Қазақстанның жаһандық қауіп-қатерлерге қосқан үлесі халықаралық БАҚ көзімен

/image/2020/10/12/crop-10_8_511x781_qqqq.jpg

Халықаралық қауымдастықтар мен әлемдік жетекші БАҚ Қазақстанның түрлі жаһандық қауіп-қатерлердің алдын алуға қосқан үлесі жайында сараптамалар жасады. Атап айтқанда, Біріккен ұлттар ұйымының ресми сайты Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіндегі рөлі мен жеткен жетістіктерін жарияласа, The Diplomat басылымы елдің соңғы жылдарда әлемдік қауымдастықтармен қалай өнімді жұмыс істегенін және жаһандық сын қатерлер тұрғысынан қалай аймақтағы жетекші ел саналғанын жазған. Ал Біріккен Ұлттар Ұйымының Еуропалық экономикалық комиссиясының ресми сайты Қазақстанның ғаламдық жылыну қаупін алдын алуда қосқан үлесі жайында мәлімдеп, Нұр-Сұлтанның қоршаған ортаны қорғауда жасаған шараларын баяндаған.

Біріккен Ұлттар Ұйымының ресми сайты Қазақстанның 2017-2018 жылдары Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің (БҰҰ ҚК) кезекті орнын иеленгенінен бастап, қызметке бірінші рет Орталық Азия елі таңдалғанын жазып, Қазақстанның міндеті кезінде жеткен жетістіктерін тізбелейді. Ал The Diplomat басылымы "Президент Н.Назарбаевтың 2019 жылғы 19 наурыздағы кенеттен отставкасы елге назар аударып, ел астанасы Астананы Нұрсұлтан деп өзгертуге көшкен кезде, бұл Қазақстанның БҰҰ-да не істегенін, не істемегенін талқылауға өте ыңғайлы уақыт" деп жазады. Халықаралық саяси сараптамалық БАҚ Қазақстанның 2016 жылы Таиландты жеңіп, Азияны танытуға сайланғанын айта келіп, Дауыс берудің бірінші кезеңінде Қазақстан 113 дауыс алғанын, Тайланд 77 дауыспен жеңіліс тапқаннын, ал, екінші турда Қазақстан 138 дауыс жинап, маңызды орынға таңдалғанын егжей-тегжейлі айта келіп, жемісті еңбек еткенін хабарлады.

"The Diplomat" басылымы БҰҰ-да қызмет ету кезеңінде Қазақстан 2018 жылдың қаңтарында Қауіпсіздік Кеңесінің басшысы болғанын, ол Назарбаевтың Нью-Йоркке сапарымен ерекшеленгенін баса айтады. Ал, мерзім аяқталғаннан кейін Қазақстанның орнына Индонезия келген.

БҰҰ ақпаратына сәйкес, БҰҰ өкілі Ариэль Коэн Қазақстанның жетістіктері туралы "Менің ойымша, Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болу, бұл Қазақстанның халықаралық байланысы мен дипломатиясының үлгісі, Нұрсұлтан Назарбаевтың көп векторлы дипломатия саясатымен сәйкес келеді" деп жоғары баға берген. Халықаралық ұйым Қазақстанның БҰҰ-да жауапты орында болған кезде  не істегені, жетістіктерін оң баға беріп, егжей-тегжейлі баяндады.

Халықаралық ұйымның бағалауынша, БҰҰ қауіпсіздің кеңесіне жауапты болған кезеңде, Қазақстан 2018 жылғы 18 қаңтарда жаппай қырып-жоятын қаруды таратпау және сенімді нығайту шаралары бойынша арнайы жиналысты қадағалады. БҰҰ Бас хатшысы Антонио Гутерриш кездесуге қатысып, "Қазақстанның жаппай қырып-жоятын қарудан азат әлемді және жаһандық таратпау режимін қолдаудың мақтан тұтар дәстүрі бар" деп мәлімдеді. Қазақстан ядролық қаруды сақтаудан бас тартудың әлемдің үлгісіне жатады. Бұл күні ядролық сынақтарға қарсы халықаралық күн болуы тиіс" деп мәлімдеген.

А, "The Diplomat" "Орталық Азия мемлекеті 1991 жылы ыдыраған Кеңес Одағынан тәуелсіздік алғаннан кейін көп ұзамай өзінің кеңестік кезеңдегі ядролық қарудан өз еркімен бас тартты" деп атап көрсетеді. Басылым елде 2018 жылдың 19 қаңтарында Орталық Азиядағы аймақтық серіктестіктерді талқылайтын кездесу өткенін, іс-шарада Ауғанстандағы жағдайға "қауіпсіздік пен даму тұрғысынан қарау керек, өйткені бұл елдерде осы елде тұрақты бейбітшілік орнатуда осы мәселелер бір-бірімен қоян-қолтық жүреді" деген пікірлер талқыланғаны айтылады. Содан кейін 25 қаңтарда өткен ашық пікірсайыста Таяу Шығыстағы жанжал, Колумбиядағы бейбітшілік процесі, Сириядағы қақтығыс және Африкадағы БҰҰ-ның бітімгершілік операцияларының мәртебесі сияқты мәселелер қаралғаны бяндалып, Қазақстанның маңызды рөлі жазылған. Басылым Қауіпсіздік Кеңесіне сол кездегі жауапты мемлекет Қазақстан Елшілігі БҰҰ-ның делегациясын Кабулға 13-15 қаңтар аралығында бастап келгенін де тілге тиек етеді. Оған қоса, Ауғанстан Президенті Ашраф Ғанимен кездесулерді қамтитын сапар 2018 жылғы ақпан айындағы Кабул процесі кездесуі қарсаңында өткенін айта келіп, БҰҰ-ның баспасөз релизі "Делегация сонымен бірге БҰҰ-ның Ауғанстандағы көмек миссиясының (UNAMA) және Солтүстік Атлантикалық келісім ұйымының (НАТО) шешімді қолдау миссиясының басшылығымен кездесті" деп түсіндіреді.

"The Diplomat" сондай-ақ Қазақстанның БҰҰ-дағы қосқан үлесі жайында толықтыра кеткен.

"Қазақстан БҰҰ-ның реформасын қолдайтындығын, атап айтқанда, органның тұрақты мүшелерін кеңейтуді жариялады. Қазақстанның БҰҰ-дағы тұрақты өкілі БҰҰ-ның 2018 жылғы қаңтардағы қызметінің қысқаша мазмұнын сол жылдың тамызында ұсынды. "Қазақстанның БҰҰ-дағы жұмысының бір оң нәтижесі – бұл Қазақстанды БҰҰ-ның бітімгершілік операцияларында белсенді рөлге итермеледі. Ливандағы БҰҰ миссиясына алғаш рет қазақстандық бітімгершілік күштердің ротасы және жаңа контингент келді" деп жазады халықаралық жетекші БАҚ.

Басылым тағы "Біріккен Ұлттар Ұйымы – бұл шынайы ниет пен ұлттық мүдделермен, сондай-ақ қабілетсіздікпен қайырымдылық пен идеализм тоғысатын күрделі ұйым. Қазақстан осы уақытқа дейін бірде-бір Орталық Азия елінің қолынан келмеген нәрсеге қол жеткізді" деп Қазақстанның еңбегіне жоғары бағасын жасырмайды. Оған қоса, "The Diplomat" Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев елдің БҰҰ-ның бітімгершілік операцияларына қатысуына қызу қолдаушы болғанын жазады.

Ал, Біріккен Ұлттар Ұйымының Еуропалық экономикалық комиссиясының ресми сайтында дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күнінде Нұр-Сұлтанда басталған Қазақстанның Үшінші Экологиялық Тиімділігі шолуында Қазақстанның соңғы онжылдықтағы экологиялық саясатын жетілдірудегі жетістіктері туралы айтылып, елге болашақтағы іс-шараларға ұсыныстар берілген. Шолу Германия, Венгрия, Италия, Португалия, ЭЫДҰ, ЮНЕП және ДДҰ жіберген және БҰҰ ЕЭК бастаған сарапшылар тобының бірлескен күш-жігерін жариялаған. Онда Қазақстанның 2008-2018 жылдар аралығындағы экологиялық жетістіктерін атаған. Оның алғашқысы ретінде, көптеген жаһандық қауіп төндіретін жануарлар түрлерінің популяциясын тұрақтандыру аталған.

Қазақстанда ақбөкендердің, еуропалық күзеннің, бұхар бұғыларының, қарақұйрықтың, сібір мускусының бұғысы мен қар барысының популяциясы тұрақты немесе тұрақты өсуде екені айтылып, бұл жетістік, бір жағынан, қорғалатын сирек кездесетін және құрып кету қаупі төніп тұрған жануарлар түрлерінің Қазақстанда ауланбайтындығымен және браконьерлікке қарсы іс-шаралардың тиімділігімен байланысты екені айтылған. Одан кейін Қазақстанда орман өсіру бойынша қарқынды жұмыс жасалғаны баяндалады. Қазақстанда Аралдың тартылуының жағымсыз салдарын азайтуға және орман алқабын 2030 жылға қарай 8,175 км2 көбейтуге бағытталған қарқынды орман өсіру жұмыстары жүргізілгені жазылған. Халықаралық ұйымның ресми сайты үкімет жеке жер пайдаланушыларды орман өсіру бастамаларын көтермелеуге де шақырғанын тілге тиек етуді де ұмытпаған.

БҰҰ ресми сайты Қазақстанның табиғатты қорғау үшін келесі үлесі ретінде өзен бассейнін басқаруды жүзеге асыруды жазады. "Посткеңестік геосаяси аймақ шеңберінде Қазақстан бассейндік басқару тәсілін енгізудегі бастаушылардың бірі" деп жазған халықаралық ұйымның ресми сайты су пайдаланушыларды тарту үшін бассейндік кеңестер құрылғанын және бассейндік келісімдер жасалғанына жоғары бағалайды. Сегіз бассейндік инспекция бірнеше облыстың аумағында орналасқан гидрографиялық бассейндерді қамтығанын жазады. Халықаралық ұйым Қазақстанның бұл сала бойынша жетістігі ретінде су туралы жаңа трансшекаралық келісімдер жасағанын атап өтеді. Қазақстан су саласындағы халықаралық ынтымақтастық саласында белсенді болғанын, көрнекті жетістіктерге Ресей Федерациясымен екі жаңа келісім (2010 және 2016 жж.) және Қытаймен су сапасы туралы жаңа келісім (2011 ж.) кіретінін баяндайды.

БҰҰ оған қоса Қазақстанның радиоактивті қалдықтарға ерекше назар аударғанын да атап өтеді. Оған мысал ретінде, Ақтау атом электр станциясында орналасқан натриймен салқындатылатын жылдам реакторды (БН-350) тоқтату 2010 жылы аяқталғанын жазады. 3000-ға жуық отын құрамасы Байкал-1 маңында дамыған уақытша сақтау орнына - елдің негізгі радиоактивті қалдықтарды сақтау қоймасына жеткізілгенін, оның Семейде орналасқанын да айтып өтеді. Қазақстанның тағы бір жетістігі ретінде, елдің газға ауысуының басталуы және мемлекеттің газ инфрақұрылымының дамуын атайды. Қазақстан энергетикалық қауіпсіздікті нығайту және қоршаған ортаға әсерін азайту мақсатында өзінің газ тасымалдау жүйесін дамытқанын баяндайды. "Қазіргі уақытта елдің белгіленген қуатының 87%-ы негізінен көмірді пайдаланатын жылу электр станцияларынан алынады. Алайда, сектор біртіндеп газға көшуде. 2008–2017 жылдар аралығында газ турбинасының қуаты 700 МВт-тан асып, 1675 МВт-қа дейін өсті" деп жазады Біріккен Ұлттар Ұйымының Еуропалық экономикалық комиссиясының ресми сайты.

Халықаралық ұйым Қазақстанның энергетикалық қызметтерге әмбебап қол жетімділік Қазақстан 100 пайыз электрлендіруге қол жеткізгенін де жазуды ұмытпаған. Ұйым сәбилер мен аналар өлімінің төмендеуін де Қазақстанның соңғы жылдардағы жетістігі ретінде баса атап өтеді. Ақпаратқа сәйкес, 2008–2016 жылдар аралығында нәресте өлімінің деңгейі 1000 тірі туғанға шаққанда 20,8-ден 1000 тірі туғанға шаққанда 8,6-ға дейін төмендеген. Ана өлімінің коэффициенті осы кезеңде 100000 тірі туғанға шаққанда 31,2-ден 100 000 тірі туғандарға шаққанда 12,7-ге дейін төмендеді. Қазақстандағы ана өлімі коэффициенті Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы бойынша орташа көрсеткіштің жартысынан аз.

БҰҰ Еуропалық экономикалық комиссиясының ресми сайты елдің жасыл экономика саясаттың басым бағытын жасағанын да жариялаған. Халықаралық ұйым 2013 жылы Қазақстан өзінің жасыл экономикаға өту туралы ұмтылыс тұжырымдамасын қабылдау арқылы жасыл экономиканы нақты саясаттың мақсаты еткенін жазады. Тұжырымдамада климатқа зиянсыз технологияларға негізделген ұзақ мерзімді өсу жолдары белгіленгенін айта келіп, "сол уақыттан бастап әртүрлі экономикалық секторлардағы және жердегі көптеген экологиялық акцияларға шабыт берді" деп мәлімдейді. Қазақстанның келесі жетістігі ретінде тұрақты даму мақсаттарын жүзеге асыру және бақылау үшін құрылған институционалдық негізді атайды. Халықаралық ұйым сайты 2018 жылы Қазақстанда тұрақты даму мақсаттары бойынша үйлестіру кеңесі құрылғанын, оны премьер-министрдің орынбасары басқаратынын және оны бес үкіметаралық жұмыс тобы мен хатшылық қолдағанын да жазуды қағыс қалдырмаған. "Кеңес тұрақты дамудың 2030 күн тәртібін іске асыруды үйлестіреді" деп жариялайды БҰҰ Еуропалық экономикалық комиссиясының ресми сайты.

Халықаралық ұйымның ресми басылымы сонымен қатар елдің алдағы 5-10 жылдағы экологиялық 10 басымдығын атап көрсетеді. Оған экологиялық аймақтағы тексерулердің тәуелсіздігін қамтамасыз ету және нығайту кіретінін мәлімдеген. БҰҰ Еуропалық экономикалық комиссиясының ресми сайты Қазақстанның экологиялық қорғау мақсатында төлемдер жүйесін реформалағанын, ірі жану қондырғылары үшін шығарындылардың шекті нормативтерін қатайтып және оларды модернизациялауды қамтамасыз еткенін, сол сияқты шараларды дамытып жатқанын жазады.

Қорытындылай келгенде, халықаралық ұйымдар және шетелдік басылымдар Қазақстанның түрлі ғаламдық қауіп қатерлерге қарсы тұру үшін жасаған еңбектері туралы терең сараптамалар жасаған. Нақтылап айтқанда, Біріккен Ұлттар Ұйымының ресми сайты Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіндегі рөлі мен жасаған маңызды істерін жазса, The Diplomat басылымы Қазақстанның соңғы жылдарда халықаралық ұйымдармен ынтымақтастығын және жаһандық сын қатерге қарсы тұруда аймақтағы жетекші ел болуда қосқан үлестерін егжей-тегжейлі хабарлаған. Ал Біріккен Ұлттар Ұйымының Еуропалық экономикалық комиссиясының ресми сайты Қазақстанның жаһандық жылыну қатері проблемасын шешуге  қосқан үлесі туралы хабарлап, Нұр-Сұлтанның қоршаған ортаны қорғауда жасаған жұмыстарын баяндаған.  

Связанные теги :

Оставить комментарий

Связанные Статьи