Қазақ өлісін неге сонша қадірлейді екен деген сұрақ жиі ойлантады. Артынан Құран бағыштаймыз, жетісін, қырқын, жылын береміз. Қабіріне күмбез орнатып, олай-бұлай өткенде дұға оқымай кетпейміз. Бұл өзі жақсы қасиет пе, жаман ба, білмеймін. Бірақ қазақтың бұл әрекеті мені де айналмай өтпепті. Көп қабірдің жанынан дінді білмеген тұсымда да бет сипай өткен екем. Ал қазір тіпті, сонау жерде қазақтың бір тұлғасының сүйегі жатыр десе барып, көргім кеп тұрады. Өйткені маған бұл мазарлар тарихтың сырын шертеді. Баяғыда қазақ осынау байтақ жерді қабірлердің арқасында сақтап қалған деседі. Яғни осындай қабірлер сен ол жерден көшіп кетсең де, кезіндегі өз жерің екенінің айғағы.
Шығыс Қазақстанда да ұлтымыздың өткенінен хабар беретін тарихи ескерткіштер көп екен. Соның бірі осы Ырғызбай әулие мазары. Кезінде Құнанбайды емдеп жазған адам болған көрінеді.
Ал келесі бір суретте Зайсан ауданының Алтын адам табылған Шілікті аймағы. Арнайы барып көрдік. Жергілікті өлкетанушылардың әңгімелерін тыңдадық. Мұнда әлі де ашылмаған қабірлер көп екен. Әлі де талай алтын адам табылуы мүмкін екен. Бұл тұс болашақта ашық аспан астындағы музейге айналдырылады деседі. Керемет енді! Асты да, үсті де байлыққа толы Қазақ даласы! Сені жанымдай жақсы көремін!
Марфуға Шапиян