Қазіргі таңда қоғамымызда зайырлы мемлекеттің дінмен арақатынасын айқындау, «зайырлылық» туралы дұрыс түсінікті қалыптастыру өте өзекті мәселеге айналған. Себебі қоғамдық санада мемлекеттің зайырлылық қағидаттарын нығайту Қазақстан үшін нағыз азаматтық қоғам құрудың бірден бір жолы болып табылады. Осыған қатысты Елбасымыз Н.Назарбаев өзінің сөзінде: «Зайырлы мемлекет пен қоғам бұл – біздің тарихи таңдауымыз. Зайырлы атеистік дегенді білдірмейді. Зайырлы дегеніміз бұл – озық, толерантты, ашық қоғам. Біз дәстүрлі діндерге қолдау көрсетіп, кез келген экстремизм түрін үзілді-кесілді мойындамаймыз. Жастарды радикалды діни ағымдардан қорғауымыз қажеттігіне сенімдімін. Сондықтан, Қазақстанның діни қайраткерлері бұл жолда жұмыс атқарады деп ойлаймын» деген болатын.
Ең алдымен «зайырлылық» ұғымын алатын болсақ, ол атеизмді немесе дінді оқшаулау, әйтпесе дінді теріске шығару дегенді білдірмейді. Қайта ол діни таным мен құндылықтарды мойындай отырып, олардың қоғам мен мемлекет өміріндегі рөлі мен маңызын ескереді, әрі жеке адамның дүниетанымдық еркіндігі мен қоғамдағы ой-сана көптүрлілігін құптайды. Зайырлы мемлекет осы орайда конституциялық заңдардың шеңберінде мемлекеттік-конфессиялық және дінаралық қатынастардың құқықтық негіздерін қамтамасыз етеді.
Ата заңымыздың 1-бабының 1-тармағындағы нормада Қазақстан Республикасы өзін зайырлы, құқықтық мемлекет ретінде орнықтыратыны көрсетілген. Еліміздің зайырлылық сипаты ең алдымен барлық адамның ар-ождан және діни сенім бостандықтарын қамтамасыз ету, заң аясында олардың құқықтары мен қалауларын еркін жүзеге асыруға жол ашу секілді гуманистік құндылықтарға негізделген.
Қазақстанның зайырлылық қағидаттары қоғамда дінаралық мәмілегерлік пен діни төзімділіктің сақталуына, сондай-ақ қоғамда рухани-өнегелік ахуалды қалыптастыруға серпін беруде. Мемлекет пен дін арақатынасының беріктігі, ұлттық және діни-рухани құндылықтардың сабақтасуы, мемлекеттік және діни мүдделердің ұштасуы қазақ халықының баянды болашағын құруға негіз болады.
Тәуелсіздікті ту еткен кезден бері елімізде ұлттық, рухани-мәдени мұралардың жандануына, төл тарихымыздың жаңғыруына, әлеуметтік-экономикалық дамуымызға қатысты әр түрлі игі өзгерістер орын алды. Бұл өзгерістер аясында адамдардың ар-ождан және діни сенім бостандықтары заң жүзінде бекітіліп, қоғам өміріндегі діннің маңызы артты. Дәстүрлі діндердің белді өкілдері ағартушылық және танымдық насихат жұмыстарын бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жүргізуге қол жеткізді. Халық үлкен және кіші қажылық сапарларын емін-еркін орындайтын болды. Діни ахуалдың тұрақты дамуымен елдегі мешіт-медреселердің саны көбейді. Кейбір деректер бойынша қазір 2600-дан аса мешіт ел аумағында ресми қызмет етуде.
Сонымен қатар осы күнге дейін Қазақстан әлемнің жетекші елдерімен жан-жақты сенімді халықаралық қатынастарды нығайтып келеді. Бүгінде еліміз діндер мен өркениеттер үнқатысуын қамтамасыз ететін бірқатар маңызды халықаралық алаңдардың модераторы болып табылады. Халықтың арасында дінге өркениетті көзқарас қалыптасып, дін демократиялық қағидаттарды ұстанатын азаматтық қоғамның ажырамас бөлігіне айналды.
Елбасының бастамасымен жаһандық үнқатысуға байланысты жүзеге асырылған ауқымды іс-шаралар нәтижесінде, Қазақстан ислам, христиандық, иудаизм, буддизм және басқа да діни ілімдер өкілдерінің арасында сенімді байланыстар мен сындарлы қарым-қатынастарды орнықтыратын өркениетаралық конструктивті үнқатысу алаңына айналды. Оған ең алдымен Қазақстан төрінде 2003 жылдан бастап әр үш жыл сайын өткізілетін Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезінің жұмысы айғақ болмақ. Съезд – халықаралық деңгейдегі қуатты дінаралық институт ретінде діни қауымдастықтар арасындағы өзара түсіністік пен сыйластықтың орнауына жол ашты. Елбасы бастаған аса өзекті де, ауқымды бұл қадамға БҰҰ, ЮНЕСКО, ИСЕСКО, ЕҚЫҰ, ИЫҰ секілді басқа да бірқатар халықаралық ұйымдардың жетекшілері, танымал саяси және әлеуметтік қайраткерлер, белгілі сарапшылар бүгінде ерекше маңыздылық білдіріп отыр.
Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съездері Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында жаһандық үдеріске айналған көкейкесті әрі күрделі мәселелерді бірлесіп талқылау және олардың шешімін табу мақсатында өткізіліп келеді. Мұндағы, өз заманында ушыққан жағдайлар мен оқиғаларға сәйкес әр съездің өзіндік басымдылықтары, саяси міндеттері және көзделген мақсаттары айқындалады. Съездер барысында өзара төзімділік пен сенімге негізделген мәдениетаралық, дінаралық және мемлекетаралық қарым-қатынастарды құруға, сондай-ақ жалпыәлемдік қауіп-қатерлерді алдын алуға қажетті ұсынымдар жасалып, бекітілген мақсатты қадамдарды жүзеге асырудың жолдары қарастырылады.
Қазақстан көпконфессиялы қоғамда ұлтаралық және дінаралық келісімді сақтауды әрі осы келісімнің ықпалдылығы мен әлеуетін нығайтуды діндердің үнқатысуына серпін беру және қоғамдағы өзара діни тағаттылықты дамыту арқылы жүзеге асыруда. Бұл – Қазақстанның елдегі тұрақтылықты сақтауға бағытталған сыртқы және ішкі саясатының басты мақсаттарын құрап отыр. Бүгінде берілген мақсаттардың сапалы деңгейде жүзеге асырылуы сәтті орындалып жатқандығын атап өту керек. Еліміздің осы жолда қол жеткізген жетістіктерін Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың: «Біз этносаралық және дінаралық келісімді қамтамасыз етудің өзіндік жеке моделін құрдық. Біздің этносаралық және дінаралық келісімнің моделі – ол әр түрлі конфессиялардың өзара әрекеттесуінің бүкіл әлемдік үдерісіне Қазақстанның қосқан шынайы үлесі» деген толыққанды сипаттауларынан айқын көруге болады.
Зайырлылық қағидаттары мен құндылықтарына негізделген мемлекеттің дін саласындағы саясаты Елбасының «Егемен Қазақстан» газетінде жарық көрген «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласындағы стратегиялық маңызды мәселелерді іске асыруға үлкен мүмкіндіктер берері анық. Осыған орай, ең алдымен қоғамда зайырлылық қағидаттарын нығайту арқылы ғана біз мемлекеттік-конфессиялық және дінаралық қатынастарды тұрақты дамытып, жеке адамның да, тұтас бір қоғамның да қауіпсіздігін қамтамасыз ете алатынымызды мойындауымыз қажет.
Муслимов М.Ж, ҚР МСМ ДІК «Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау орталығы» РММ Діни бірлестіктерді зерттеу бөлімінің жетекші ғылыми қызметкері