Түрмеде мобильді телефон мен интернет қолдануға рұқсат етілуі мүмкін

/uploads/thumbnail/20170709063244277_small.jpg

Астанада түрмеден шыққан және пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтарды әлеуметтік оңалтудың кешенді стратегиясы таныстырылды. ҚР Ішкі істер министрлігінің Қылмыстық атқару жүйесі комитеті төрағасының орынбасары Мейрам Аюбаевтың айтуынша, стратегия аясында сотталғандарды өмірге барынша бейімдеу көзделіп отыр. Ол үшін жауапқа тартылған адамды әлеуметтік оңалту жұмысын сотқа дейін бастап, түрмеден кейінгі уақытта өмірге толығымен бейімделіп кетпейінше жүргізу қарастырылған. Тіпті, ғаламтор мен ұялы телефон пайдалануға рұқсат беруі мүмкін. Сондай-ақ халықтың осы санаттағы азаматтарға деген көзқарасын өзгерту шараларына басымдық беру қарастырылған. Аталған стратегияны әлі қабылдаған жоқ. Әзірше, оны талқылауға шығарып отыр, - деп хабарлайды Qamshy.kz Baq.kz тілшісі.

Стратегия жобасына сәйкес, сотталғандарды әлеуметтік оңалту жұмысын үш кезең бойынша іске асыру жоспарланған. Бірінші кезеңге сәйкес, сотқа дейінгі тергеу амалдары барысында ол адамның әлеуметтік портреті жасалады. Соның негізінде түзеу мекемесі таңдалады. Екінші кезең түрме қызметкерлерінің тәрбие жұмыстарымен жалғасуы тиіс.

«Түрмеде білім алу үшін барлық жағдайларды жасау қажет. Сосын ондағы талаптар кәдімгідей еңбек нарығының талаптарына сай болғаны дұрыс. Адамның ойлау қабілетін дамытып, діттеген мақсатты шешуге деген ынтасын ұштаған жөн. Білім беруді дәстүрлі түрде ғана емес, қашықтан оқыту негізінде де жүргізу керек. Түрме әкімшілігі болса, жұмыспен қамту мәселесін жіті бақылауда ұстауы тиіс. Ал отбасы, туған-туыстар мен достар сияқты әлеуметтік байланыстарды үзбеу керек. Қазіргі ақпараттық технлогияларды пайдаланып, ол байланыстарды түрмеге қамалған уақыттан бастап, шыққанға дейін сақтап отыруға болады. Мәселен, Скайп, ғаламтор, ұялы телефон және тағы басқа байланыс құралдарын пайдалануға болады. Бірақ оның барлығын ынталандыру шарасы ретінде пайдаланған дұрыс», - дейді М.Аюбаев.

Оның сөзіне қарағанда, Скайп арқылы түрмеде отырған адам бүкіл отбасы мүшелерімен сұхбаттаса алады. Аталған бастаманың тағы бір артықшылығы, сотталған азаматтардың туған-туыстары ары-бері жүріп, жол шығындарын шығармайды. Ғаламтор арқылы барлығы бірдей жазасын өтеп жүрген адаммен сөйлесе алады. Осы бастама қолдау тапса, қылмыстық атқару жүйесіне арнайы техникалық құралдарын сатып алуға тура келеді. Соның барлығы бюджеттің есебінен өтеледі.

Ал стратегияның үшінші кезеңі барысында түрмеден шыққан және пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтарды әлеуметтік оңалту шаралары қарастырылған. Оған жергілікті билік органдары мен қоғамық ұйымдар белсене атсалысуы қажет.

ҚР Ішкі істер министрлігінің Қылмыстық атқару жүйесі комитеті төрағасының орынбасары Мейрам Аюбаевтың айтуынша, қазірдің өзінде түрмеге түскен азаматты өмірге барынша бейімдеу шаралары атқарылып келеді. Психолог мамандар сотталған адамдармен тығыз жұмыс жасайды. Білім беру шаралар да жоқ емес. Атап айтқанда, бүгінде қылмыстық атқару жүйесінде 57 жалпы білім беретін мектептер бар. Ол жерде жыл сайын шамамен 3,5 адам білім алады. Бұдан бөлек, 47 кәсіби колледж жұмыс істейді. Онда дәнекерлеуші, ағаш ұстасы, сылақшы және тағы басқа мамандықтар бойынша 3,5 мың адам оқып жатыр. Жалпы, Қазақстан түрмелерінде 40 мыңға жуық адам жаза өтеп жүр. Дегенмен, аталған механизм арқылы барлық мақсат-міндеттерге жету мүмкін болмай отыр. Сол себепті түрмеден шыққан азаматтарды әлеуметтік оңалту бойынша кешенді стратегияны әзірлеу жұмысы қолға алынды.

Связанные Статьи