Би-би-си түрлі себептермен қыздары мен немерелері Ирак пен Сирияға барған әйелдермен сөйлесті. Кездесу Шешенстанның Мәскеудегі өкілдігінде өтті деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі.
Тамум Шабанова: Мен Шабанова Тамум Дашдемировнамын. Төрт жыл бұрын қызым тұрмысқа шықты. Олар «Түркияға демалуға барамыз. Онда туыстарымыз бар» деді. Менің қарсылығыма қарамастан қызым мен күйеу балам Түркияға кетті. Одан кейін 2 ай хабарсыз кетті. Мен қобалжи бастадым. Бір уақытта қызым хабарласты. «Ана, мен бір пәтердемін. Мұнда әйелдер көп. Біздің телефондарымызды тартып алды. Күйеуім жоғалып кетті. Оның қайда екенін білмеймін» деді. Мен қайда барып, не істеу керектігін білмедім. Қатты қорықтым.
Бір аптадан кейін қызым бір әйелден телефон алып, жасырын номермен хабарласты. «Анашым, уайымдама. Барлығы жақсы. Күйеуім қайтып келді» деді. Одан кейін қайта хабарсыз кетті. Кейін белгілі болғандай, олар Мосулда болған екен. Соңғы рет олар 25 мамырда хабарласты. Сол уақытта қызым сары аурумен ауырғанын айтқан. Оны үй жағдайында емдеген. Өздері қорада тұрған. Соңғы рет хабарласқанда менімен қоштасқандай сөйлесті. Екі айдан кейін, 8 шілдеде күйеу бала хабарласып, барлығы жақсы екенін айтты. Бұл олардың соңғы қоңырауы еді.
Зара Успанова: Менің аты-жөнім Зара Успанова. Тұрмыстағы қызым бар. Олар әкесімен тұрып жатқан. Қызымның әкесімен ажырасқандықтан бөлек тұратынбыз. Бір күні қызым тұрмысқа шыққанын айтты. Маған қызымның телефон номерін берді. Хабарласқанымда екі минут қана сөйлесе алдық. Ол жылай бастады. «Анашым, мен білмедім. Мен ештеңе білмедім. Өтінемін көмектесші» деді. Болды. Мен қайта хабарласып, «қызыммен сөйлестіріңдерші» дегенімде. Тұтқаны алған орыс тілді әйел «енді ол сіздің қызыңыз емес. Егер шу көтеретін болсаңыз мүлде қызыңызбен тілдестірмеймін» деп жауап берді. Мен тынышталып, қызыммен ұзақ сөйлеспейтінімді айтып, байланыстыруды өтіндім. Бірақ қызыма телефонды бермеді. Екі, үш сағат өткеннен кейін өздері хабарласты. Мен бірден телефонды көтеріп «Макка, Макка бұл сен бе?» деп едім, «енді оның аты Айша!» деді. Одан кейін қызыммен сөйлестім. «Мен де барлығы жақсы. Уайымдама» деп күлді. Сөйлескен өзімнің қызым еді. Бірақ ол өзін мүлде басқаша ұстады. Бес минут сөйлестік. Одан кейін жаңағы әйел телефонды қайта алып, «қызыңыздың жағдайы жақсы екенін естідіңіз ғой. Онда барлығы жақсы. Енді хабарласпаңыз. Қажет болса өзіміз телефон шаламыз» деді. Бұл оқиға 2014 жылы 11 қыркүйекте болды.
Екі жарым айдан кейін скайп арқылы сөйлестік. Оның жүзінен, даусынан біреуден қорқып тұрғанын байқадым. «Анашым, барлығы дұрыс. Кешірші. Мен не болып жатқанын білмедім. Мен ештеңе білмедім. Мен жай ғана тұрмысқа шықтым» деп айтып жатқаны сол еді, бөлмеге әйел кіріп келді. Сол уақытта қызым бірден дауыс ырғағын өзгертіп, «Анашым, мен саған айттым ғой хабарласпа деп» деді.
29 тамызда олар Мосулға барды. Одан кейін Талль-Афарға кеткен. Соңғы рет 29 тамызда сөйлестік. Осы уақыт аралығында қызым балалы болды. Оның жасы 2-де. Жарты жыл бұрын сөйлескенімде қызым оның ауырып жүргенін айтқан. Содан бері хабарсыз.
Патимат Саламова: Менің есімім Патимат. Осындағы әйелдердің барлығының мәселесі бір. Сондықтан қызымның оқиғасын қысқа ғана айтып өтейін.
Менің қызым тұрмыста. Сирияға бірінші күйеу балам кетті. Артынан қызым барды. Бір баламен қайтып келіп, жиеніммен қайта Сирияға кетті. Мен оларды іздеп Сирияға бардым. Бірақ оларды алып келе алмадым. Күйеуі оны Мосулға алып кетіпті. Одан кейін тағы екі баласы дүниеге келді.
Қызым сәуірде өзге біреудің телефонымен байланысқа шықты. Ол күйеуі қайтыс болғанын және үш баласымен жалғыз қалғанын айтты. Қолынан келсе үйге оралатынын жеткізді.
Осыдан кейін онымен байланыса алмадым. Маған 4 түрлі адамнан қызым туралы 4 түрлі хабар келіп түсті. Төртеуі де сұмдық. Дереккөздің бірінің айтуынша, қызым Иракта құлдықта. Ол жерге қалай баруы мүмкін екенін білмеймін. Енді бірі 24 әйелді газбен тұншықтырғанын, оның ішінде менің де қызым бар екенін айтады.