Құқық қорғаушылар Ұлыбритания үкіметін Қытайдың Шыңжаң провинциясынан келетін мақта импортына тыйым салуға шақырды. Олардың айтуынша, Шыңжаңда ұйғыр, қазақ мұсылмандары мәжбүрлі түрде жұмыс істейтін зауыттар орналасқан. Бұл туралы The Independent жазды.
Сәрсенбіде HMRC-ге (Ұлыбритания кірістер мен шығыстар департаменті) заңгерлер мен құқық қорғаушылар дайындаған 60 беттен тұратын құжат ұсынылды. Авторлар құжатта "Шыңжаңдағы мәжбүрлі еңбек режимінің ауқымы мен ауырлығына қатысты үлкен және сенімді дәлелдер" бар екенін айтты.
Өткен жылы H&M, Ikea, Muji және Uniqlo сияқты британдық танымал брендтер Шыңжаң мақтасын өз өнімдерінде пайдаланған. Кейбір компаниялар мұны ашық айтқан. Uniqlo өзінің жейделерінде қолданылатын Шыңжаң мақтасын "жоғары сапасымен танымал" деп мақтаған.
БҰҰ Шыңжаңда мұсылман азшылықтарына қарсы жүйелі түрде адам құқықтарын бұзушылық болып жатыр деп санайды. 2017 жылдан бастап Қытайда миллионнан астам адам қамалды деген мәлімет бар. Кейбір мәліметтер бойынша бұл көрсеткіш үш миллионды құрайды. Алайда Бейжің бұларды "кәсіптік оқу орталықтары" деп атайды.
Қытай үкіметі "бұл орталықтар ерікті және бұл елдің солтүстік-батысында исламшыл бүлікшілердің күшін жою үшін қажетті қадам" деп сендіреді. Бірақ құқық қорғаушылар "мұндай орталықтарды "оқып бітіргендер" орталық үкімет схемасы бойынша зауыттарға ауысады, жергілікті жатақханаларда тәулік бойғы бақылауда тұрады және өз үйлеріне оралуға рұқсат берілмейді" дейді.
Мақта – Қытай үшін үлкен бизнес. Стратегиялық және халықаралық зерттеулер орталығының есебіне сәйкес, Қытай бүкіл әлемдік мақта жеткізілімдердің 20-25 пайыз мөлшерін қамтамасыз етеді. Оның 84 пайызы Шыңжаңнан келеді.
Оставить комментарий