Екеуі де қатардағы көлденең көк атты емес; ойы кем, мойыны бос, оңай шағылар жаңғақ та емес...Біріншісі - алаштың адуынды һәм оралдың орақ тілді айтыскер ақыны Бауыржан ХАЛИОЛЛА. Айтыста алдына тексіз тұяқ түсірмеген көптеген халықаралық, республикалық айтыстардың жеңімпаз-жүлдегері, «Жұмбақ қыздың жанары» («Жазушы» баспасы, 2001), «Нәзік бұлт көшіп барады» (Орал, 2005), «Жұлдыз жауған жарық түн» (2012 жыл, Орал) атты жыр жинақтарының авторы Бауыржан Батыс Қазақстан облысы, Сырым ауданының Қособа ауылында 1979 жылы дүниеге келді.
«...Мінезім үшін өте көп таяқ жедім. Бірақ көзбен көріп тұрған нәрсені қалай бұрмалап жеткізесің? Жағымпаздық қаныма жат...» – дейтін Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетінің түлегінің жұмыр басына не зауал соқпады дерсің?!.
Қашанда бір шеңбердің аясына сыймай ойын еркін жеткізіп, көбіне жұмыссыз жүретін Бауыржан Қалиолланың: «Әкемнен сегіз жасқа толар-толмас шағымда жетім қалдым. Содан кейінгі көрген шешемнің бейнеті көз алдымда. Енді қызық көрем бе дегенде, мәңгілік ұйқыға кете барды. Егер менен «өкінішіңіз не?» деп сұрар болса, «Анамды бақытты ете алмағаным» дер едім. Алладан кейінгі адамзаттың асылы аналар – сендер аман болыңдаршы. Біз сіздерді аялау үшін жаралғанбыз» – деген жан сыры миллиондаған адамдардың жүрегін жылытып, жандарын мұңға көмді...
... Сөз жоқ, «Айтысқа қуарып келіп, қуанып қайтамын» деген Халиолла бәрібір елінің тағдырына елеңдемей жүре алмады, көзбояу жасалған жалған шаруаларды; топас-тоғышарлардың мысықтілеулігін жұмсартып айтып, жанамалап жеткізді. Ақырында: «Қырымбек Көшербаев кеткелі біздегі мәдени саладан мән кетті. Мәдениетіміз мүгедек, әдебиетіміздің жағдайы әлжуаз күйге түсті» деген тұжырыммен тоқтап, дем басты...
Иә, ақынның аласапыран ішкі-әлемі Жайықтың толқындарындай тыным таппай, талай шайқалып, шырын толғамдар айтты:
1. «Менің барлық тағдырым көне шаҺар Оралмен, кәрі өзен Ақ жайықпен тығыз байланысты...»
2. «Көңілім даланы аңсайды да тұрады. Тас қаланың тас бауыр тіршілігі адамды бауырмалдықтан, мейірімнен, одан қалса, табиғи шынайы сезімнен алшақтатып жібереді...»
3. «Мен, негізі, Құдай маңдайыма несібесін мол жазған адаммын.»
...Рас екен. Бір бұрылыс-бұлқыныста: «Менің алаңдайтыным, айтыс өнерінде Батыс өңірінде өсіп келе жатқан өрімдей жастар көп. Әттең, маңдайынан сипайтын адам жоқ. Ойыма алған жоспарым жетерлік, қайсысына үлгеріп, не ұқсатарымды уақыт көрсетер…» - деген Бауыржан Халиолла баурымның несібесі нәсіп болып, облыстық Жастар шығармашылық орталығының директоры орынтағына отырды.Баянды болсын!
...Атқа қонған Ақ Жайықтың тағы бір арда ұлы – Артур НЫҒМЕТОВ. Артур – публицист, саясаттанушы. 2007 жылы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің Тарих факультетін тәмамдады. Мәскеу саяси зерттеулер мектебінің түлегі. Швециядағы SIPU International (Стокгольм, 2008) мемлекет және жергілікті басқару институты мен Конрад Аденауэр Қорында (Берлин, 2012) тағылым-сынақтарынан өткен. «Назарбаев Орталығында» бас сарапшы да болды.
Қазақтың мұң-мүддесін тура айтып, бағытынан жаңылмаған Артур ініміз 2012 жылы «Халық қалаулысы» сыйлығының «Үздік публицист» номинациясы бойынша лауреат атанды. 2014 жылдан бері «Smart Advice» коммуникациялық тобының басқарушы серіктесі болып, жыл соңында «Нұр Отан» партиясының Қоғамдық Саясат Институты директорының штаттан тыс кеңесшісі қызметіне кірісті. Мұнда Нығметовке институттың жобалау істері бойынша тәуелсіз кеңестер беру міндеттері жүктелді.
Өркени заманның тың тетіктерін толық меңгеріп, әлемнің бірнеше елдерінің тәжірибелерін бойына терең сіңірген Артур Нығметов Алматы қаласының әкімі Бауыржан БАЙБЕКтің баспасөз қызметі жетекшілігіне тағайындалады.
Қажымұқан ҒАБДОЛЛА