Кедендік Одақ аумағында сатып алынбаған өнімдерге 30% баж салынбақ

/uploads/thumbnail/20170814140118249_small.jpg

Ресей мен Беларусьтің ең ірі олигополиялары Кедендік одақ аумағына қантты импорттауға тыйым салу туралы ұсынысын көтеруге дайындалуда. Қолда бар ақпаратқа қарағанда, бұл бастама 25 қазанда Ереванда өтетін Кедендік Одақ елдерінің үкімет басшыларының отырысында көтерілейін деп отыр. Әзірше қазақстандық өндірушілер қантты импорттау кезінде инвестициялық артықшылықтарды қолданып отыр, осының арқасында ары қарай қайта өңдеу үшін қантты елге бажсыз әкелуге мүмкіндігі бар. Егер ұсынылған шара қабылданатын болса, Кедендік Одақ аумағында сатып алынбаған қантпен өндірілетін өнімдердің барлығына 30% баж салынбақ деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі.

Отандық кондитерлік саланың өкілдері және алокогольсіз сусындар өндірушілері жалпы алғанда Кедендік одақ аясында нарықтардың жақындасуын қолдайды. Алайда нарықтық шаралардың орнына, нарықты әкімшілік шаралармен реттеуге мүлдем қарсы. Осының арқасында ресейлік және беларусьтік алпауыттар Кедендік одақ мүшелерінің барлығына өз баға саясатын жүргізуге мүмкіндік алмақ.

Өз салаларындағы отандық өндірушілердің шамамен 90%-ының басын біріктіріп отырған Қазақстанның кондитерлер қауымдастығы және ҚР алкогольсіз сусын өндірушілер қауымдастығы осы мәселеде қазақстандық өндірушілердің мүддесін қорғау және жоғарыда аталған шешімді кейінге қалдыру туралы өтінішін Қазақстан Республикасы премьер-министріне жолдады. Салалдағы қауымдастықтар бірінші кезекте қанттың шынайы нарықтық бағасын анықтаумен айналысатын институтты - шикізат биржасын  құруды ұсынып отыр. Оның мысалы ретінде қант бағасын сұраныс пен ұсынысқа қарап қалыптастырып отырған Лондон биржасын алуға болады. Сондай-ақ, сала өкілдері Кедендік одақ мүшелерінің ішкі нарықты тиісті қант көлемімен қамтамасыз етіп, қанттың тұрақты түрде жеткізілуіне кепілдік бере алатындығына көз жеткізу үшін бірнеше жыл бойы мониторинг жүргізуді ұсынуда. Биыл Ресейде қант қызылшасының рекордтық көлемі жиналды, алайда климаттың тұрақсыздығы әсерінен алдағы жылдары қуаңшылық пен үсік түсуі мүмкін болғандықтан, бұл өнім көлемінің төмендеп, сәйкесінше бағалардың өсуіне әкеліп соқпақ. Араға белгілі бір уақыт салып, сосын өзгерістерді енгізу де Кедендік одақ мүшелеріне қант қызылшасын өсіріп, өз саласын дамытуға мүмкіндік бермек. Бүгінгі күні Қазақстан, Қырғызстан және Армения осы мақсатты көздеп отыр.

- Біздің саламызда мұндай шараларды қабылдау нәтижесінде баға келесі екі сценарийдің біреуіне сәйкес өсіп кетуі мүмкін. Егер біз қантты Кедендік одақтан импорттамайтын болсақ, онда оған 30%-дан 40%-ға дейінгі мөлшерде кедендік баж салынады. Бұл дайын өнім бағасының сәйкесінше көлемде өсуіне әкеліп соқпақ. Ал егер біз тек Кедендік одақтан ғана қантты сатып алатын болсақ, онда біз ресейлік-беларусьтік олигополияның белгілейтін бағасына тәуелді болып қаламыз. Мәселен, үстіміздегі жылдың жазында Ресейде өндірілген қанттың бағасы бір апта ішінде 50 теңгеге өсті, бұл 30%-ға жоғары. Дәл осы кезде қантты тасымалдаумен де қиындықтар туындады. Осы қиын кезеңде біз қанттың қажетті көлемін басқа елдерден импорттап, осылайша бағаны тұрақты, ал өндірістің толық жұмыс жасауын қамтамасыз ете алдық. 2017 жылдың жазы ресейлік өндірушілердің қазақстандық кәсіпорындарды қантпен толығымен қамтамасыз ете алмайтындығын айқын көрсетті, оның үстіне басты шикізаттың бағасында айтарлықтай тәуекелдер бар екендігін де байқатты, - деп атап өтті «Қазақстан кондитерлер қауымдастығы» ЗТБ президенті Әлихан Талғатбек.

Қазақстанның салалық қауымдастықтарының пікірінше, Еуразиялық экономикалық одақ аясында ортақ нарықты құру ресейлік алпауыттардың (олар қазірдің өзінде ішкі қажеттілікті қамтамасыз етіп, өз өнімін экспорттау үшін жаңа арналар іздеуде) және беларусьтік кәсіпкерлердің (олар қазір қантқа деген ішкі қажеттіліктен 1,5 есеге көп өнімді өндіріп, аршылмаған бразилиялық қантты айтарлықтай көлемде импорттауды жалғастырып келеді) шектен шығып өсуі үшін ғана емес, сонымен бірге, қант өсіруге климаттық және экономикалық қауқары жететін Одақ мүшелерінің барлығының, соның ішінде Қазақстанның қант өндірушілерінің үйлесімді түрде дамуына мүмкіндік беруі тиіс.

Ресейлік және беларусьтік тараптың ұсынысы түптеп келгенде тек шектеуші мақсатты көздейді. Әлемдік нарықтағы қант жеткізушілерін таңдауға мүмкіндік бермейтіндіктен және де Қазақстандағы ғана емес, сонымен бірге, Ресейдегі өнім өндірушілерінің мүддесіне қайшы келетіндіктен, бұл ұсыныс монополияға қарсы заңнама аясында қарастырылуы тиіс.

- Кедендік одақ аумағына қантты импорттауға тыйым салу туралы бастаманы көтеріп отырғандар Қазақстан қантты Кедендік одақ аумағынан тысқары елдерден импорттауы арқылы Ресейдің азық-түлік қауіпсіздігіне қауіп төндіріп отыр деген уәжді айтады. Алайда қазақстандық импорттың үлесі Ресейде өндірілетін қант көлемімен салыстырғанда бар-жоғы бір пайызға жетер-жетпес. Сондықтан бұл бағаға және де азық-түлік қауіпсіздігіне ешқайндай ықпал жасай алмайды, - деп сөзін түйіндеді ҚР Алкогольсіз сусындар мен шырындар өндірушілері қауымдастығының атқарушы директоры Әлия Мамытбаева.   

Баспасөз мәжілісіне қатысушылар атап өткендей, ресейлік тараптың лоббилеп отырған шарасы түптеп келгенде Қазақстанның барлық салалары үшін тиімсіз, өйткені Кедендік одақ ішінде өндірілген өнім бағасының нарықтық әдіспен емес, әкімшілік шаралармен қалыптасуы үшін прецедент жасауы мүмкін.

Сонымен қатар, барлық девальвациялардан кейін қазақстандық тұтынушылар нарықтағы белсенділігін төмендетіп, шығындарын қысқартып отыр. Nielsen халықаралық компаниясының зерттеуіне сәйкес үстіміздегі жылы кондитерлік өнімдер категориясында секторлардың барлығында дерлік тұтыну көлемі түсіп кеткен. Көптеген қазақстандықтар үнемдеуді қолға алып отыр, ал кондитерлік өнімдер мен көпшілік ұнататын сусындардың бағасы өсетін болса, бұны көптеген отбасылардың қалтасы көтере алмасы анық.

Оставить комментарий

Связанные Статьи