Шымкент әкімдігінің ғимаратынан өрт шықты, деп хабарлайды қалалық төтенше жағдайлар департаменті. 14 тамыз сағат 03.19-да "112" қызметіне шақырту түскен.
"Әл-Фараби ауданы Тәуке хан даңғылы №3 мекенжайында орналасқан әкімшілік ғимаратынан өрт шыққан. Тілсіз жау жалпы көлемі 1200 шаршы метр аумаққа жайылған. Ғимараттың шатыры жанған", - дейді ведомство.
Өрт сағат 04.58-де оқшауланып, сағат 05.27-де толығымен сөндірілді. Өртте зардап шеккендер мен қаза болғандар жоқ. Өрттің себебі анықталуда.
"Өртті сөндіруге Шымкент қаласы ТЖД 21 бірлік техника және жеке құрамнан 88 адам, ТЖМ апаттар медицинасы орталығынан 1 техника, 3 адам, жергілікті атқарушы органнан 2 техника, 2 адам жұмылдырылды", - дейді департамент.