«QAZAQ» деген лақап атпен бокс әлемінде өз мықтылығын көрсетіп жүрген, бірінші орта салмақтағы WBO NABO және WBA Inter-Continental тұжырымдары бойынша әлем чемпионы Қанат «QAZAQ» Ислам (24-0, 19 КО) 9 қыркүйек күні Астана қаласында канадалық Брэндон Кукке қарсы өткізетін кездесуі жайлы айтты, деп хабарлайды Qamsy.kz ақпарат агенттігі.
Күллі қазақ жұрты асыға күткен бұл кездесуі жайлы ол: «Қыркүйекте Астанада өтетін жекпе-жегімде канадалық боксшы Брэндон Кукпен жұдырықтасатын болдым. Қарсыластың осалы болмайды. Сондықтан дайындықты барынша күшейтуге бет бұрдым. Қазіргі таңда айқасқа дайындықты бастап кеттім. Сәтін салса, Алатау бөктерінде тамыздың ортасына дейін жаттығуымды жалғастырамын. Ары қарай соңғы дайындықты елорда төрінде өткіземін. Бұл ел есінде қалатын қызықты кездесу болады деген үміттемін», – деді.
Естеріңізге сала кетейік, Қанат Ислам және Брэндон Кук арасындағы жекпе-жек 9 қыркүйекте Астанада өтеді. «QAZAQ-тың» қарсыласы 31 жастағы канадалық боксшы кәсіпқой бокста 18 жекпе-жек өткізіп, барлығында жеңіске жеткен. 11 кездесуін уақытынан бұрын аяқтаған. Соңғы жекпе-жегін ол отандасы Стивен Батлерге қарсы өткізіп, нокаутпен жеңген еді.