Қытаймен сауда қатынасын ілгерілету туралы келісімге қол қойылды

/uploads/thumbnail/20180518111906190_small.jpg

2018 жылғы 17 мамырда Астана қаласында Астана экономикалық форумы алаңында бір тараптан Еуразиялық экономикалық одақ пен оған мүше мемлекеттер және екінші тараптан Қытай Халық Республикасы арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды, деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі. Ол екі ел арасындағы ынтымақтастықты дамытудағы қуатты драйверге айналуы тиіс.  

Қазақстан Республикасының атынан Келісімге Қазақстан Республикасының Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Асқар Мамин қол қойды.

Келісімді бекіту туралы келіссөздер екі жыл бойы жүргізілді.

Келісім ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер мен Қытайдың арасындағы өзара сауданы жақсарту шарттарын құруға бағытталған, алайда ол бажды алып тастауды немесе бейтарифтік бөгеттерді автоматты түрде төмендетуді қарастырмайды.

Бұл шарт ішкі нарықты қорғау шаралары, саудадағы техникалық бөгеттер, санитарлық және фитосанитарлық шаралар, кедендік ынтымақтастық, зияткерлік меншік, бәсекелестік, мемлекеттік сатып алулар саласындағы ынтымақтастық, салалық ынтымақтастық, электрондық сауда тәрізді көптеген саудалық реттеу мен ынтымақтастық саласын қамтиды.

Келісімге сәйкес тараптар ДСҰ деңгейінде өзара тауар саудасындағы сауда режимін сақтау кепілдігі мен құқықтарын бекітті.

Сондай-ақ, Келісім арқылы ашықтық тетігі көзделген, ол құқықтық реттеу жүйесінің айқындығын, жалпы қолданыстағы шаралар және әкімшілік актілерді қабылдау үдерістерін, мемлекеттік органдардың қызмет үдерістерін қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, бұл ашықтық тетігі тараптардың субсидиялар мен сауда шаралары туралы хабарландыруларды, сауда саласындағы ішкі реттеу туралы ақпараттарды алмасуына мүмкіндік береді.  

Электрондық сауда саласындағы қол жеткізілген уағдаластықтардың да маңызы зор болып табылады. Келісім тұтынушылардың құқықтары мен мүдделерін және олардың жеке мәліметтерін  қорғау деңгейін арттырады және инновация саласындағы қағазсыз сауданы дамытудың негізін қамтамасыз етеді.

Жалпы, келісім ҚХР-мен анағұрлым тығыз сауда-экономикалық әріптестікке қарай ілгерілемелі қозғалыстың негізі болуы тиіс. Сонымен қатар, ақпарат алмасуды дамытудың, бөгеттерді анықтау мен Қытаймен өзара сауданы ілгерілетудің құралына айналып, қосымша ықтимал ынтымақтастық саласын іздестіруге ықпал ететін болады. 

Оставить комментарий

Связанные Статьи