері - Ақтоқты" трагедиясында Ақтоқты ролін ойнау - мен үшін үлкен мәртебе және жауапкершілік. Бүгінде өз кейіпкерімді сәтті алып шығу үшін режиссердің талабына сай жұмыс істеуге тырысып жатырмын.
Мұрат Нұрәсілов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:
"Ақан сері - Ақтоқты" трагедиясын мектеп қабырғасында оқып жүрген кезімде көргем. Сол кезде еміс-еміс есімде қалғаны Ақтоқты ролін Шолпан Жандарбекова апамыз, ал бүгінде менің еншіме тиген Қоңқай ролін қазақ театрының алғашқы іргетасын қалаушылардың бірі, Ұлы Серке Қожамқұлов бабамыз ойнаған. Негізі Қоңқай актер ретінде оң жамбасыма келген үлкен роль. Әрине, кәсіби актер болғандықтан, роль ұнады, ұнамады, үлкен, кіші деп бөле алмаймын, десе де маған мұндай бейне бірінші рет беріліп тұр. Кейіпкерімнің өз басына келсем, бұл - "кішкентай адамның трагедиясы" (трагедия маленького человека). Жалғыз қызы Ақтоқты. Елдің сөзіне еретін де, қызын сүйгенінен айыратын да, артынан аһ ұрып, ойбайлап қалатын да әкесі. Пьесаның сюжеті бойынша ол - айтатын сөздері де, жүріс-тұрысы да күлкілі кейіпкер. Бірақ, шын мәнінде, бұл - трагедия. Бұрын да, бүгін де өмірімізден орын алып келе жатқан трагедия. Ал спектакльге келсем, қойылым сәтті шығады деген ойдамын, ал қалғанын сахна көрсетеді, бағасын халық айтады.
Қайрат Нәбиолла, актер:
Маған ұсынылған роль - Сердәлі бейнесі. Ол да Ақан сияқты ақын әрі сері. Алайда, қызғаншақ, күншіл, іші тар кейіпкер. Ақанда не бар, соның бәрін қызғанады, тіпті Ақтоқтыны да. Адамдарды бір-біріне айдап салып, Ақанға қарсы қояды. Оған сатқындық жасайды. Өйткені Ақан бар жерде ол ешкім емес. Сондықтан оның көздегені - Ақанды елден қуып шығып, елдің ақыны мен серісі өзі болу. Жалпы мен үшін актер ретінде өте қызықты роль.
Дайындаған Мөлдір БЕКЖАН