Украиндағы соғысқа қатысқан атыраулық тұрғын 5 жылға сотталды. Бұл туралы Атырау облыстық соты хабарлады. Оған ҚР Қылмыстық кодексінің 172-бабы («Шет мемлекет аумағындағы қарулы қақтығыстарға қатысу») бойынша айып тағылды. Үкім әлі заңды күшіне енбеген.
Облыстық соттың хабарлауынша, сотталушы С. былтыр наурыз соңында Мәскеуге барып, Ресейдің уәкілетті органдарымен келісімшарт жасасқан.
"Қысқа мерзімді оқудан және киім-кешек алғаннан кейін, танк полкінің құрамында әскери дәрігер ретінде Донецк облысында қарулы қақтығыстарға заңсыз қатысқан. 2024 жылдың желтоқсанында қарулы қақтығыс барысында жарылғыш құрылғы жарылып, сынық жарақатын алып, әскери госпитальге жатқызылған" деп хабарлады сот.
Процесс кезінде ол тағылған айыптарды толық мойындап, өкінетінін айтып, түрмеден басқа жаза тағайындауды сұраған. Ал прокурор оған 6 жыл түрме сұраған. Сот үкім шығарар кезде оның асырауында жас балалар барын да ескерген.