ІІІ Халықаралық «TYRKI DYNIYESI» студенттер театрларының фестивалі басталды

/uploads/thumbnail/20250520173230321_big.webp

Бүгін Алматы қаласында III Халықаралық «TYRKI DYNIYESI» студенттік театрларының фестивалі басталды. Аталмыш өнер байқауын ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен, ТҮРКСОЙ ұйымының бастамасымен, Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы ұйымдастырып отыр. Байқау мамырдың 20-22 аралығында өтеді. Фестивальға Әзірбайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркия және Түркіменстан елдерінен келген 100-ге жуық өнерпаз қатысады.

Фестиваль аясында түркітілдес елдердің студенттері театр қойылымдарын сахналайды. Сондай-ақ шетелдік және отандық театр қайраткерлерінің шеберлік сабақтары, шығармашылық кездесулер мен тәжірибе алмасуға бағытталған талқылаулар өтеді. Бұған қоса, заманауи драматургияны дамытуға үлес қосатын жаңа пьесалардың оқылымы ұйымдастырылады.

 

Фестивальмен қатар, ТҮРКСОЙ ұйымына мүше елдердің шығармашылық жоғары оқу орындары қауымдастығының кезекті отырысы өтеді. Бұл кездесуде театрлық білім берудің заманауи мәселелері, оқыту әдістемелерін жетілдіру, оқу орындары арасындағы кәсіби ынтымақтастық пен мәдени алмасуды арттыру жайы талқыланады.

 

Академия ректоры Арман Жүдебаев бұл шараның маңызын ерекше атап өтті:

2023 жылы халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымының шешімімен студенттік театр фестивалін тұрақты түрде өткізу туралы келісім жасалды. Алғашқы фестиваль Өзбекстанда өтті, екінші рет Әзірбайжанда ұйымдастырылды, ал үшінші фестиваль биыл түркі әлемінің мәдени астанасы Алматы қаласында өткізіліп жатыр.

Фестивальдің негізгі мақсаты – түркі елдерінен келген студенттер арасында мәдени және шығармашылық диалог орнату. Әр мемлекеттің өзіне тән дәстүрі, сахна тілі мен режиссерлік бағыты бар. Бұл шара сол ерекшеліктермен танысып, тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді. Фестиваль – жас өнерпаздар үшін үлкен сахнаға қадам басуға, кәсіби бағыт-бағдар алуға және халықаралық деңгейде өз таланттарын көрсетуге тамаша мүмкіндік.

Біздің басты миссиямыз – түркі елдері арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайту, әрі студенттердің шығармашылық дамуына практикалық қолдау көрсету.

 

Фестиваль – бұл тек шығармашылық байқау ғана емес, түркі халықтарының ортақ мәдениетін дәріптейтін, жас буын өнерпаздарды бір мақсатқа тоғыстыратын маңызды платформа. Театр арқылы бір-бірін түсініп, өзара байланыс орнатқан жастар болашақта түркі әлемінің мәдени көпіріне айналары сөзсіз. «TYRKI DYNIYESI» фестивалі сол мәдениеттер үндестігін, өнер арқылы достық пен ынтымақтастықты нығайтудың жарқын үлгісіне айналып келеді.

Связанные Статьи