АҚШ-тың Техас штатын «Харви» дауылы жақындап, көптеген үйлерді қиратып, 60 адамды өмірінен айырғаны хабарланған болатын. АҚШ-тың оңтүстігіндегі штаттарда алапат дауыл салдарынан құтқару-іздестіру жұммыстары қарқынды жүргізіліп жатқаны да айтылды.
«Харви» дауылы ойран салғанына бірнеше күн өткеннен кейін АҚШ-қа сағатына 200 шақырым жылдамдықпен тағы бір дауыл жақындап келеді, деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі шетелдік БАҚ мәліметіне сүйеніп. Дауылдың аты – «Ирма».
АҚШ-тың Ұлттық дауыл орталығы аталмыш дауылға 5 баллдық шкаланың төртінші дәрежесіне жеткенін хабарлап отыр.
Оы тұста айта кетсек, «Харви» дауылы да басталар тұста дәл осындай көрсеткішті көрсеткен болатын.
Техас штатының губернаторы Грег Эбботтың мәлімдеуінше, су тасқынымен күреске 180 млрд. доллар қажет болады. Ал көшелерді қоқыстар мен қирандылардан тазарту үшін 100 млн. доллар жұмсалмақ.
Бір дауылдың екпіні басылмай тұрған тұста алпауыт елге тағы бір дауыл жақындады. 5 қыркүйек күні Кариб аралдары маңында, нақтылай айтсақ Пуэрто-Рико аймағында толассыз жаңбыр жауады деп күтіліп отыр. Әзірге метеорологтар дауылдың бағытын нақты айта алмай отыр. Жоба бойынша 9 қыркүйек күні дауыл Флориданың оңтүстігіне дейін жетеді. «Аузы күйген үрлеп ішеді» демекші дауылдың зардабын тартқан ел Флорида штаты мен Пуэрто-Рико аймағында төтенше жағдай туралы хабар таратып үлгерген.