Кәкен Қамзин. ЭКСГУМАЦИЯ

/uploads/thumbnail/20170708152608855_small.png

          Хосроу Шахан

          Иран жазушысы

                                                         ЭКСГУМАЦИЯ

                                                                 (әңгіме)

     Осыдан үш күн бұрын көлік апатынан қайғылы қазаға ұшыраған Жамал ағаның нәзіріне бара жатқанмын. Жолшыбай ойда-жоқта Жамал марқұм екеуміздің дос-жорамыз Садыққа жолыға кеттім. Ол тұрып:

-          Қайда тарттың? – десін.

-          Жамал ағаның үшіне асығып барам. Сен барушы ма ең?

-          Жоқ,  бара алмаспын.

-          Әкетіп бара жатқан  шаруаң  бара ма еді?

-          Жоға. Мен өле-өлгенше досымның да, білісімнің де  нәзіріне, не  жерлеуіне  бармақ

түгіл, ол хақында естіген құлағым керең болсын! – деп бұрқ ете түсті.

-          Апырмау, не боп қалды?

-          Не болушы еді. Бұдан  он-он   екі жылдай  бұрын  ғой деймін, менің Арменак деген

армян досым қайтыс болды. Сондай сүйкімді, аса иманжүзді, керемет ақпейіл жан еді – оның қазасы қабырғама қатты батты. Барлық мән-жайды ол көз жұмған соң, үш күннен кейін кезіге кеткен Арменактың жиені Жорждан естідім.

-          Бес күн бұрын; - деді ол, - біздің  Арменак  сорлы  әлдебір  мәзірханаға  бас сұғады,

ішеді-жейді, сонан иістенген шұжықтан уланады да...

-          Ең болмаса топырақ салуға неге шақырмадыңдар? – деп мен назаланайын кеп.

-          Расын    айтсам,   -   Жорж   қапалана   бас   шайқады,  -   біздің   өзіміз   де    жерлеу

рәсіміне қатыса алмадық. Өлген соң бейшараны дереу сөреліге жөнелтіпті. Ешқайсымыз іздеу салмағаннан кейін, тексіз біреу шығар деп көме салыпты. Қырысыққанда қымыран іриді, Арменакты мұсылман зиратына апарып қойыпты, сондықтан христиан ғұрыпына сай нәзірін, басқа да жол-жоралғысын жасай алмай отырмыз.

-          Ойбай-ау, марқұмның  мұсылман  яки  христиан   екенін  қалай ажырата алмаған? –

деп мен бажылдайын.

-          Біздер   –   христиандар   мен    сендер   –   мұсылмандар   арасында   жалғыз    ғана

айырмашылық бар, сендер балаларыңды сүндетке отырғызасыңдар, біз отырғызбаймыз. Бірақ кейінгі кезде осы операцияның жаңа америкалық әдісі шықты да, оның рауалығын медицинаның өзі мойындады, сонан соң біз де сүндетке отырғыза бастадық. Топырағың торқа болғыр Арменак сүндеттелген еді, сол себептен марқұмның мұсылман не христиан екенін дәрігер, әрине, айыра алмаған. Қалтасынан еш құжат табылмапты, тек суреті ғана бар екен, ақыр-аяғы сөреліге жеткен біз оны сол суретінен таныдық.

-          Енді не бітіргелі жүрсіңдер? – демеймін бе.

-          Арменактың мәйітін армян зиратына көшірейік деп едік, - Жорж қамыға тіл қатты.-

Бірақ онымыздан дәнеңе шықпайтын секілді, өйткені сіздердің шариғаттарыңыз машқарға аттанғандардың мекенін жаңғыртуды құптамайды. Эксгумация тек ажалдың себебі анықталмаған жағдайда ғана қази сарапшысының және прокурордың рұқсаты бойынша жасалады екен.

-          Иә, оңай-оспақ мәселе көрінбейді. Қамал алар амал керек.

-          Ең болмаса сен қол ұшын берсең етті!  –  Жорж  тебірене  төпеп   кетті. – Бәріміздің

батамыз сенің жолыңа садаға, марқұмның бала-шағасы да сені піріндей төбесіне көтерер еді. Ақылға сап көрші, өз діндестерінің ортасына жете алмай, қаншама жапа шегуде байғұсың! Оның шікәмшіл мінезі өзіңе де аян, Арменакпен бірталай жыл дос-жар болдың.

     Жорждың мына сөзінен кейін марқұм Арменак тірі кезіндегідей көз алдымда тұрып алды. Өткен-кеткен еске түсіп, көзіме ыстық жас үйірілді. Ол армян, өзім мұсылман болсам да арамыздан қыл өтпейтін тату едік. Орфи Ширазиді [1] марқұм жанындай жақсы көретін, Хафиз бен Һәямды жер-көкке сыйғызбай отыратын. Ол бұл пәнидегі әр пенде ілтипатқа лайық, бәріміздің арамзға жік салып жүрген ескі наным мен сүлдесін сүйреткен әдет-ғұрып қана, ақихатын айтсақ, адам мен адамның еш айырмашылығы жоқ дейтін.

     Оның ой-өрісінің кеңдігі, өз басының ибалығы мені әбден тәнті етті, біздің достығымыз күннен күнге нығая түсті.

     Қай-қайдағы еске түсіп, көңілім алай-дүлей болды, опат болған досымды бөтен зиратқа қалай болса, солай көме салғанын ойлағанда, төбе құйқам шымырлап кетті. Енді аруақтың бар баязы мен саясы өз мойныма артылғанын сездім. Ол менің шарапатымды тосып жатқандай болды. Оның: «Өзімді өзге діннің адамдарынан бөліп-жармағаным рас, бірақ менің туыстарым мен жақын-жұрағаттарым бұл араға келе алмайды ғой. Ана жақ маған жайлырақ болар еді...» - деген үні құлағыма келгендей.

     Бұл жалғанның баянсыз екенін қапалана қабылдадым да Жорждың қолын алып тұрып:

-          Енді қайғырдың не, қайғырмадың не, ерте ме, кеш пе – бәріміздің баратын жеріміз.

Арменак бейбақтың пешенесіне жазылғаны сол шығар! Онанша менің қолымнан не келеді – соны айт, - дедім.

-          Ләппай, егер бүгін бе, ертеңдер ме, әлде басқа күні ме сен маған ілесіп өлім-жітімді

тіркеу бөліміндегі дәрігерге барып, әлгі соңғы күні Арменакпен бірге болдым десең... Ал, біз сотқа арыз тапсырып, ажалдың себеп-салдарына күдігіміз бар дейміз, оған мына сенің қатысың бар ма деген дүдамал айтамыз. Марқұмның бұлайша аяқ астынан опат болуының сыр-сипатын анықтау үшін зксгумация талап етеміз деп жазамыз. Әрине, ішің біліп тұрған шығар, бұның бәрі Арменактың мәйітін мұсылман зиратынан армян зиратына көшірудің өзінше бір амалы ғой. Мұның барлығы тап-тұйнақтай болған соң, біз сенің ешқандай кінәң жоқ, бұл өлтірген жоқ, бұған біздің тағар еш айыбымыз жоқ дейміз. Іс жабылады, ал сені жан пенде  маңдайыңнан да шертпейді.

     Былай қарасаң, Жорждың жоспары күшенбей-ақ іске асатын сықылды, ал шынтуайтына келгенде, оның бәрі басқаша болып шықты.

-          Жарайды,   ертең   таңертең   іске   кірісейік,  -  дедім   ертеңге   шейін  Жорж  басқа

біреумен пәтуаласар, не болмаса басқа бір жөні табылар деген үмітпен ықылассыз уәде беріп.

     Сол түні таң атқанға дейін қол ұшыңды бере гөр деп бебеулеген Арменак марқұм түсімнен шықпай қойды. Үш-төрт қабат оянып, қайта кірпік айқастырсам болды – ана бейбақ көз алдымнан кетпей, маған телміріп қарайды да тұрады.

     Таңертең ертелетіп Жорж келді. Киім-кешегімді іле салып сотқа келіп, Жорждың арызын тапсырдық. Қуыну шағымында сол қасыретті түні Арменакпен бірге болдым деп куәландырып, қолымды қойған соң, тергеуші менен жауап алам деді.

-          Қай жерге барып еңдер? – деді ол.

-          Пәлен деген мәзірханаға. – дедім мен.

-          Нендей нәрсеге тапсырыс бердіңдер?

-          Пәлен тағам, түглен шарап.

-          Сағат нешеге шейін отырдыңдар?

-          Он бірге дейін.

-          Одан кейін қай көшеде қоштастыңдар?

-          Пәлен деген көшеде!

-          Одан кейін қайда бардың?

-          Үйге қайттым.

-          Арменак қайда кетті?

-          Білсем, бұйырмасын.

     Ол осындай-осындай бірсыпыра сұрақ қойды, тысқа шығып кетіп, қайта кірді, әлдекімдермен шүңкілдесті, сонан кейін барып эксгумация жасауға бұйрық берді.

     Сот сарапшысы Арменактың мәйітін тексеріп болғаннан кейін, оның пайымдауынша, сол қарғыс атқыр түні, мен Арменактың түбіне жетіп қана қоймай, оны хайуанша қорлап, азаптың көкесін көзіне көрсетіппін. Хаттамаға түсірілген тексеру нәтижесі мынадай еді:

     1) Өлтірілген адамның мойнында жұдырық таңбасынан аумайтын дақ бар;

     2) оң аяғында өткір құралдан түскен жара, ісіген-көгерген жерлері бар;

     3) кеудесінде металл затпен ұрғанда түсер дақ бар;

     4) ішегі жидіген, асқазанында удың қалдығы бар;

     5) сол аяғының бас башпайы жоқ... тағысын тағылар, тағысын тағылар.

     Тексеру хаттамасымен танысып шыққанда, менің төбе шашым тік тұрды, бірақ Жорж бұның бәрі Арменак бейбақтың мәйітін эксгумация жасау үшін істелген азын-аулақ харекет екенін тағы да құлағыма құйып, көңілімді орнына түсірді. Ақыр-соңында мәйітті армян зиратына жерлеуге рұқсат берді-ау. Көппен бірге топырақ салуға қатысайын деп Жорждың соңынан ере шығуға оқтала беріп едім,  мені оқыс кідіртіп қойды.

-          Сен қала тұр. Басқаларың боссыңдар.

-          Мен неге қалам?

-          Өзің көз сүзу шапағатына ие болған хаттаманы саған сүйсінсін деп көрсеттік пе?

-          Сонда сіздер, Құдайым сақтасын, Арменакты мен шынымен... анадай ғып?

-          Біз дәнеңе демейміз. Хаттап беріп, мойныңа алған өзің.

-          Алланың   атымен    ант  етейін,  -  деп   ойбай  салдым,  -  бұның   бәрі   Арменакты

мұсылман зиратынан армян зиратына көшіруге рұқсат алу үшін жасалған әрекет еді, оқиға болған түні мен марқұмды өңім түгіл, түсімде көрген емен!

-          Тергеушіге берген жауабынан тана кету айыпкердің әдеті емес пе. Ежелгі әләуләй!

-          Бұл сонда қалай болғаны? – деп  жағамды   ұстадым. – Бір апта бұрын мына өздерің

мәйітті тексергенде, сызат таппай, көмуге рұқсат бердіңдер. Енді аяқ астынан жік шықты ма?

-          Онда   шағым   түспеген   болатын,  сол    себептен    ажал   турасынан  келген деген

ұйғарымға келген ек. Енді мәселенің басқа қыры ашылып отыр.

-          Марқұмның бауыры Жорж сіздерге түсіндірсінші бәрін!

-          Оның  түсінігі  жазаны  жеңілдетуі кәдік, бірақ жасаған қылмысың үшін сен бәрібір

жауапқа тартыласың...

     Арменактың сүйегін алып барлығы шығып барады екен...

-          Әкете   көрмеңдер.   Ажалдың   анық-қанығына  жетіңдер,   дұрыстап   тексеріңдер!

Алланы, барша пайғамдарды аузыма алайын, сол түні Арменакты көрсем, көзім шықсын! Ғұмырымда тауық бауыздап көргем жоқ, сендер маған баскесердің кебін кигізіп отырсыңдар. – деп байбалам салдым.

-          Босқа әуре болма! – деді маған.

-          Құдай   үшін,  -  деп   зар    қақтым,  -  бала-шағамнан   сұраңдар,   олар   менің  қия

баспағанымды куәландырып береді, сүйтіп ақихаттың беті ашылады!

-          Кезі келгенде біз олардан, әлбетте, сұраймыз. Ал әзірше сен осында боласың!

-          Бұларың  не, қалай қалам, бастық  тақсыр? Шаруам  басымнан асады, қызметім бар.

Біреуге сәулем түссін деп осында келген өзіме де обал жоқ! Босатыңдар мені!

-          Бұл саған апаңның үйі емес! – деп ақырды.

     Қысқасын айтсам, мені алты ай тергеуде ұстады. Күнде жауап алады, қорқытады, алдап-арбайды. Қанша ант-су ішіп, Арменак екеуміз тонның іші бауындай едік, шығарда жанымыз ғана бөлек болатын, шалыс басқызып, кінәлі қылған қарғыс атқыр Орфи Ширази дегенімді құлақтарына ілмеді. Орфи Ширазиің кім, қайда тұрады? – деп жабысты.

     Күлесің де жылайсың! Ең масқарасы, ешкімге еш уәж айта алмайсың. Орфи Ширазиді мен қайдан тауып берейін оларға.

-          Ол өліп қалған!

-          Өлгені қалай?

-          Мен қайдан білейін?

-          Өз ажалынан өлді ме?

-          Тап солай!

-          Оны қайдан білесің?

-          Кітаптан оқығам.

-          Қай кітаптан?

-          «Ақындар ғұмырнамасынан»!

-          Қашан өлді?

-          Шамамен төрт жүз жыл бұрын!

-          Әй, пәленшеңді-түгеншеңді! – деп   алдияр   бастық  арс  ете  түсті. – Сотты  келеке

қылмақпысың? Өзің емес пе қылмыс жасауға Орфи Ширази себепкер болды деген, енді кеп төрт жүз жыл бұрын өрем қапты деп тантисың! Заңды тәлкек еткің келеді екен ғой?! Егер Орфи сыбайласыңды ұстап бермесең, мекен-тұрағын нұсқамасаң, екі адам үшін жауап бересің.

-          Құдайым-ай,  бастық   тақсыр,  құлақ  қойыңызшы! Мен  Орфиді  қайдан  табайын?

Оның сүйегі баяғыда қурап қалған. Орфи деген ақын болған, он алтыншы ғасырда өмір сүрген, үнді стилінде жазған. Оны менен гөрі әдебиет факультетінің профессорлары жақсы біледі.

-          Қылмысқа итермелеген Орфи деген өзің емес пе?

-          Солайы   солай   ғой,   бірақ   мен   басқа  мағынада  айтып  ем. Арменак  екеуміздің

табынар тарланбозымыз Орфи Ширазидің жырларын алға тартып ем. Егер олай болса, мен сот алдына Һәямды да, Хафизді де, Сағадиді де алып келуіме тура келер.

-          Жарайды, әкелсең әкел! Егер Орфидің тұрағын білмесең, ана үшеуін алға тарт!

-          Қай үшеуін?

-          Әлгі, ана өзің айтқан  Сағади, Хафиз, Һәямдарды...

     Ойдойт? Жасай бер, алдияр бастық! Түсіндірмек болып:

-          Менің  пәрменім  аруақтарға  жүрмейді. Оның  үстіне олар менің тілегіме құлақ аса

қояр ма екен, әмбе Сағади мен Хафизге бару үшін Ширазға [2], ал Һәямға жету үшін Нишапурға [3] аттану керектігін айтпай-ақ қояйын. – дедім.

-          Бұлар Теһраннан қашан көшіп кетіп еді?

-          Кім?

-          Әлгі, өзің аузыңнан тастамай отырған Хафиз, Сағади, Һәям.

     Осылайша алты ай сілкіледі.

     Сол екі ортада Арменактың туыстары мен жақындарынан тәптіщтеп жауап алғаннан кейін белгілі болғаны: мойнындағы тыртық бала кезінде басқыштан құлағаннан кейін қалыпты. Оң аяғын ажалынан екі күн бұрын қатты ішіп, түнде темір кереуетке жырғызып алыпты. Сол аяғының бас башпайы туғаннан жоқ екен. Ішегінің ылжырауы мен асқазанындағы у қомағайлығының, уланудың салдары болып шықты, ал кеудесіндегі жұдырық ізі – аурухана күзетшісімен болған төбелестің салдары. Сол кеште Арменактың жаны мұрнының ұшына келеді де ауруханаға тартады, сол жерде оның алдын қарауыл кес-кестейді, екеуі ұстаса кетеді...

     Шиыра айтсам, менің ақтығым анықталып, еш қастандық жасалмаған деген шешімге келді. Босатып қоя берді.

     Содан бері талай жыл өтті, Арменак марқұмның балалары ержетті, бірақ осы күнге дейін әкесінің өлімін менен көреді: «Егер сол түні мынау әкемізді тастап кетпегенде, тірі жүрер еді! Көкке ұшса, аяғынан тартып түсіреміз, жерге кірсе, шашынан сүйреп шығарамыз, әкеміздің кегін аламыз», - дейді.

     Досымның да, көзтанысымның да жерлеуіне, я нәзіріне бармайтынымды енді ұққан шығарсың?

-          Ұқпай не бопты! – дедім мен.

     Орыс тілінен аударған – Кәкен Қамзин, ф.ғ.д., әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры.

  1. Орфи Ширази (1551-1591) – парсы ақыны.
  2. Сағади мен Хафиздің кесенесі Ширазда.
  3. Һәям Нишапур қаласында жерленген.

Связанные Статьи