Бүгін Ұлттық кітапханада республикалық балалар мен жасөспірімдерге арналған «Ұлан» газетінің 95 жылдығына орай мерекелік іс-шара өтті. Қазақ баспасөзінің рухани әулеті, қара шаңырағы болған аталмыш газет күні бүгінге дейін талай баланың шығармашылығын шыңдап, жазарман тұлға ретінде бейімдеп келеді. Бұл – бірнеше буынның балалық шағының бөлшегіне айналған, еліміздің рухани тарихында терең ізі бар басылымның тағылымды мерекесі болды.
Биыл 95 жылдық межені еңсерген «Ұлан» – бірнеше буынның жүрегінен орын алған, жас ұрпаққа бағыт-бағдар көрсетіп келе жатқан рухани әулет. Салтанатты іс-шарада басылымның жас өрендердің сана-сезіміне ұлттық құндылықты сіңірудегі, олардың ой-өрісін дамыту мен шығармашылыққа баулудағы рөлі ерекше аталды. Газет ұжымының балалар тәрбиесіне қосқан үлесі мен жүйелі жұмысы ел ертеңіне салынған берік іргетас ретінде бағаланып, редакция ұжымына ақжарма тілектер арналды.
Қатысушылар назарына «Ұлан газетінің тарихынан сыр шертетін – ұлағатты ұрпақ» атты фотокөрме ұсынылды. Онда газеттің әр кезеңін бейнелейтін 500-ден астам мұрағат сурет, бұрынғы редакторлар мен авторлардың естелігі қойылды. Бұған қоса, оқушылар мен қонақтар арнайы дайындалған фотожәшікте естелік суретке түсіп, газетпен байланысты өз естеліктерін еске алды. Бұл – тек көрме емес, бір дәуірдің рухани айнасы іспетті мазмұнды алаң болды.
Сондай-ақ Алматыдағы физика- математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары ұсынған робототехника көрмесі ерекше әсер қалдырды. Cristabol командасы АҚШ-тың Хьюстон қаласында өткен, 110 елден 50 мыңнан аса оқушы қатысқан халықаралық First Championship 2025 инженерлік турнирінде жүлделі 3-орын алған болатын. Олардың жобалары көрмеге келген балалар мен ата-аналар тарапынан үлкен қызығушылық тудырды.
Мерекелік концерттік бағдарлама да кең ауқымда ұйымдастырылды. Ахмет Жұбанов атындағы музыка мектебінің ансамблі, «Япурай» халық әнін орындаған оқушылар, Абай атындағы мектептің айтыскерлер тобы, TEDx форматында сөз сөйлеген жас спикерлер көпшілікті тәнті етті. Сондай-ақ «Құстар әні» және «Халық мерекесі» шығармалары шырқалып, оқушылар мен қонақтар шығармашылық шабыт алды.
Мерейтой аясында оқушылар арасында ұйымдастырылған шығармашылық байқау да қорытындыланды. «Ұлан» газеті мен Зейнолла Сәнік қорының қолдауымен биыл екінші рет өткізілген «Тастүлек» шығармашылық байқауының жеңімпаздары марапатталып, оларға арнайы ақшалай сыйлықтар табысталды. Бұл – баланың қабілетін бағалауға, талпынысын қанаттандыруға бағытталған тамаша бастама ретінде танылды.
«Ұлан» газетінің 95 жылдығы – жай ғана бір басылымның мерейтойы емес, бұл тұтас қазақ руханиятының балалық шағымен қайта қауышқан сәті. «Ұлан» – ұлт болашағының үні, ойлы өреннің серігі, арманшыл жүректің сенімді сырласы. Бүгінгі ұрпаққа, ертеңгі көшбасшыларға шабыт сыйлайтын рухани мектеп ретіндегі рөлі айрықша. Зиялы қауым өкілдері, ұстаздар, мектеп оқушылары, «Ұланның» жас тілшілері мен белсенді авторлар қатысқан бұл кеш естен кетпес рухани күнге айналды. Бүгінгі мерейтой болашақта олардың шығармашылық жолына бағыт-бағдар береді деген сенім мол.