Таиландта өтіп жатқан Азия чемпионатында Қазақстан ұлттық құрамасының қоржынына тағы бір алтын медаль түсті. Ауыр атлетикадан 77 келіге дейінгі салмақта жарыс жолына шыққан қазақстандық Айдар Қазов Азия чемпионы атанды. Бұл туралы «Қамшы» порталы Tengrinews.kz-ке сілтеме жасайды.
Алексей Ни баптаған ауыр атлетші Айдар Қазов қос сайыс қорытындысы бойынша 350 келіні көтерген. Жұлқа көтеруде 156 келіні бағындырған Айдар Қазов серпе көтеруде 194 келіні еңсерген. Осылайша жерлесіміз биылғы Азия чемпионатында ауыр атлетикадан алтын медельді қоржынға түсірген.
Қос сайыс қорытындысы бойынша дәл осындай салмақты (160+190) КХДР спортшысы Джон Менг Сонг та көтерген. Алайда Айдардың салмағы қарсыласынан жеңіл болғандықтан жүлдені жерлесімізге берген. Нәтижесінде отандасымыз Азия чемпионы атанды. Қола медаль тай спортшысы Чиннавон Чатупхумға бұйырды. Ол қоссайыс қорытындысы бойынша 349 келіні басынан асырды. Ал бұл салмақтағы екінші қазақстандық зілтемірші Батыр Асыраров 330 келімен (қоссайыс) сегізінші орынды қанағат тұтты.
Осыған дейін Таиландтағы Азия чемпионатында Әсем Садықова мен Фаина Сиванбаева қола жүлдегер атанған болатын.
Нұрзат Тоғжан