6 қазанда танымал режиссер Еркін Рақышевтің «Көкжалдар» фильмінің тұсаукесері өтті, деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігінің тілшісі.
Фильмнің тұсаукесеріне қоғам қайраткері, профессор, мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың билік басына қалай жеткендігі баяндалған «Ақиқат пен аңыз» кітабының авторы Серікболсын Әбділдин, атақты ғалым Оразалы Сәбден, сценарий авторы Рамазан Құрманбаев және қоғам қайраткерлері мен еліміздің белді актерлері қатысты.
Фильм туралы пікір білдірген Серікболсын Әбділдин қанмен біткен жігерлі күшті жастарға фильм арқылы көрсете білген Еркін Рақышевтің командасына ризашылығын білдірді. «Фильм басталғаннан аяқталған уақытына дейін толқып отырдым. Себебі, фильмдегі көріністер адамның жанын, жүрегін қозғай білді. Менің бір түйгенім, біз рухани жаңғыру деп жүрміз, негізінде, «рухты жоғалтпау керек» деген ұран болғаны дұрыс. Біздің қанымыз да, әдет-ғұрпымыз да кең даламызға сай өніп өскен ұлтпыз. Қазақ – досына адал, қасына қатал. Сол мінез-құлықты жаңғыртудың қажеті жоқ, оны сақтауымыз керек, көбейтуіміз керек, қанмен біткен жігерлі күшті жастарға сыйлауымыз керек», - дей келе ел азаматы режиссер Еркін Рақышевтің әрі қарай жастарды тәрбиелейтін талай туындыны дүниеге әкелетініне сенім білдірді.
«Көкжалдар» фильмінің мақсаты – қасқырдың текті мінезін негізге ала отырып, ұлтымыздың бойында жоғалып бара жатқан асыл қасиеттер мен адами құндылықтарды ұрпақтың санасына сіңіріп, намысын оятып, рухын көтеру.
Осы орайда режиссер Еркін Рақышев бүгінгі жастардың ұлттық рухты жоғалтып алғанын және аталмыш фильм арқылы жоғалтып алған рухымызды қайтаруды мақсат еткенін айтты. «Бүгінде халқымыз көк бөрінің ұрпағы екенін ұмытып, қасқыр мінездіден қой мінездіге айналған заманда бізге рух, намыс жетіспейді. Сондықтан осындай кинолар арқылы ұлттық рухты көтеруіміз қажет. Әр жас көкірегін керіп «Мен қазақпын!» деп айтқа алатындай өзге ұлттардың қызғанышын тудыратын жаңа ұлт қалыптастыруымыз керек. Осының бәрін «Көкжалдар» фильмінен бастаймыз», – деп қорытындылады сөзін Еркін Рақышев.
Айта кетейік, фильм Оңтүстік Қазақстан облысы Түлкібас ауданында, «Ақсу-Жабағалы» қорығында түсірілген. Өз кезегінде ғалым Оразалы Сәбден табиғат, жан-жануарлар, адамдар – осы үш үлкен құбылыстың үйлесімін таба білген режиссерге зор табыс тілеп, «Көкжалдар» фильмінің болашағына сенім білдірді.
Фильмді жақын арада еліміздің кинотеатрларынан тамашалай аласыздар!
Оставить комментарий