Қостанай облысының әкімі А.Мұхамбетов Қостанай өңірі көлемінде 2017 жылды «Тарихқа тағызым» жылы деп белгіледі. Қостанай өңірінің тарихына қатысты бірнеше жобалар Қостанай облысының ішкі саясат басқармасы тарапынан әлеуметтік тапсырыс ретінде мемлекеттік емес ұйымдар секторына ұсынылды. Қазіргі таңда сол әлеуметтік тапсырыстарды жүзеге асыру мүмкіндігіне ие болған ұйымдар өз жұмыстарының жоспарын жұртшылықпен таныстыру кезеңін ұйымдастырып жатыр. Сондай әлеуметтік жобаның бірі - "Ұлы Дала тұлғалары:Кейкі батыр". Аталмыш жоба мемлекеттік емес ұйымдар тарапының кең қызығушылығын тудырды. Себебі Кейкі батыр ерлігі қазақ халықының қайта оралып жатқан рухының бір рәмізіндей болып саналады. Былтырғы 2016 жылы Торғай көтерілісінің 100 жылдығына орай қоғамдық негізде туған жердің қасиеті мен қадірін құрметтейтін азаматтардың жеке бастамасымен «Өр Торғай – ерлік мекені» атты далалық экспедициясы, көрнекті қоғам қайраткерлерінің ынта-жігерімен Торғай өңірінде қоғамдық кездесулер өткізілген болатын. Осындай бастамалардың билік тарапынан қолдауға ие болуы көңілді қуантады. Мұндай тарихи-танымдық мазмұндағы жобалар жұртшылықтың туған өлкенің тарихын тануға деген сұранысын өтеуге, жастардың бойында отансүйгіштік ізгі қасиеттерді қалыптастыруға қызмет етері анық. Жобаны жүзеге асыру мүмкіндігіне ие болған «Нұршаңырақ» қоғамдық қоры əлеуметтік жобасының алғашқы қоғамдық тыңдалымын өткізді. Жобаны таныстыру барысында Ұлт-азаттық көтерілістің қаһармандық һəм батырлық ерлік істерін насихаттайтын республикалық деңгейдегі дебаттық турнир, Кейкі батырдың еліне ғылыми -ағартушылық экспедиция, Аманкелді, Жанкелді ауданы, Арқалық қаласы, облыс орталығы тұрғындарымен, жастарымен кездесу ұйымдастыру көзделіп отырғандары баяндалды. Тыңдалымға Қостанай облысы ішкі саясат бөлімінің өкілі Байменова Зәуре Әнаурбекқызы, мемлекеттік емес ұйымдар жұмысын үйлестіру орталығының басшысы Өтебаева Динара Қайырбекқызы, қоғам белсенділері, студент жастар қатысты. Тыңдалымға жиналған жұртшылық қолға алынып отырған жобаның қолға алып отырған жоспарларының аса маңыздылығына ерекше назар аударып, оның сәтті өтуіне тілектестік білдірді.
Өтеген Исенов, Қостанай мемлекеттік институтының оқытушысы, тарих ғылымдарының кандидаты.
Оставить комментарий