Қазақстанда қазіргі кезде туризм саласы қарыштап дамып келеді десек, ол нақты шындық. Өйткені Президент тапсырмасына орай жүзеге асып жатқан жұмыстар жетерлік. Жалпы елімізде туризмнің жүйелі дамуға бет алғанының белгілі бір себептері бар. Өйткені туризм табыс көзін түсіретін белгілі бір сала. Мұны енді қолға алынған тың бағдар десе де болады. «Бұрын қолға алынудан жырақ жатты» деп айтудан аулақпыз. Жалпы, еліміздің территориясы өте үлкен. Сондықтан елдің бір шетінен екінші бір шетіне қыдырып келу шетелдіктер үшін өте қымбатқа түседі. Сондықтан Елбасы тапсырмасына орай, әр аймақ пен әр бағдар бойынша мемлекеттік бағдарлама қабылданды. Аталған құжат әр бағыт бойынша туризмнің дамуына болашақта ықпал ететіні анық.
Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын жақсарту» атты халыққа арнаған Жолдауында «Бай табиғатымыз бен мәдени әлеуетімізді пайдалану үшін сырттан келетін және ішкі туризмді дамытуға ерекше көңіл бөлу қажет. Үкімет қысқа мерзімде салалық мемлекеттік бағдарлама қабылдауға тиіс» деп атап көрсетті.
Расында салалық, бағдарлық құжат болмай, аталған сала дамымайтыны анық. Бұл орайда үкіметте арнаулы бағдарлама бар. Осы орайда тиісті министрліктер тиянақты жұмыс істеуде. Жалпы статистикаға назар аударар болсақ, туризм саласы қазіргі кезеңде мұнай шикізаты, мұнай өнімдері және автокөлікті сатудан түсетін пайдадан кейін үшінші орында тұрғанын ұмытпауға тиіспіз.
Төрткүл дүниедегі елдердің барған сайын туризмді дамытуға құлшыныс танытып отырғанын мына бір деректер айқындап тұрғандай. 2026 жылға қарай іскерлік туризм әлемде жетекші мәнге ие болып, оның жаһандық нарығы 1,658 триллион долларға бағаланбақ. Демек жыл сайынғы өсім шамамен алғанда 3,7 пайызы құрайды. Мұның барлығы табыстың жоғары және оның пайдасы көп деген сөз.
Сондықтан да біздің еліміз туризмді барынша дамытуға көңіл бөліп отыр. Еуразия құрлығының кіндік ортасында орналасқан Қазақстан үшін туризм саласы қолайлы әрі ыңғайлы болып отырғаны сөзсіз. Мұның бірнеше себептері бар. Атап айтқанда:
- Қазақстанның шығысында бір жарым миллиардтан астам халқы бар Қытай елі тұр. Қытайлықтармен экономикалық-интеграциялық байланыс барған сайын тығыз дамып келеді. Қытай туристері үшін Қазақстан Республикасы тың ел, бұрын-соңды көрмеген мемлекет. Сондықтан қарышты дамыған Қазақстанға қытайлықтар алдағы уақытта іс-сапармен және көбірек қыдырыстап келеді. Еліміздің көрікті жерлерін көру үшін, табиғатын тамашалау үшін, таза ауасымен еркін тыныстау үшін. Ал көрсе, көз тоймайтын керемет жерлер Қазақстанға өте көп.
- Қазақстан батыс аумағында, солтүстік-батыста және солтүстігінде территориясы жағынан әлемдегі ірі мемлекеттердің бірі Ресеймен шекаралас қоныстанған. Нақты айтар болсақ, біздің еліміздің Ресеймен шектесетін ааумағы шамамен 7591 шақырымға созылып жатыр. Бұл біздің республика үшін туризм саласын дамытуға аса пайдалы. Жыл өткен сайын Ресейден Қазақстанға ағылатын туристердің санының артуына қуануға болады. Негізінен ресейліктер Каспий маңы аймағына, Алакөл, Кенді Алтай өңіріне, Астана мен Алматыға көбірек келеді екен.
- Сондай-ақ Қазақстан оңтүстікте Түрікменстанмен-426 шақырым, Өзбекстанмен-2354 шақырым, Қырғызстанмен-1241 шақырымды бойлай шекаралық жағынан орналасуы да елімізге келетін туристердің санын арттырып отыр.
- Туризм – мәңгі табыс беретін сала. Мысалы, жер астындағы мұнай мен газ, тағы басқа қазба байлықтары түбінде таусылатыны анық. Ал туризм саласы барған сайын жаңғырады әрі табыс көзіне айналады.
Жалпы халыққа арнаған Жолдауында болсын, қай мінберде сөйлеген сөзінде болсын, Елбасы туризм саласын дамытуға ұдайы назар аударып келеді. Үстіміздегі жылы Астанада Парламенттің кезекті сессиясының ашылу салтанатында сөйлеген сөзінде де Елбасы туризм саласын дамыту қажеттілігіне тағы бір рет тоқталды. Ал бұл саланың неге өзекті екендігін біз жоғарыда атап айттық. Сондықтан да Президент биылғы 5 қазанда халыққа арнаған Жолдауында туризм саласына дамытуға тағы да бір оралып өтті.
–Туризмді дамытудың 2023 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасын әзірлеу үкіметке тапсырылды. Ол қаржылай және қажетті заңнамалық базамен негізделуі тиіс, оны биылғы жылдың соңына дейін қарастыру қажет, - деп атап өтті Нұрсұлтан Назарбаев.
Президент тапсырмасына орай Қазақстанның туристік картасы жасалынды. Мұнда қай бағдар бойынша туристердің басым бөлігі баратын жерлер де нақтыланды. Қазірдің өзінде елімізге іштен және сырттан келетін туристерге арналған 100-ден астам белгілі туристік нысандар белгіленді. Онда ең маңызды туристік нысандар да бөліп, нақты көрсетілген. Демек еліміз туризмді дамыту саласына айрықша көңіл бөлуде. Оның бір айғағы ретінде Қазақстанға ең көп келетін айрықша 10 нысан белгіленіп, нақты көрсетілді. Ол қандай аймақтар? Енді сырттан ағылатын туристер мен еліміздің азаматтары баратын 10 ТОП туристік бағытты түсіндіре кетсек. Сонымен...
- Алакөл көлі – әлеуеті бір жылда 2 500 000 турист.
- Алматы өңірінің тау кластері– әлеуеті бір жылда 2 500 000 турист
- Щучинск-Бурабай курорттық аймағы – әлеуеті бір жылда 2 000 000 турист.
- Баянауыл курорттық аймағы – әлеуеті бір жылда 450 000 турист
- Имантау-Шалқар курорттық аймағы – әлеуеті бір жылда 400 000 турист
- Балқаш көлі – әлеуеті бір жылда 400 000 турист
- Шарын каньоны – әлеуеті бір жылда 1 000 000 турист
- Түркістанның тарихи-мәдени туризмін дамыту – әлеуеті бір жылда 1 500 000 турист
- Маңғыстаудың жағажай туризмін дамыту - әлеуеті бір жылда 750 000 турист.
- Астана қаласы . МІСЕ туризмін дамыту – әлеуеті бір жылда 1 000000 турист.
Әрине, бұл аймақтарға баратын жолдарды сапалы ету салу да басты назарда болуы тиіс. Бұл орайда соңғы нәтижелерге көз салар болсақ, көрсеткіштер көңіл тоятынын аңғарамыз. Қазақстан қазір бұрынғы кедір-бұдыр жолдардан арылды. Тақтайдай тегіс жолдар бүгінгі күні халықаралық транзиттік дәлізге айналды. Қазақстанмен шекаралас аймақтағы мемлекеттерден елімізге автокөлікпен турист ретінде қыдырыстап келушілердің де саны артты. Олар ең алдымен еліміздің батысынан шығысына тартылып жатқан (Батыс Еуропа-Батыс Қытай жолы) жолдың сапалылығына назар аударады. 2787 шақырымды құрайтын, еліміздің бес облысын басып өтетін бұл халықаралық дәліз Қазақстанға мол пайда береді. Жол бойындағы сервистік қызметтер де сапалы, туристер үшін өте қолайлы болып отыр.
Расында да көрсеткіштерге көз жүгіртсек, соңғы бес жылда республикалық маңызы бар 34,2 мың шақырым автокөлік жолдары, оның ішінде «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында 1,3 мың шақырым жол салынған екен. Теміржолдың ұзындығы да 1 854 шақырымға ұзарған. Елімізде осы уақытқа дейін жұмыс істеп тұрған 18 әуежайдың 15-і қайтадан жөнделген. Сондай-ақ 11 жолаушылар терминалы салынған. Бұдан шығатын қорытынды не? Елімізге келген туристердің көзі ең алдымен кірер қақпа-әуежайға түседі, сосын жолдардың сапалы салынуына назар аударады. Сервистік қызметке қарайды. Ал бұл орайда Қазақстанның негізгі халықаралық жолдары сапалы салынғанын айта кетуге тиіспіз. Бұл ең алдымен туристер үшін ыңғайлы.
Жалпы саяхат пен туризм саласында Қазақстанның бәсекеге қабілеттілігінің қаншалықты қарымды екеніне назар аударар болсақ, жағымды нәтижелер баршылық. Рейтингіміз жыл өткен сайын жоғарылап келеді. Бір ғана мысал, Қазақстан бәсекеге қабілеттілік индексі бойынша 2011 жылы 139 мемлекеттің ішінде 93 позицияда тұрса, бұл көрсеткіш 2017 жылы 81 орынға алға жылжыды. Демек, туризм саласында бәсекелестігіміз нығайып, дамып келеді.
Өйткені Президент атап көрсеткен 2023 жылға дейін Қазақстанның туристік саласын дамытудың тұжырымдамасы бағдарлы, нәтижелі жұмыс істеуге мүмкіндік беріп отыр. Оның үстіне Президенттің ұлы дала тарихының бағдары іспеттес болған «Рухани жаңғыру» мақаласы аясында Қазақстанның киелі жерлерінің картасы жасалынды, Оның тарихи жалғасы ретінде Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы жарық көрді. Президент бұл мақаласында да туризмді дамыту мәселесін көтерді. Байқап қарасаңыз,тарихи-танымдық сала мен осы бағыттағы атқарылып жатқан жұмыстардың барлығы жұртшылықтың қызығушылығын тудыруда, бұл Қазақстанға келген туристердің де мол мағлұмат алуына мүмкіндік береді.
«Ұлы дала» атты ежелгі өнер және технологиялар музейін ашуға толық мүмкіндігіміз бар. Оған озық өнер мен технология үлгілерін – аң стилінде жасалған бұйымдарды, «Алтын адамның» жарақтарын, жылқыны қолға үйрету, металлургияны дамыту, қару-жарақ, сауыт-сайман дайындау үдерісін көрсететін заттарды және басқа да жәдігерлерді жинақтауға болады. Онда Қазақстан жерінен табылған құнды археологиялық ескерткіштер мен археологиялық кешендердің экспозициялары қойылады.
Ежелгі Отырар қаласының бірқатар нысандарын – үйлері мен көшелерін, қоғамдық орындарын, су құбырларын, қала қамалының қабырғалары мен тағы да басқа жерлерін ішінара қалпына келтіретін туристік жоба да қызықты болмақ. Осының негізінде білімді дәріптеуге және туризмді дамытуға баса мән берілуі қажет», – деді Президент «Ұлы даланың жеті қыры» атты тарихи –рухани маңызы бар мақаласында.
Демек, ішкі және сыртқы туризмнің дамуын арттыратын Елбасының елдің мәні бар жобалары халыққа арнаған Жолдауынан бастау алып, рухани танымдық мақалаларымен жалғастық тауып жатыр. Расында да соңғы екі жылда ел ішінде саяхаттағандар саны 9,6 млн адамды құрағанын ескерсек, алдағы жылда олардың саны мұнан да асып түсетініне сенім мол. Ал елімізге сырттан келетін туристердің саны соңғы жылдары 6,5 миллион адамнын асты. Негізінен шетелдіктердің басым көпгшілігі Ресей, Өзбекстан және Қырғызстан секілді елдерден, ал қалғаны Қытай, Түркия мен Иран және өзге мемлекеттердің азаматтары болып отыр.
Президент «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын жақсарту» атты халыққа арнаған Жолдауында «Үкімет қысқа мерзімде салалық мемлекеттік бағдарлама қабылдауға тиіс» деп мәлім еткені белгілі. Демек, қазір үкімет осы мақсатта Президент Жолдауындағы тапсырманы бағдар ете отырып, жүйеле жұмыс істеуге көшті. Осыған байланысты таяудағы жылдары Қазақстанның да туризм саласы қарыштап дамып, ел қазынасына қомақты қаржы түсетініне кәміл сенеміз.
Еркін Қалдан
Оставить комментарий