Әлия Әшім: Орынды сын айтқан аға-әпкелерімнен кешірім сұраймын

/uploads/thumbnail/20250716145520537_big.webp

Белгілі журналист, документалист Әлия Әшім өзінің facebook желісіндегі парақшасына кешірім сұрап жазба жариялады. Бұған дейін оның Абай Құнанбайұлының үйін таныстырып жүргендегі видеосы көпшіліктің наразылығын тудырған еді. Ол өз әрекетінің әбестік болғанын мойындайтынын жеткізді. 

"Сіздер — әкем, аға-әпкелеріммен қатар қауым үшін “Абайды қорлаған қыз” деген “атақпен” қаламын деп еш ойламаппын. Фейсбукте сирек отырамын, бірақ кешелі-бері өзім сыйлайтын, бой түзейтін кей азаматтардың постын оқып жүрегім ауырып отырғаны...

Осында тараған Қарқаралыдағы видеоның әбес болғанын мойындаймын. Оны ауылдағы әкем де ренжіп, ескертті. Сондықтан табалау емес, жанашырлықпен, орынды сын айтқан аға-әпкелерімнен кешірім сұраймын", деп жазды журналист. 
 
Сондай-ақ өзіне қатысты айтылған "Абайды қорлау мақсатында”, “қаралым үшін”, “топтар қаржыландырады” деген пікірлерге де жауап берді. 
 
"Шын мәнінде, біз — қазақтың мәдениетін, тарихын барынша насихаттауға тырысып жүрген командамыз (өзім солай деп үміттенемін, әріптестер айтсын).  АҚШ-қа оқуға кетпес бұрын қазақша контент, тарихи деректі фильмдер үшін біраз бизнес өкілдерінің есігін қағып, серіктестік ұсынатын едік. Қаншама презентация, пичиң өттік. Қолдағандар бірлі-жарым болды. Кейін елге оралған соң, үкіметтен, ешбір топтан ақша алмай, таза қазақ контентін коммерциализациялауға барымызды салдық. Қазіргі таңда Freedom Holding Corp., Bi Group, Aviasales, Sandyq Group, Halyq Bank іспетті ірілі-ұсақ біраз компаниялардың жарнамалық материалдарын жасап, одан түскен қаржыны тұтас ағартушылық жобаларға салып жүрміз. (ағартушылық жобаларға еш ұйымның ықпалы жоқ) Осы күнге дейін (таза өз қаржымызға) “Қонаев дәуірі”, “Біз неге орысша сөйлейміз?”, “Желтоқсан” деректі фильмдерін түсірдік. Кейін дәл осы тақырыптарды әлеуметтік желіде (TikTok, Instagram) барынша жастар қызығатындай формада беріп келдік.", делінген Әлия Әшімнің жазбасында.  

 

Связанные Статьи