Маңғыстаудың макулатурасы

/uploads/thumbnail/20170709100903934_small.jpg

Дарақылық  пен  даңғаза

«Өтпелі кезеңде кітап, әсіресе, өлең оқылмайды» деген болжам бар. Алайда, бұл өмір болғандықтан, аталмыш қағидатқа кереғар жайтқа куә болумыз да бек мүмкін. Елдің бәрі ақшаның соңына түсіп, әдебиет адыра қалар ма екен десек, бала-шағасының ырыздығына шатты-бұтты шимайларын кітап етіп шығарып, мәңгілікті арзанға сатып алғысы келетіндер де көбейе түскен. Біздің мұнайлы Маңғыстауда біртүрлі (жынды деуге тіліміз бармай тұр) адамдардың да шабыты шалқуда. Ақындық деген қасиет пе, әлде қасірет пе деп те ойлап қаласың кейде. Мұның сырын білген әлі ешкім жоқ. Дөңгеленген дүниеге бірауық назар салсаң, Құрбанғұлы Бердімұхаммедов құсаған диктатор да бар тірлігін ысырып қойып, «Алға, Түркіменстан!» деп өлең жазуда. Әрі құдайы көрші, әрі мұнай мен ақша жөнінен түркімен туысқандардан кемшін түспейтін маңғыстаулықтар қарап қалсын ба, текіректегеннің төбесіне том-том кітаппен ұратын болған. Тапсырмамен 30-40 кітап жазған журналист жұртқа шекелеп қараса, Әбіш Кекілбаевтың сыныптасымын деп 5-6 том шығарған молагер өзін классик сезінеді.Әтеш барлық жерде бірдей шақырғандықтан қоғамда орын алып жатқан жағдайлар біздің Маңғыстауда да орын алады. Бүгінде Маңғыстау – тек 363 Әулиенің ғана емес, бірнеше кітабы бар біртүрлі адамдардың да мекені.

Осыдан 10-15 жыл бұрын Қалбай Әбдіраман деген текесақал кісі жазбаларын ксерокопиядан шығарып, жинақ ретінде Ақтаудағы кез келген мекемеге арбамен таратып жүретін, дүңгіршектерге, дуалдарға, бағаналарға жазбаларын жапсырып кететін. Былайғы жұртқы сенімсіздеу көрінгенімен бұл – болған оқиғалар. Мұны Қалбай Әбдіраманның өзі де Айна Кемежанға арналған «Қарындасым» деген жазбасында: «Бір өлеңім Атаның үңгірінде, Бір өлеңім Жеңістің дүңгірінде...», «Көшірмелеп әр жазған өлеңімді, Бар қазақтың үйіне жапсырамын!..» сияқты жолдармен баяндаған. Бір қызығы, жинақтардың сыртында үнемі Мұқағали, Төлеген және автордың бірге түскен (әрине, қолдан жасалған коллаж) суреті болатын. Қожанасыр біздің дәуірде өмір сүріп, ақын болуды армандаса да дәл бұлай істемес еді. Дап-дардай адамның дарақы тірлігін ерсі көріп, езуімізге күлкі үйірілетін. Көп өтпей дарақылық даңғазаға ұласып кетті. О кісінің кәдімгідей кітаптары да шыға бастады. Жергілікті газет-журналдар Маңғыстаудың маң даласынан бұрын-соңды қазаққа беймәлім боп келген, «70 томдық өлең жазған классик ақынды» тауып алғандығы жайлы жарысы жаза бастады. Тағы да күлдік. Бұл жолы күлкіміз ащылау шықты. Баспасөздегілердің де шатыры шайқалған ба деп ойладық. Гомер дейсіз бе, Данте дейсіз бе, Гёте дейсіз бе, адамзат тарихында 70 том өлең жазған ақын жоқ қой! Тіпті, мұндай қыруар істі жасау үшін бір адамның өмірі жете қояр ма екен?!

Бір қызығы, Қалбай Әбдіраманның жазбалары тек Маңғыстаудың баспасөзінде шығумен шектеліп қалған жоқ, республикалық баспасөзде де қылаң бере бастады. Астанадан шығатын «Төртінші билік» деген газетте  соңғы бес жылда айқарма бетте 30 рет жарық көріпті. Соған қарағанда, газет редакторы Төлемырза Темірбекұлы Балтабаев деген кісі тек қана Қалбай Әбдіраманның насихатымен айналысқан сияқты. Ал, таяуда фейсбукте Қалбай Әбдіраман мырзаның парақшасы ашылып, насихатшылары Мұқағали мен Төлегеннен соңғы асылымыз осы кісі екендігін айтып, оған осы кезге дейін орден-медаль бермеген Жазушылар одағы басшылығын айыптайтын пікірлерді қарша боратуда. Оқырманы көп қазақ сайттарының бірі Abai.kz-те аңдамай қалды-ау деймін, мамыр айының 15-жұлдызында Сағындық Рзахметтің «Қыруар нан тапқыңыз келсе, әдебиеттен кетіңіз» деген тақырыппен Қалбай Әбдіраманмен жасаған сұхбатын жариялады. Шимай-шатпақтардың авторы енді төрге шығып, әдебиеттің төбе биі ретінде төрелік айтуға көшті. Апырмай, айбары алты әлемнің мысын басуға жарайтын Абайы бар елдің ұрпағы емес пе ек, босаға мен төрдің айырмасын білмейтіндей не көрінді? Алаштың арманындай әппақ, арындай биік Абай-мінбеге кім көрінгенді шығару-әбестік емес пе? Оның «Никита Сергеевич Хрущев айтпақшы, сүт көп болсын, сонда қаймақ та көп болады» деген сөздерін оқығанда күлеріңді де, жыларыңды да білмей қаласың. Осындай да дәйексөз бола ма, қай заманда өмір сүріп отырмыз өзі? Қыңыр мінезді кеңес көсемінің бұл сөзі графомандығыңды ақтап ала алмайды ғой!

«Әдебиет-ардың ісі». Бірақ, сын қалғып кеткен жерде киелі тірлігінен ауытқыған авторлардың сүйкімі кете бастайды. Әдебиет те жиіркенішті дүниеге айналады...

Жыршалық немесе Қалбайдың аруақтарға тіл тигізіп, құдайға қоқаңдауы қалай?

Маңғыстаудың исі қазаққа белгілі ақындарының бірі Светқали Нұржанның бір өлеңінде «жыршалық» деген сөз бар. Шамасы, дарын қонбай, ет пен терінің арасындағы желге малданып, жыр жазу ауруына шалдыққандарды осылай атаса керек. Әрине, бұл ауруға шалдыққандар ешқашан ақын бола алмайды, шатпақтауын да қоймайды.

Мақаламыздың кіріспесінде «біртүрлі адамдар» дегенде біз осы Қалбай Әбдірман сияқтыларды айтқан болатынбыз. Бұған себеп:

Құдіреті күшті құдайым,

Барлығы сенің еркіңде!

Баланы өлтір, қызды қыр(??),

Анамды менің өлтірме!..

(«Қазақнама: қазағыма хат», Ақтау қаласы, КС «Графика», 2003 жыл, 39-бет) деген жолдарды оқыған кезде ол кісінің ақыл-есінің дұрыстығына күмәнмен қарағанымызды жасырудың қажеті бола қоймас. Ана да, ұл мен қыз да ардақ тұтар асылымыз емес пе? Олардың бірі өліп, бірі қалсын деп тілек тілеген адамды кім деп атаған жөн? Поэзия бірінші кезекте тәрбие құралы десек, мынаны оқыған жұрт қандай өнеге алады?

Әлһамдұлла, мұсылман баласымыз. Бір Алланың құлы, Мұхаммед Салаллаху уалайхиссаламның үмбетіміз. Алла тумаған, ешқашан өлмейді де. Барша ізгі сипаттар оған тиесілі. Серік қосу күнә. Мұхаммед(С.А.У.) – соңғы пайғамбар. Қасиетті кітабымыз – құран кәрім. Қалбай Әбдіраман мырза ғасырлар бойы келе жатқан діни наным-сенімімізді мүлде құрметтемейді.

Жыр жаздым жанның шоғынан,

Қорғадым жаудың оғынан.

Құранын жаздым қазақтың,

Оқылсын өлсем со құран!

Ойлама мені ұтам деп,

Жасырған мені бұтаң көп.

Қай құран мұнда қадірлі,

Біледі өзі Мұхаммет!

(Жоғарыда көрсетілген кітап,48-бет)

Жоғарыдағы үзіндіден не түсіндіңіз? Автор «жыр жаздым…» деп бастап еді, онысы құранға айналып кетіпті. Қарапайым кітапты құранмен салыстыруға болмайды ғой! Құран – кітаптардың ең ұлығы! Авторды кім «ұтам» деп жатыр, оны қай «бұта жасырып» тұрғанын түсінсек бұйырмасын. Бұ кісі кітабының құраннан жақсы екенін айту үшін төрелікке пайғамбарымыздың өзін шақыруда. Мәссаған!..

Қолымда жеті құран бар,

Құранда жеті құрал бар...

(«Қазақнама: Қазағыма хат», 3-том,Ақтау, «Бабамұра-М», 2008 жыл,156-бет)

Автор өзінің жеті кітабын құранға теңеп жатқанын байқап тұрмыз. Бірақ, екінші жолды ұғу қиын. «Құрандағы жеті құралдың» не екенін өзі де ашып айтпаған.

Есітпеген елде көп. «Ойнап білмейтін бала шешесінің етегін ашып ойнайды» демекші, пайғамбармен «разборка» жасап, тәжірибе арттырған Қалбай Әбдіраман енді Құдаймен қарсыласуға көшті.

Қолдай көр мені, Жаратқан,

Пендені итке талатқан!

Ерлерін езге қаратқан,

Мүсәпір етіп жақсыға,

Жаманның көтін жалатқан!..

Менің де перзенттерім бар,

Жұлқынып өсіп баратқан.

Менің де бірер сөзім бар,

Сұмдықтың бетін қанатқан!..

Қолдай көр мені, ТӘҢІРІМ,

Қолдай көр мені, ТӘҢІРІМ.

Қолдаудан түскен пайданың,

Берейін саған жарымын!..

(Жоғарыда көрсетілген кітап, сол өлең,158-бет)

Қалбай Әбдіраман осылайша Құдайды бір тықсырап алады да, артынша паралағысы келеді. «Қолдаудан түскен пайданың жартысына»  Құдай мұқтаж ба екен?

Қал-ағаның Құдекеңмен егесі мұнымен бітпейді. Айыптауды үдете түседі. Құдай құдды құрдасындай. Әрі қарай оқиық:

Сен дағы суайт, кәпірсің,

Сен дағы қуға жақынсың!..

Қырық жылдан бері Қалбайды,

Былғалап келе жатырсың.

Сөзімді алып аузымнан,

Жұлмалап келе жатырсың.

Ақиқатымды әр саққа,

Бұрмалап келе жатырсың.

Тексертіп, тырнақ астынан,

Кір қарап келе жатырсың!..– деп тағы да айыптаудың неше түрін жаудырады. Мұнымен де тоқтамайды.

Бардың ба, ИЕМ, айлаға,

Түстің бе сен де пайдаға!..(?)

Келбетіңе бір көз салып,

Қарашы өзің…

Айнаға!..

(158-159-беттер)

Қалбай Әбдіраман осылайша Құдайды тұқыртқанына мәз. Әрі мұнысын:«Өкпесін айтқан Құдайға, Жүгіне қоймас былайға!..», – деп хатқа түсіріп қоюды да ұмытпайды. Шамасы, өзін құдды бір әкімнің жағасынан алған кісі сықылды сезініп тұр-ау!

Бұдан басқа автордың «Өлеңдегі тумаған Құдаймын мен», «Құдай боппын түсімде», «Бар қиынды бір менің басыма сап, Орныңа қоймақпысың Құдай қылып?!», «Құдайдай біреу керек-ақ, Көрмегендерге Құдайды», «Жалғыз ғып неге мені жараттың деп, Пенде түгіл, Құдайды қарғап барам!..», «Мен Құдаймен жатқанда жағаласып, Пенде келеді ізімде өлеңдетіп», «Мені қазақ қолынан түсірмейді, Менсіз арақ бір тойда ішілмейді. Қасындағы көңілді түсінбеген, Аспандағы тәңірді түсінбейді», «Ұшақпенен өлеңін шашқан аға, Сенен қорқам, Құдайдан қорықпастан»,  «Көзі қысық болмаса  бұ Құдайдың, Қырық жылда мен неге көрінбеймін?!»,«Қуарған бұл қу Құдай, Қай пендесін жалшытқан?!», «Мен, қарағым, тәңірмен беттесемін, Көз алдында Құдайдың от көседім...», «Құдай да болсаң айтайын, Бұл ісің маған жаққан жоқ», «Пайғамбар келіп тұрса да, отыра тұрсын есікте» т.б. шатпақтарын тізе берсең, бірнеше парақты толтыруға болады.

Мана сөзіміздің басында Қалбай Әбдіраманның сұхбаты жайлы айтқан болатынбыз. Автор «әдебиетте нан жоқ» деп зарлаған. Сол ойын Қалағаң жарықтық ұйқасқа да түсірген екен:

Күн көргем жоқ өлеңнің наныменен,

Содан біреу нан тапса...жанып өлем.

Мен өлсем де өлмеймін аяқ үсті,

Бір жәлептің сөзіне нанып өлең!.. (жоғарыда аталған кітап, 90-бет), – Міне Сізге әдебиет жайлы ой, Сөздің қадірін Қалбайша ұғу! Осыны білгендіктен әлгі сұхбаттың жариялануын ерсі көргенбіз.

Бұл кісінің тағы бір әдеті – өмірден өткендерді келемеждеу, масқаралау дер едік. Сөзімізге мысал көп. Соның бірі – автор үнемі Төлеген Айбергеновтың рухымен егеске түседі.

Өзге көрді, АҒАЖАН, қайырыңды,

Мұқағали «Жұлдыздан» айырылды.

Төлегенде аруақ жоқ.

Аруақ болса,

Төрге шықтың жетелеп қай ініңді!..

Төлегеннің жырлаған мәнерімен,

Қабіріңнің басында...бәле кілең!

Осы жерге кім келсе көрейін деп,

Құзғын отыр басыңда...жәлебімен!.. (сол кітап, 113-бет)

Біріншіден, Төлеген шыққан өлкеден Есенғали Раушанов, Сабыр Адай сияқты ақиық ақындар шыққан. Екіншіден, Қалбайдың ақын бола алмағанына Төлеген айыпты емес. Үшіншіден, «Төлегенде аруақ жоқ» деп жазғыру нағыз имансыздық! Төртіншіден, екінші шумақты мүлде түсінбедік. Автор не демекші? Құзғын кім, жәлебі несі? Ақын рухын ардақтап, шығармашылығын насихаттап жүргендердің алдында жүргендер – оныңұрпақтары емес пе???

Қолыма келді қайта хат, қаламым,

Есте болсын есікті қақпағаның!

Қалбай демей Төлеген деген кезде,

Маңдайыңа ұруға шақ қаламын! («Қазақнама. Қазағыма хат»,71-бет «Үш қиян» баспасы, 2005 жыл, Алматы)

Міне, енді Қалбайдың пиғылы айқындала түсті. Ол Төлегеннің бағын қызғанып отырған екен ғой! Оның бұдан басқа да Төлегенге арнаған жазбалары көп. Алайда, бәрінде де лас тәсілге жүгінеді. Яғни, кейде ұлы ақынды мақтаған боп тұрады да, сөз арасына өзін қыстырып, мақтанып қалуды ұмытпайды.

Реті келгенде тағы бір жайтты айтта кеткен жөн. Ол үнемі өзінің Айбергеновпен кездескенін айтудан жалықпайды. Мақалаларында, сұхбаттарында кездесудің жай-жапсарын әртүрлі баяндайды. Бірақ оның алдаспан ақын Төлегенмен жолыққаны жайлы нақты дәлелі жоқ. Соған қарағанда, қиыннан қиыстырған өтірігін соғып жүр-ау, шамасы!

Орыстың ұлы ақыны Пушкин өзінің отты жырларымен адамзаттың жүрегінен орын алған ақын. Оның әйел мәселесінде жолы болмағаны да белгілі жайт. Дуэлге де намыс үшін шыққан дейді. Ал, оны Қалекең былайша мазақтайды:

Қапталымда Пушкиннің кемпірі бар,

(Маңғыстауда туысы-төркіні бар).

Мен өлген соң аласың Натальяны,

Мені, Дантес, алдымен өлтіріп ал, – деп баяғы... Дантеске сес көрсетіп алады да, Пушкинге ақыл айтады:

Ақын аға, Сергеич Александр,

Адамзаттың құзғыны өлексе аңдыр.

Абайлы бол, Ағажан, жәлебіңе,

Жаумен кетсе төсекті бөлек салдыр!.. (сол кітап, 116-117-беттер)

Мұндай сөзді талқылау да ұятты іс шығар, енді. Өлгенді табалаудан ұпай жинағысы келгенді есалаңға не дей аламыз?

Ол «Қазақнама» жазған соң бұл тақырыпта қалам тербеген басқа ақындарды балшыққа батырып кетуді мұрат тұтады. Құдай-ау, қазақ жайлы атақты шығарманың авторы кім еді? Әрине, Жұбан Молдағалиев қой! Оны білмейтін адам бар ма? Қазақ барда оның әйгілі поэмасы өлмек емес! Онда ол Қалбайға «серьезный конкурент», оған күйе жағып, елге жексұрын етіп көрсетпесе болмайды.

Не деген Қазақ, майдасың,

Шыққаның жоқ па сайға шын?!

«Мен – Қазақпын!» деп әлемге,

Жар салған Кісі, қайдасың?!

Біздерді көрмей шалқалап,

Теңгені алдың қалталап...

Қырық жылда мені бір көрмей –

Өлдің бе тақты арқалап?!

Біздерге басып тақымды,

Таныған жоқсың жақынды.

Өлтірген өзің емес пе,

Мұқағали деген ақынды?! (сол кітап, 157-158-беттер). Бұл енді өте үлкен айыптау! Әрине, алғашқы екі жол үшін Қазақ Қалбай Әбдіраманды сотқа бере қоймас, алайда, Жұбанның ұрпақтары, оқырмандары мына жаланы есітіп, тыныш жата қоймас деп ойлаймын.

Жұбан Молдағалиев біреуден пара алды дегенді естімедік. Алса, үкіметтен көз майын тауысып жазған еңбектері үшін қаламақы алған шығар. О кісі Қалбайды танымағаны үшін «виновать» боп тұр ғой! Не дей аламыз?  Бетпақ жеңе бере ме?..

Әнуар Әлімжанов Жазушылар одағын басқарып тұрғанда Мұқағали Мақатаев мүшеліктен шығарылған дегенді құлағымыз шалғаны бар. Қазіргі кезде оны да жай қауесет деп жүр. Анық-қанығын білмеген соң кесіп-пішіп ештеңе айта алмаймыз. Ал, Мұқағали мен Жұбанның дүрдараздығын мүлде білмейді екенбіз. Ал Қалбай Әбдіраман Жұбанның мойнына Мұқағалидің өлімін іліп жібермек.

Айтпақшы, қазақта Молдағалиев деген екі мықты ақын бар ғой, үлкенін жендетке шығарғасын, кішісін де бір теуіп кету керек. Сонда ғана Қал-ағаның қыбы қанады:

Жапанда жалғыз Тұманбай,

Кітаптар жазды «Құрандай».

Хатымды басты аяққа,–

«Ағажан» десем – інанбай!. (сол кітап, 165-бет).

Әдетте, зиялылар ел мен елді достастыратын елші іспетті. Саясаткерлер шеше алмаған күрделі түйіндерді қаламгерлер шешкенін көріп жүрміз. Сонау 90-жылдарда қырғыз бен өзбек жауласқанда Айтматов араға түсіп, аймақты шарпығалы тұрған алауды өшірді емес пе? Ал, Қалекең араздықты өршіте түсуге құмар.

Өзге жұрттың ерніме тигізбестен,

Өз көтіне жұмсадым сарымайын,– (сол кітап, 65-бет) деген жолдарды қалай түсінуге болады? Мағына майысып, басқа жаққа кетіп бара жатқан сыңайлы ғой! Қазақ үшін ұят саналатын жаққа!

Бұдан әрі автор айтпағын тіпті қоюландыра түседі:

Мен өлмеймін қазақтың жаны аманда,

Жетпіс оғым жайлаулы барабанға!(?)

Қара қарға қаймаққа ұмтылады,

Көтіндегі қарамай қара қанға!..(?) (сол жерде, 65-бет).

Бұл кісі неге мұнша қиястанып отыр десек, мәселе мына жақта екен. Осы өлеңді әрі қарай оқысақ, әңгіменің байыбына барады екенбіз:

Қызғаншақтар үйренген қызыл қорып,

Қобалжимын көңілдің мұзын көріп.

Қазақ жатыр Қалбайдан бақ қызғанып,

Өзбек жатыр Қалбайдың қызын қорып.

Айтам дағы ретті кәп болғасын,

Қарға-құзғын үстіме кеп қонғасын.

Қисық бала қызымды итереді,

Анау Нанды қойылған жеп болғасын!..

Беттің барын білмейтін, жүздің барын,

Базарыңда толып жүр құзғындарың!

Өңменіне болайын ұлдарыңның,

Есігімде білмеген қыздың барын!

Қаламын кейде соған жұқарып та,

Хат тасып жүр бір қазақ бұталықта.

Өңменіңді ұрайын қазақ болған,

Әкеп жүрген өзбекті бұғалыққа!

«Қазағым» деп қырық жыл хатым өлген,

Әлі мұнда қазақ кем ақылы енген.

Сарымайдай сұлу қыз сартқа кетті,

Бір қазақты таба алмай…қатыны өлген!

Домбыраңды тартасың тыңқылдатып,

Сыра менен араққа мұртың батып.

«Қазақнамасын» Қалбай жүр копиялап,

Өзбек жатыр қызымды ыңқылдатып…(сол жерде,66-67-беттер)

Автордың ойы бұрмаланып, ұғынықсыз боп қалмау үшін бірнеше шумағын беруге тура келді.

Мейлі қызы өзбекке тисе тиген шығар. Қазір кім кімге тимей жатыр? Автор осы жайтты масқаралық деп қабылдаған болса, масқаралықты масқаралықпен жеңуге бола ма? Дардай адамның өз қызы жайлы лас пікір білдіруі кісілікке жата ма? Осыдан соң қызының бетіне қалай қарайды екен?

Бүгінгі таңда шоу бизнесте қызтекелер қаптап жүрген көрінеді. Өкінішке орай, өркениетті саналатын Еуропа олардың құқығын қызғыштай қорып әлек. Демократия деген жарықтықтың да басты талаптарының бірі – гейлер мен лесбилерге түсіністікпен қарау екен. Біздің бекзат халқымыз мұндай пәлеге өзінің салт-дәстүрі, асыл құндылықтарымен қарсы тұра алады деп ойлаймыз. Алайда, аңдысқан жау алмай қоймайды. Бұл «кәкәй» тақырып әдебиетке де кіріп үлгеріпті. Қалбай Әбдіраманның «Қатын» деген жазбасы пікіріміздің айқын дәлелі.

Қазір ол «сырын» айтса тұлданады,

Қазір ол қымбатырақ пұлданады.

Бір кезде «жатушы» еді тегінге де,

Енді оған ым қақсаң да жынданады.

Шығады мен оныңдай емеспін деп,

Менің де тұрғаным жоқ егескім кеп!

Бұл «бала» баяғыда бізден қалған,

Көп жатып анда-мұнда жүзден қалған!, – деп «ісін істеп жүретін ұрғашының» бір жігіт жайлы әңгімені көйітеді де, оның қазіргі ғашығы жетпістегі қауқарсыз шал екенін айтып, өзін мақтауға көшеді:

Көр бүгін еркектердің мықтылығын,

Бір тамыр тасты жарып шықты бүгін.

Қасқиып дауылдарға, жауындарға,

Көр мына қарағайдың тік тұруын!

Көкірегі таза емес адам ештеңеден жиіркенбейді. Кемістігін-жетістігік, бұрысын-дұрыс деп топшылайды. Сірә, қоқыста гүл өспейтінін білмесе керек.

Енді Қалбай Әбдіраманның «Түркістан» деген жазбасын көрелік. Құдай мен Пайғамбарды келемеждеген адам Қожа Ахмет Яссауи жатқан бұл құтты мекеннің шырайын шығара қоймаған шығар.

Осы айтқан сөзімнен,

Табыламын, Түркістан!

Ліңкілдетіп дүмімді,

Жағынамын, Түркістан! (Жоғарыда аталған кітап, 107-бет)

Астапыралла, бұл кісі сандырақтай береді екен-ау!.. Өзгені түртемін деп Өзін неге теңегенін білмей тұр. Иттің дүмі ліңкілдейді емес пе?

Қалбай Әбдіраман Түркістанға неге келген екен деген оймен шатпағын әрі қарай оқи түсеміз. Мақсаты қылаң беріп қалуы тиіс қой!

Начальнигім жұмсаған,

Өзіңе де бір соғам!

Өліп кетсем мен...сосын,

Сиынады кім саған?!

Қолда мені, Тамара,

Қолда мені, Тамара!

Менің жазған жырымды,

Жұмсай көрме далаға...

Қолда мені, базарком,

Айналдырмай мазаққа!

Микрофоннан дауыстап,

Айтып жібер қазаққа!..

Отыз сегіз жыл болды,

Қайтерімді білмеймін!

Қалып енді тірілер,

Өлгендерді күндеймін!

Қолда мені, Түркістан!

Қолда мені, Түркістан!..

Бір ұлыңнан кем көрсең,

Қапалы етем, Түркістан!

Есігіңді ашпасаң,

Өлеңімді баспасаң,

Шатақ етем, Түркістан!(Сол кітап, 110-113-бет).

Әне, енді бәрі белгілі болды. Начальнигі жұмсаған соң Түркістанға барып, бұл кісі қатынына, базаркомға сиынып жүр екен ғой. Жүрегінде Алласы жоқ адам басқа кімге сиынушы еді! Тіпті өзінше бопсалап та қояды ғой! Пішту!..

Бұл байғұстың рушылдығын қайтерсің! Он екі ата байұлы, адай, есентемір демесе, басы ауырады:

1.Он екі шал барады алдарыңа,

Ақ орданың төріне жайласыңдар!

2.Маңғыстауда мен тұрам Адай тұрса,

Тұрады Адай! Әу баста қалай тұрса!..

3.Есентемір , Байұлы,

Әбдіраманов Қалыбай…

Енді бұл кісінің жалпы әйел затына деген көзқарасын да тексеріп көрелік.

1.Тұрқымды көр,

Ішімді,

Сыртымды көр,

Маған ұрлап (?)  оңаша бір түнді бер.

Ашқым келіп барады, ашқым келіп,

Айналайын, ақсәулем, кілтіңді бер! (Сол кітап, 48-бет)

2.Жалаңаштан, арулар!

Жалаңаштан!

Тал бойыңда бәле бар ала қашқан!

Сұлулыққа өмірде көзім тойып,

Кетейін бір артыма қарамастан!(Сол кітап, 172-бет)

3.Жабырқағанда алаусың,

Ашырқағанда палаусың.

Кемеге мінсем желкенім,

Төбеме ілсем–жалаусың!..(Сол кітап, 234-235-беттер)

4.Ойпырмай, жас өмірдің тәттісін-ай,

Қарайды жігіт қызға қатты сынай:

– Жеттің бе, бақ құсым-ай, ақ құсым-ай,

Әйтеуір, тақпысың-әй, сақпысың-әй,

Әйтеуір, пәкпісің-әй, ақпысың-әй!...(«Қазақнама»: Қазағыма хат», «Бабамұра-М»,2008,39-бет)

5.Бәлсінбе, қайным көп деп сен құсаған,

Келмеймін жалынбасаң енді саған.

Атыңа бір болмайтын өлең жазып,

Соңыңа қарақұрым елді салам!..(Сол кітап,200-бет)

Е-е, бұл жағының да оңып тұрған түрі көрінбейді.

Жалпы, Қалбай Әбдіраманның ең көп қаузаған тақырыптарының бірі – «нанға, суға мұқтаждық». Бейне бір зар заман ақындары сияқты алақанын жайып, шырылдағаны-шырылдаған. «Шымылдықта жатқан көршінің қызы, біздің қатынның шыңғыруына не жорық?» демекші, аузымыз аққа жеткен мына заманда оның бұл қылығын түсінбедік.

1.Бітірді біреу шаруамды,

Пісірді біреу жармамды.

Тәтті деп ішіп жүрдім мен,

Ауысып жұрттан қалғанды!..(Сол кітап,67-бет)

2.Елдің көзі таразы – бағалаған,

Жемді көрсе жылқыдай тағалаған.

Осы елдің ұлымын, аштан өліп,

Тойға барса қазанды жағалаған.(Сол кітап,137-бет)

3.Біз жоқта...жұрт жабылып...тамақ ішкен,

Аулақта біз қалыппыз...тамағы іскен.

Қазанды ашып көрсек...түк қалдырмай,

Пысықтар жалмап кеткен...қара күшпен.(Сол кітап,145-бет)

4.Соңымнан ерер көп еді,

Қолым бір нанға жетпеді-ау!..(Сол кітап, 209-бет)

5.Сенен бір нан сұрамаймын,

Таусылмайтын нанға жеткіз!(Сол кітап,239-бет)

Осы жазбаларды бұл күнде біреу оқиды, рухани ләззат алады деу қиын. Әруаққа тіл тигізіп, құдайға қоқаңдап, жақынына жиіркенішті сөз айтатын кісіні жұрт дені сау адамның қатарына қоса алар ма екен?

Әкім арандатушы ма немесе Қалбайдың кітабын шығарғандар халыққа не ұсынған?

Қазіргі кезде томдарды топырлатудан өңірлер бәсекеге түсіп кеткен. Қызылорда облысы ақын-жазушыларының 200 томдығын шығырғаны сол-ақ екен, Атырау жанталаса бұл тірлікті жалғастырды. Тіпті, орысы көп дейтін Павлодар да бәсекеден құр қалғысы келмеді. Мұндайда мұнайлы Маңғыстау қалайша бұғып қалсын?! Облыстың – 40, Ақтау қаласының 50 жылдығын желеулетіп, аймақ ақын-жазушыларының 50 томдығын шығару үшін  Айдарбаев Алик Серікұлы –алқа төрағасы, облыс әкімі, Әріп Ғалым Бейсенбіұлы – алқа төрағасының орынбасары, Қазақстан Жазушылар одағы Маңғыстау облыстық филалиның директоры, Тұрғараев  Бекет Тұрғараұлы –заң ғылымдарының докторы, профессор, Өтегенов Айтуар Оспанұлы – ақын (кітапты құрастырушы, жауапты шығарушы-редактор), Қосбармақ Рахат Құсайынұлы – ақын (жауапты редактор), Мыңжас Темір Мыңжасұлы – ақын деген кісілерден құралған редакциялық алқа тірлікті шикілі-пісілі тындырды да тастады. 2013 жыл Алматыдағы  «ҚАЗақпарат» баспасынан шыққан 50 кітап бүгінде сөрелердің ғана сәні боп тұрған шығар...

Әрине, мұндайда әкімнің көңілінен шыққан кісілердің бағы жанады. Маңғыстаудың бет-бейнесін белгілеп тұрған Сабыр Адай, Светқали Нұржан, Ақшагүл Рамазанова деген ақындар елудің ішіне енбей қалды. Филология ғылымдарының кандидаты, ғалым әрі ақын Рахмет Аяпбергеновтың бай әдеби мұрасы бола тұра бала-шағаның арасында топтама өлеңдерін жариялауға шешім қабылданды.

«Көп ақындар жатқанда аштан өліп,

Мен сөзімді тыңдаттым ақша беріп...». («Қазақнама: Қазағыма хат», Алматы, «Үш қиян» баспасы, 2005, 213-бет), – деп жазатын Қалбай Әбдіраман осы сериямен «Мен сені жақсы көрем» атты бір томдығын шығарды. Соған қарағанда ол өзі айтқандай пысықтық қылды-ау деймін.

Сонымен, Қалбай Әбдіраманның мемлекет есебінен шығарылған сол бір томдығы сізді де қызықтырып тұрған болар. Парақтап көрелік.

Күтеді сол ібіліс құлауымды,

Әкесі салып берген бұл ауылды...

Қазақтың баласымын өлең көрген,

Қай жеріңе тығасың...мынауымды?!(17-бет), – деп ол салған жерден қатты кеткен екен. («Мынауымды» деген сөзді авторы екі бармағының арасынан үшіншісін шығарып тұрып айтса түсінікті болатын шығар). Шынын айтқанда, жоғарыда аты аталған кісілердің назарынан мұндай былапыт жолдар өтіп кетерін ойламаған едік.

Өзгеге барып...жаңылсам,

Өзгеге мені сатады.

Өзгеге барып жалынсам,

Өзгелерменен жатады, – деп Қал-аға Америка ашыпты ғой!

Айналайын, арулар қайдасыңдар?!

Сырласым бар ішіңде, ойнасым бар.

Алып қаша береді қиялымды,

Жалғап жүрген сендерге майда сымдар! (19-бет), – Махаббатты жырлаудың орнына, қу нәпсінің құлы боп ойнасын аңсап отырған кісі қандай жиіркенішті!

Масқараның көкесі мына жақта екен. Қал-ағаның «Сөз де болдым-ау» деген әнін оқығанда талып қала жаздадық.  Алғашқы қайырма мынадай екен:

Сөз де болдым-ау,

Көз де болдым-ау,

Түніменен жүретін

Кезбе болдым-ау!

Ойнайтұғын көшеңнен

Қуып салып,          

Ауыл-елдің итіне

Жезде болдым-ау!(?)

Сонда бұ кісі...қызға барып жүр десек, итке жарып жүрген бе? Мұндай адамдарды зоофил демеуші ме еді?!

Үшінші қайырма мынадай екен:

Қорқып өттім-ау,

Тентіреттің-ау.

Еркімді алып қолымнан,

Кемпір еттің-ау.(?)

Айналдырдың-ау,

Сандалдырдың-ау,

Қаша қоймай менімен,

Ертіп өттің-ау!(?)

20-бетте итке жезде боп жүрген адам, қалайша 21-бетте кемпірге айналып кетеді? Жанына бара алмай сандалып жүрсе, қалайша ертіп өткен болады? Ұйқас үшін мағынаны бұлайша құрбан қылуға болмайды ғой!

Жас бие жолын таппай жүр,

Жеген ас бойға батпай жүр.

Көзділер оны көрмей жүр,

Мергендер оны атпай жүр.

Дегені оның болмай жүр,

Дорбасы оның толмай жүр.

Ұйқысы оның қанбай жүр,

Өрелі оты жанбай жүр.

Сыртынан қарап гүлдеймін(?),

Иесін оның тілдеймін.

Ұрынған кезде отқа кеп,

Неғыларымды білмеймін.

Сулығын бие шайнап тұр,

От болып көзі жайнап тұр.

Жараулы атты қазыққа,

Өлтірген екен байлап құр!

(Жіберіп оны жайлауға,

Айдап тұр,көке, айдап тұр!..)

Мұншама неге қасардың,

Қай суық тастан қашалдың?!

Оңбаған иттің баласы-ау,

Обалы бар ғой нашардың!

Шашыңның қара ағына,

Көңіліңнің қара дағына!

Байлаған жап-жас баланы,

Салып жіберейін бе жағыңа?!

Жібер сен оны жайлауға–

Өзінің жастық шағына!

Келе ме оның көнгісі,

Келеді өсіп-өнгісі.

Билік бермеген балаға,

Жаман екенсің сен кісі!, – автордың бұл еңбегін толық бердік. Әу баста ол бие туралы болған, кейін ...жергілікті диалектіде «нашар» деп әйел немесе қыз баланы айтады. Рухани азғындаған адам кез келген сөзін жыныстық қатынасқа апарып тірейтін көрінеді. Бұл енді Қалбай Әбдіраманның меншікті әдісі. Әйтпесе, дені дұрыс кісі бие мен әйелді  шендестірер ме еді?!

Екі қыз, бес ұлым бар,

Бір-екі жесірім бар.

Төрт әйел алса-дағы,

Қазаққа кешірім бар.

Мен осы ...анадаймын,

Қыздарды паралаймын.

Үйімнен қуылғанда,

Сендерге паналаймын. (59-бет)

Біріншіден, еліміздің заңында  бір әйелге үйленуге рұқсат бар. Төрт әйел алу – шариғаттың заңы. Екіншіден, өзінің қатынқұмар екенін айтып, жезөкшелерге барып паналағысы кеп жүрген адамды біздің қоғам әспеттемейді.

Өзі сүймес жанменен сүйіспеймін,

Жатсаң-дағы жалаңаш тиіспеймін.

Жабырқаған жүрегім жұбансын деп,

Мен тек қана шашыңнан иіскеймін.(64-бет)

Бұл жолдардың негізгі идеясы  Өмірзақ Қожамұратов, Мұқағали Мақатаев, Сейсен Мұхтарұлы деген ақындардан ұрланған.

Қарсы үйде балконнан қыз көрінді,

Жадыратты нұр-шуақ күз-көңілді.

Ілдірді көк аспанға жұлдыздарды,

Жіберді шығарып ол дүзге күнді.

Кейін ол саған қарап есінеді,

Есінесе сұлу қыз…шешінеді.

Өй, кетпе!

Кетпе қазір балконыңнан,

Сен кетсең бар үмітім кесіледі.(72-бет)

Жақсы өлең жазу үшін шешінгелі жатқан қызға қарау шарт емес. Сезім мен талант болса жеткілікті. Сосын мына жерде үміт үзіледі деу керек.

Қазақ поэзия аспанында Фариза атты жұлдыз бар. Өлеңсүйер ұрпақ  барда оның жарығы көмескіленбейді. Шексіз құс жолына назар салсақ, оған Мұқағали жұлдызы жақын тұрғанын көреміз.Ал, жалпы жазарман қауым үшін ол биікке шығу арман болып қала бермек.

Фариза жалын сөнбейді,

Тұлпарларыңды өңдейді.

Фариза-жырды,қазақтар,

Жазыстым десем сенбейді,(82-бет)–деп Қалбай Әбдіраман айды аспаннан бір-ақ шығарыпты. Айналайын-ау, оның артын сүртіп тастаған «черновойын» жазар қауқарың жоқ, мұндай өтірігіңе жол болсын!

Қайбірін айтам саған мен,

Айта алмай кетіп барам мен.

Отыз жыл бұрын аулақта ,

Қыз қуып едік ағаммен!(83-бет)

Мына сөзді есітіп үндемей қалу күнә шығар. Жазбаның соңындағы жолдардан байғанымыз бұл ойлар Мұқағали (Мұқағали бола алмасам, мен сені қалай жібітем?) жайында айтылып жатыр екен.

Қатарластарының естеліктерінен мұзбалақ ақын Мұқағалидің ішіңкіреп жүргенін оқығанбыз. Алайда, ол моралдік тұрғыдан алғанда таза адам болған. Сейфуллин, Саин көшелерінде жезөкшелер 90-жылдан соң пайда болды. Мұқаңды ондайға барды деу, әсіресе, бейтаныс бозбаламен, оның рухын қорлау деп түсінеміз. Асықпасақ, көзін көргендер ақиқатты айта жатар.

Қуырылған табада шұжықтаймын,

Тартып алар қабыңды бұзықтаймын.

Су бер маған,қарындас!

У бер маған,

Содан өзге нәрсеңе қызықпаймын.

Тамшы керек жаныма!

Тиыш керек!

Жирентеді жанымды түйіскен ет.

Білем сенің үйіңде нәрің барын,

Тауып келдім қосыңды иіскелеп.(106-бет)

Автор бөлмесінде оңаша отырып, көкейіндегісін білдіруде. Егер шынымен Үстіртте бір қызға жолығып, мына сөздерді айтқанда отыз екі тісі опырылып...аржағына кетер еді.

Негізі, бұл кісі де қасиетті нәрсенің өзі жоқ. Ешкімді құрметтемейді де.

Кекілбаев, Шаханов, Сүлейменов,

Сөйлеген жоқ ауызы клейленіп.

Шыққанымды биікке білмей қалдым,

Жаудың атқан оғынан үрейленіп.(174-бет)

Ойбай-ау, жоғарыда аталған үш кісіге қарап, қазақ өркениетінің деңгейі өлшенеді ғой! Олар Қалбайды мақтамағаны үшін жазықты емес. Әрбірі некен-саяқ дүниеге келетін үш ғұламаны қайдағы біреудің мазағына айналдыру – елдігімізге сын емес пе?!

Маңғыстау облысының әкімі Алик Айдарбаев пен оның редакциялық алқасының құрамы тұлғаның намысына тию заңмен қудаланатынын жақсы біледі емес пе? Өз өңірінің жазғышын ұлы ақындарға айдап салып, арандатумен айналысқаны қынжылтпай қоймайды. Сексуалды дүниелерден тұратын кітапты мемлекет есебінен шығарғаны үшін қалай жауап берер екен?

Түйін сөз

Ұры-қары да, жендет те кейде рас сөйлеп қойғанын байқамай қалады екен. Тергеушілер сол ілік арқылы болған жайтты анықтайды. Қағаздың да киесі бар. Онымен бетпе-бет қалғанда жазарман ішкі дүниесін ақтара салады. Осы әдісті Қалбай Әбдіраманда сынап көрелік. Оның жазғандарынан шындықтың сұлбасы көрінер ме екен?

1.Әуел бастан ақылым кенде менің,

Туылғаннан маймылмын мен дегенің.

Көргің келсе көзіме келіп қара,

Сенің мынау емес пе

Жөндегенің?!(«Қазақнама:Қазағыма хат», «Бабамұра-М», Ақтау, 2008,105-бет)

2. Мына өлеңнің атасы, анасы жоқ,

Басында саялайтын панасы жоқ.

Тыржалаңаш...бүрсиген бұта артында,

Ел алдына шығуға...

Шамасы жоқ!(Сол кітап, 143-бет)

3.Атыңды өлгенімше жаттап өлем,

Өлеңім өлең емес – шатпақ өлең…(Сол кітап,149-бет)

4.Өлең де өлең ақынға, тосың да өлең,

Жұбайлардың қосылған қосын көрем.

Туылғанда қазақ боп туылып ем,

Орыс болып мен бәлкім осында өлем.(Сол кітап,161-бет)

5.Иленіп…топыраққа араластым,

Мен бұдан қайта өнуге жарамаспын.

Соңында мен мынандай боқ болдым ғой,

Кеше мен тәттісі едім Ананастың!(Сол кітап, 182-бет)…

Демек, бұл кісі өзінің өлең өлкесінде адасып жүргенін біледі. Тек кейбіреулер оның шатпағын шедевр ретінде қабылдап, қолпаштағасын өзін ұстай алмай, қуып кеткенін байқамай қалады. Сондықтан, абай болғанымыз жөн. Әр нәрсені өз атымен атап үйренелік. Әсіре мақтау –құрдымға бастар жол.

Осы мақаланы жазу барысында аймаңдай ақын, азулы ақын аталып жүрген екі нән кісіге телефон арқылы хабарласып, Қалбай Әбдіраман шығармашылығы жайлы пікірін сұрадық. Екеуі бір-бірінен бейхабар жағдайда «Маңғыстаудың макулатурасы» деді. Келіспеске амал бар ма?!.

Мейрам Мұратұлы

Оставить комментарий

Связанные Статьи