Қазақ жеріндегі ең алғашқы субұрқақтың қайда екенін білесіз бе?

/uploads/thumbnail/20170708193805709_small.jpg

Киелі де, қасиетті Түркістан қаласы Қожа Ахмет Ясауи кесенесімен күллі әлемге танымал. Сонау батысы мен шығысын, оңтүстігі мен солтүстігін байланыстырып жатқан тоғыз жолдың торабындағы Қазақ елінің рухани астанасы десек қателеспейміз. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев «Түркістан -күллі түркі әлемінің рухани астанасы»,- деп  айтқанын мақтан тұтуымызға болады. Егемендік алған күннен бастап,  рухани астанамызға тәу етіп күллі мұсылман жұрты лек-легімен ағылғанына куә болдық. 70 жыл кеңестік жүйенің құрсауында келген Қазақ елінің күні оңынан туып, қаншама рухани  орындарымыз қайта түледі.

    «Мәдинада Мұхамед, Түркістанда Қожа Ахмет Маңғыстауда Пір Бекет»- деп айтылуы әсте тегін емес. Қаламыз арқылы 8  бағытта  зияратшы-туристерге мақтана көрсетер, қойнауы тарихқа толы қаймағы бұзылмаған, көпшілік көріп- білмеген орындар қаншама? Түркістан қаласынан 15 шақырым жердегі Укаша ата жолындағы шариғат үкімдерін түркі тілдеріне аударушы Ахмет Югнаки дүниеге келген Жүйнек ауылындағы ескі Жүйнек қалашығы мен 25 шақырым жердегі Кентау қаласына қарасты әйгілі Тайқазан құйылған Қарнақ ауылындағы  Шәмет  Ишан медресесі- мен мұндалап тұр. Ұлы Абай атамыздың атасы  (Құнанбайдың әкесі) Өскенбайға ас бергенде   Түркістан өңірінен асқа барған Бердіқожа деген ілімі мен білімі сай келетін ағамызға риза болған Құнанбай қажы шығыста қалып медресе ашып балаларға дәріс беруге үгіттеп,  қолқа салған екен.  Міне, сол Бердіқожа атамыздан Әуез, Әуезден Омархан, ал Омарханнан Мұхтар Әуезов дүниеге келген дейді көреген көз қарияларымыз. Қаратау бөктеріне қарай Серт ауылын артқа тастап Укаша ата бейіті мен құдығына жетпей өзеннің сол жағалауында «Көк қошқар» әулиенің басына зиярат жасап барушылардың да қатары көбеюде. Укаша ата бейітіне жетпей жолдың бойында Ер Қоян атаның бейіті жатыр. Бұл кісі Укаша сахабаның үзеңгілес досы әрі оққағары болған деседі. Укаша сахаба жау қолына қаза тапқанда мүрдесін жерлеген осы кісі екен дейді. Ал 25 шақырым Оғызтауға қарай жүрсеңіз, Қызыл ата бейітіне барасыз. Сәл ілгері жүрсеңіз Үйрек атаның бейітіне барасыз. Бұл жерде Укаша атаның қазынашысы әрі мөрін ұстаған сахаба жатыр екен. Ел арасындағы әңгімеге сүйенсек Ислам дінін Қаратау бөктерінде өмір сүрген елдің арасында насихаттаушы болып келген 7 сахабаның бірі екен дейді. Енді Абай ауылы арқылы Жылаған ата үңгірі мен бұлағына қарай бет алсаңыз жолыңызда Көк тас әулие (Көк бұлақ әулие) бұлағы кездеседі. Сол көк тастың  арасынан ағып жатқан шипалы бірнеше ауруларға ем болатын керемет бұлақтың басында ел басына күн туған замандарда Теріскей елі мен Түркістан өңірінің бір топ игі жақсылары мен би шешендері 20 шақты үй тігіп, ат шаптырып, көкпар тартып бәйге тамашалап, екі ел арасындағы жесір дауы, барымта, қыз дауы, жер дауы дегендей мәселелерді шешкен екен. Көк тас әулиені артқа тастап 30 шақырым тауға қарай жүрсеңіз Жылаған ата бұлағы мен үңгіріне кез боласыз.   Жылаған ата әулиеге жеткенше де «керемет көргің келсе, тауға бар» дегендей Темір астау, Сәлде тау, Ақсерке таулары мен Қара Шора немесе Аташора аталатын ерекше кейіпте ағатын сарқырамадан өтесіз. Жылаған ата әулиеге соңғы кездері арысы Қытайдан,  берісі Ресейден тағы да басқа шет елдерден кереметі мен қасиетін есітіп туристік бағытта және зиярат етіп келушілер де көбейді. Қаламыздан Қызылорда бағытына қарай жолға шықсаңыз, Шорнақ ауылындағы Сидақ ата қалашығы, Қаратөбе қалашығы,  талай қилы кезеңді басынан кешкен Сауран қамалы көз тартады. Қамалдың өзі қойнауы тарихқа толы тұнып тұрған  шежіре. Қамал ішіндегі ашық аспан астындағы мұражай медресе қаншама қызығы мен  шыжығы қаумалаған тарихи деректерге толып тұр. Сол қамалға қаламызға келіп-кетіп жатқан туристерді алып барып тарих тағылымдарымен таныстырып қайтуға да болады.  Қамал төңірегінде қаншама дуалы ауыз, ел қамын жеген, елі мен жерін қорғаған батыр аталырмыздың бейіттері жатыр. Тізбектеп айтар болсақ қамал маңына жерленген «Сарай ата», «Жалаулы ата», «Қарахан ата», «Сәдуақас сахаба»  жерленген болса, темір жолдың жол жағында «Мамыт ата», Майдантал ауылына бара жатқан жолдың сол жағында «Әздер әулие», және Сауран қамалының айналасын бау-бақшаға айналдыруға зор үлес қосқан дін өкілі Мір Араб атымен аталатын Міртөбе тұр. Мір Араб жер асты суларын бір орынға жинау арқылы жер бетіне шығарып бау-бақша егіп жиналған сумен суарған екен. Бұл ең алғашқы субұрқақ (фонтан) деседе болады. Әлі де сол кәріз жүйелерінің орындары бар. Бабайқорған ауылы арқылы Жылаған ата аңызының басты кейіпкерлері Гүрзіхан ата мен Қаражондағы Шаш ана кесенелерінеде құран бағыштай кетуге болады. Осы аты аталған кісілер туралы азды-көпті деректер білетін адамдардан мағлұматтар жинақталуда. Сауранды артқа тастап Қызылорда шекарасын кесіп өткен соң, Жаңақорған ауылынан батысқа қарай 100 шақырым жүрсеңіз, оңтүстік өңіріне ислам дінін алып келуші үш бабаның бірі Әбдіжәлел (Қорасан ата) кесенесіне тап боласыз. Қобыланды батыр жырындағы «Әулиеге ат айтып, Қорасанға қой айтып» деген өлең жолдары осы әулиеге арналған. Қобыланды батырдың ата-анасы осы әулиенің басына зиярат етіп Алладан тілек тілеген екен дейді. Қорасан әулиеден қайтар жолда Қылышты ата, Қара сопы, Үш  ата, Қ.А.Ясауидің ағасы Садыр Шайх, немере інісі Маулана Орын Қойлақы, Үсен Шайх, Айқожа Ишан, Сунақ ата кесенелеріне де зиярат етіп Сығанақ қалашығын тамашалап өтуге болады. Кентау бағытына  шықсаңыз Шобанақ ауылында орналасқан «Имам Марқозы» немесе Көк тонды ата кесенесі бар. Кентауға қарай жоғарыласаңыз, жол бойында орналасқан Құсшы ата бейітіне кез боласыз. Бұл жерге де Қазақстанның түкпір-түкпірінен зиярат жасаушылар лек-легімен келуде. Ащысай елді мекенін бетке алып жолға шықсаңыз Қаратау бөктері жағында Кентау су қоймасының жанында қырда Зеңгі баба (Зеңгіш баба) бейіті бар. Зеңгі баба Тараздағы сәулет ескеркіштерінің бірегейі Айша Бибінің әкесі делінеді. Бейіттің етегінде сайда Қотырбұлақ деген киелі бұлақ бар. Тастай суық бұл бұлақтың суы да әр-түрлі жараларға ем болып жатады. Сол себепті де Қотырбұлақ деп қойса керек. Бұлақтың суы ағып келіп көлшікке айналады. Ащысай арқылы Қаратауды артқа тастап,Созақ еліне өтсеңіз, Жартытөбе ауылында Ысқақ баб, Құмкентте Жылы бұлақ бойында Баба Түкті Шашты Әзіз, Созақта Қара бура, тау етегінде Балықшы әулиелер өз зияратшыларын күтуде. Қаламыздың қақ ортасында Әл Қожа ата кесенесі көздің жауын алса, 500 метр қашықтықта  тұрғын үйлер жанында Бала би (Тамабай) бейіті орын тепкен. Түркістан-Шәуілдір бағытында құдығының суы мыңда бір шипа болатын Гауһар ананың бейіті тұр.  Шойтөбе станциясына жетпей бұрынғы Сталин бауының сол жағында ашық алаңқайда Меңдуана атаның бейіті бой көтерген. Бұл кісінің де әулиелігі туралы деректер жоқтың қасы. Станцияға жетер-жетпес жерде жолдың сол жағында Бір кездері аты «Ойда Шахан, Қырда Шахан» деген ұранға айналған  Шаһан ата кесенесі салынған. Иқан ауыл округіне барсаңыз ауыл ортасында Жүсіп ата кесенесін көресіз. Бір кездері Ясауи бабамызбен үзеңгілес болған атамыздың кесенесі қайта жөндеуден өтті. Шымкент бағытымен келе жатқанда жолдың сол жағында  сары кірпішпен көмкерілген, ауыл ортасында өзгешеленіп тұратын ерекше архитектуралық стильмен салынған бірден-бір кесене міне осы Жүсіп ата кесенесі.  Шаға ауыл округі арқылы Қаратауды бетке алып 5-10 шақырымдай жол жүрсеңіз Тағайын ата бейіті тұр. Өкінішке орай бұл бейітте кім жерленгені, қандай адам болғаны, елге қандай жақсылық істегені  туралы да ешбір кітапта мағлұмат қалмаған, тіпті ел аузында айтылып жүрген аңыз әңгімелер де жоқтың қасы. Отырар ауданына қарай бет түзесеңіз Бабтардың бабы Арыстан баб кесенесі, Отырар төбе қалашығына барасыз. Шығысқа қарай Шымқала арқылы Сарыағаш ауданына бара жатып Тұрбат елді мекеніндегі Смайыл ат, Жәбірейіл ата, Қошқар ата кесенелері мен Сарыағаш жеріндегі Ер Дәуіт үңгірі мен Жабай ата кесенесіне кез боласыз. Шардара шықсаңыз Ұзын ата мен Мелде би кесенелері, ал Қазығұрт ауданына өтсеңіз Нұқ Пайғамбардың кемесі тоқтаған мекен Кеме қалған тауы, Ақ Бура әулие кесенесі, Ғайып Ерен Қырық Шілтен, Көз ата кесенесі, Төлеби ауданындағы Нысанбек ауылында Жылақ ата сарқырамасы мен Қасқасудағы мың шейіт әулие, Майбұлақ ауылындағы нұрын төккен Нұр ата кесенесіне, Сайрамдағы сансыз бабтардың мекеніндегі 30 шақты кесенені аралап болған соң  Қарабұлақ ауылы арқылы кесіп өтсеңіз, Аққойлыдағы Ишан Базар мешіт медресесі мен мұндалап тұрса, Темірлан елді мекеніндегі күш атасы  Қажымұқан атамыздың кесенесіне құран бағыштап, музейін тамашалауға болады. Боралдайдағы Қос тұра тауының етегіндегі Теректі әулие, Ақбастаудағы Домалақ ана кесенесі мен бұлағы, Ақмешіт үңгірі. Бала бөген өзенінің жағасындағы Бәйдібек ата, Қос ана кесенелері, Шаяндағы Аппақ Ишан медресесі өз зияратшы-туристерін күтуде. Ия туристер келіп -кетуде, бірақ ішкі рухани туризм бір жүйеге реттелмеуде. Бұл сала бір жолға қойылар болса,  бюджет қоржыны да қомақты болары сөссіз. Бас аман болса, елімізде рухани туризмнің дамығандығын көрер күн де алыс емес. Бұл салаға үлес қосу- Қазақстаным деп жүрегі соғар әр-бір азаматтың парызы деп білеміз.

Ерлан Сыздық, өлкетанушы

«Қамшы» сілтейді                                                                                

 

Оставить комментарий

Связанные Статьи