Ақүрпеков: Менің Ұлттық құрамаға, Левитке, Қамшыбекке еш өкпем болған емес

/uploads/thumbnail/20170719224727940_small.jpg

Бүкіләлемдік бокс сериясындағы WSB жобасының биылғы жетінші маусымдағы кубалықтарға қарсы финалдық айқас аса тартысты өткені баршаға мәлім. Чемпиондық атақ пен кубокты алған "Астана Арландары" қазақ боксының биік деңгейін анық көрсетті. Жеңісті сәттің ыстығы басылды-ау деген сәтте Арландардың бас бапкері Нұрлан Ақүрпек мырзаны әңгімеге тартқан едік.

Бұл жолғы жекпе-жекте боксшыларымыз үмітті ақтады. Ал осынау айтулы доданың Қазақ жерінде ұйымдастырылуына себеп болып, сіздерге рухани, материалдық тұрғыда көмек берген азаматтарды айтып өетсеңіз.
Иә, жетінші маусымға нүкте қояр ауыр сынақ алдында бұл жекпе-жектің Қазақстанда өтуіне мұрындық болып, қолдау көрсеткен Қазақ боксының жанкүйері, үлкен жүректі азамат Тимұр Құлыбаевтың еңбегі айрықша. Олимпиада чемпиондары Бақтияр Артаев пен Серік Сапиевке де алғысымыз шексіз. Олар дайындық кездерінде арнайы келіп, жігіттерге жиналыс ашып, рух-жігер беріп отырды. Ал финалдық жекпе-жектің барлық шығындарына материалдық көмегін аямаған, іскерлігін көрсеткен Аманбек Қайратұлы мен Саят Әбілдин сияқты жігіттерге рахметтен өзге айтарымыз жоқ.

Жыл бойғы төккен тер ақталды, кубокты алдыңыздар, ал кейбір ақпарат құралдары «Арландардың» бас бапкері Нұрлан Ақүрпеков Ұлттық құрамаға, Василий Левит пен Қамшыбек Қоңқабаевқа ренжулі» деген сыңайда хабарлар тарады. Бұл сөздер шындыққа қаншалықты жақын?

Ол әңгімелер туралы менің айтарым мынау – көбінесе орыс тілді журналистердің қоятын сұрағы Василий Левит пен Қамшыбек Қоңқабаев төңірегінде. «Бұл жолғы шаршы алаңға Левит неге шықпай қалды, кубалықтан қорқып қалды ма? Қамшыбек неге керекті кезде шаршы алаңнан көрінбеді? Әлде, олардың майданға шықпауы Мырзағали Айтжановтың кеңесімен болар?», деген сияқты арандатуға бейім сұрақтарды өте көп қойылды. Мен ондай сұрақтарға жауап беруден үнемі бас тартып жүретінмін. Себебі, ол журналистер біздің ішкі жағдайымыздан мүлде бейхабар ғой. Шындығында Ұлттық құраманың бізге ешқашан, ешқандай қарсылығы болған емес. Керісінше олар бізге үнемі көмектесумен келеді. Алғашқы жаттығу кезімізде-ақ бәріміз ортақ келісіп, «мықты жігіттер алаңға шықсын, жеңіс туын бірге көтерейік, Ел бойынша өтіп жатқан ЭКСПО көрмесіне бір үлкен сыйлық жасасақ» деген ой болған. Үздіксіз дайындық барысында олардың жігіттері бізге спаринг серіктес болып, дайындықты солармен бірге жасадық. Сосын кез келген істе үнемі Мырзағали Құланұлымен ақылдасып отырамын. Ол біздің негізгі кеңесшіміз. Астанада болмаған кезінде мен өз жоспарымды оған уатсаппен жіберемін, сосын ол келіспейтін жерлерін айтып, ақыл-кеңесін береді. Сөйтіп, екеуара жап-жақсы жұмыс жасап жатырмыз. Біз жалпы Қазақстан боксының мүддесі үшін тер төгіп жүрген адамдармыз. Осы тұрғыдан келгенде «Олар бізге көмек бермеді, анау-мынау» деген қаңқу әңгіме ешқашан болған емес, болмайды да. Жалпы жанкүйерлер көрді, осынау финалда қаншама күш-жігер жұмсадық, қаншама еңбекпен жеңісті алып шықтық.

Ал Қамшыбек пен Левиттің шықпай қалуы ол бөлек әңгіме. Не болса да жеңіс бізге бұйырды ғой. Барша Қазақстан халқына, жанкүйерлерге қуаныш сыйладық. Жеңіс үстіндегі біздің қуанышымыз тіпті ерекше болды. Сондай бір мерейлі сәттегі айтқан сөздерімді кей журналистер басқаша жеткізуге тырысыпты. Әрине, Қамшыбек пен Левит шыққанда тіпті жақсы болар еді, психологиялық тұрғыдан салмақ түспей, менің де нерв жүйелерім орнында болар еді. Қаншама ұйқысыз таңдар атты? Бәрі өтіп кеткен соң қазір айту оңай ғой. «Бұл финалда, ауыр сын сағатта туымыз құлап, намысымыз табанға түсіп, жұрт алдында төмен қарап қалмасақ екен» деген уайым жанымызды жегідей жеді. Ал ол екі жігітіміз келмейтінін ертерек айтқанда жақсы болар еді, әрине. Олардың қатыспайтынын ерте білгенімде Антон Пинчук пен Олжас Бұқаевты психологиялық және физикалық тұрғыдан жақсылап дайындап алатын едім. Олжас Бұқаевтың өзі де: «Қамшыбек мықты ғой, қарсыласын қалайда жеңеді» деп айтып жүрді. Пинчук та сондай ойда болды, бір апта қалғанға дейін жарнамаларда Левиттың суреті тұрды. Оны көрген Пинчук те «майданға Левит шығады ғой, ол мықты жігіт, қалайда жеңіске жетеді» деп айтты. Оған мен «жоқ, Левит шықпайтын болды, сен шығасың» дедім. Қалған уақыт бір-ақ апта, спортты түсінетін адамдар оны жақсы біледі.

Мен өзім интернетке аз кіретін адаммын, пайдалы істермен шұғылданғанды жақсы көремін. Бір інілерім хабарласып, «аға, сіз Левитты қорқып, майданға шықпай қойды» деп айтыпсыз ғой, интернет шулап жатыр деді. Құдай-ау, Левит деген тұлға ғой ол, Рио олимпиадасында, өзге де ел намысы сынға түсер майдандарда еліміздің туын көтеріп жүрген азамат қой. Сондай батырды «қорқып қалды, бұғып қалды» деп айту ер жігітеке жараспайтын іс емес пе? Кеше ғана Олимпиадада оны «халқымыздың батыры» деп әспеттедік, енді келіп оны кубалық бір боксшыдан қорқып қалды деп айтты деу – менің аузымнан шығатын сөз емес қой...

Василий Левитті бәрімізден сіз жақсы білесіз. Басқа мақсаты болған шығар...

Ол өте еңбекқор жігіт, жаттығудан кейін де өзінің ұстанатын, міндет етіп қойған жеке жоспарлары бар, әрі қарай тағы дайындалады. Мен керісінше Левитті өсіп келе жатқан жас жеткіншектерге үлгі ретінде айтып жүремін. «Ол өте еңбекқор, сол еңбегінің арқасында осындай биік нәтижелерге жетіп жүр. Сендер де сол ағаларыңнан үлгі алыңдар» деп. Өзі үндемей түнеріп алады да жұмысы мен жаттығуын жасап жүре береді. Ертеңгі күні тың нәтижелерге жетуім үшін қарсыласымнан он есе артық дайындалуым керек деген үлкен мақсаты бар. Ал енді алдағы тамыз айында Әлем чемпионаты келе жатыр. Ұлттық құрамадағы ең тәжірибелі, ең мықты, бабы да сай келіп тұрған жігіттердің бірі осы Левит. Әлем чемпионатында ол алтын медаль алса деген тілегім бар. «Кубамен финалда жеңіске жетсек» деп мен оның жеке жоспары мен арман-мұратына балта шаба алмаймын ғой. Әркімнің өз өмірі, алға қойған үлкен жоспарлары бар.

Сол сияқты Мырзағали Құланұлына да еш өкпеміз жоқ. Мысалы, Левитті Мырзаекең «шықсаң да шығасың, шықпасаң да шығасың» деп күшпен рингке шығарды делік, оның бабы келгенімен бағы келіспей жеңіліс тауып қалса немесе ауыр жарақат алып қалса Левитке жасалған үлкен қиянат болмас па еді.

Ұлттық құраманың, Мырзағали Құланұлының да өз үміт-жоспарлары бар. Алда Левитті алтынға балап, сары майдай сақтап отыр. Сондықтан тағы қайталап айтамын, мен өз жігіттеріме сенемін. Левит болса осы біздің жобада жүріп өсті ғой, табиғаты, таланты басқаша жігіт. Оны «қорқып қалды» деп айтты деген тілшілерге менің ренішім бар.

Финалдық айқаста бізге жеңіліс қаупі төнген кезде Қамшыбек Қоңқабаев жайында не ойладыңыз?

Қамшыбек Қоңқабаев болса, көз алдымызда өсіп келе жатқан жігіт. Бабы да, физикалық қуаты да, жігері де мығым азамат. Финалға санаулы күндер қалғанда анасы қатты сырқаттанып, Қызылордаға кетіп қалғанын бәріңіз білесіздер. Адам баласы үшін қашанда ананың орны бөлек. Сол үшін оған өкпе арту артық болар еді. Болашағы әлі алда, бағындырар асуы көп әлі. Сол бір сын сағаттарда оның салмағында баптаған батырымыз Олжас Бұқаев өз міндетін тамаша орындады, жанкүйерлеріне естен кетпес жеңіс сыйлады. Қысқасы, Қамшыбекке деген ешқандай өкпе-реніш біздің тараптан болған емес.

Финалдық шайқастың сұрапыл болғанын, жігіттерге оңайға соқпағанын бәріміз көрдік...

Иә, бұл финалдағы жеңісіміз бізге де екі есе күш берді. Өздеріңіз көрдіңіздер, залға жиналған халық та, теледидардан көз алмай тамашалаған жұрт та кереметтей рухтанып қалды. Қуаныштан көздеріне жас алып бара жатқан адамдарды да көріп қалдым. Үлкен ақсақалдар келіп қолымды алып, батасын беріп жатты. Бокс ардагерлері, қазақ боксінің жанкүйерлері Мүсілім ағамыз, Мәдихан ағамыз, Серік Әбденәлі, Қайрат Шотпақов ағаларымыз арнайы құттықтады. Олар үнемі үлкен додаларда батасын беріп, жеңіс тілейтін ақсақалдарымыз, біздің сыншымыз, ақылшымыз және қазақ боксында жүрген барша азаматтардың татулық бірлігін тілейтін, біз аса құрметтейтін ірі тұлғаларымыз ғой. «Жеңіс қолдан кетті-ау деген кезде суырып алдыңыздар» деп рахметтерін айтты.

Сосын алдыңғы күні «Хабар» арнасынан бұл финалдық айқастың қайталануын тағы бір көріп шықтым. Жігіттерім қай жерде дұрыс соққы жасады, қай жерде қателесті, соны зерттедім. Мен жаттығу барысында үнемі айтамын, «кубалық мықтыларды жеңу үшін алдымен олардың тактикасын сындыра білу керек, ал аңдысқандарың жеңіліп қалуларың мүмкін» деп. Сол айтқандарымды тыңдап, санасына сіңіргендер жеңді, қоян қолтық ұрысқа барып, батыл шабуылға өткен жігіттер нәтижелі болды. Ал айламды асырып кетемін деп аңдысқандарға бәрібір төрешілер жеңіс бермейді. Өйткені кубалықтардың қимыл-әрекетінде төрешілерді баурап алатын публикаға жақын, билеп жүріп назарын тартатын қулықтары бар. Олар сол әдемі қимылымен-ақ жеңісті алып кетеді. Сол әдемі әрекетін шығарып үлгіртпей сындырыңдар деп қайрадым.

Әйтеуір, биылғы маусымның кубогы Қазақ Еліне бұйырды. Жыл бойы төккен тер ақталды деп ойлаймын. Алла қаласа алдағы кездесулерде де барша жұртты қуантып, ел рухын, намысын көтеріп, алдағы уақытта жаңа есімдерді, жаңа чемпиондарды шығарып Қазақстан боксын биік белестерге шығара береміз деп үміттенемін. 

Әңгімеңізге көп рахмет, аға! Алда асар асуларыңызда тек жеңіс нәсіп болғай!

Әңгімелескен Ұларбек Дәлейұлы

Связанные Статьи