Қытайда жоғалған күйеуін табуға көмектесуді сұраған әйелге айыппұл салынды

/uploads/thumbnail/20250808114034824_big.webp

Қытайда жоғалған Әлімнұр Тұрғанбайдың әйелі Гүлдәрия Шеризат Алматы соты өзіне айыппұл салғанын хабарлады Азаттық радиосы. Бір күн бұрын Гүлдәрия Шеризат бала-шағасымен әкімдік алдына барып, әкімнің шығуын талап етіп, күйеуін тауып беруге көмектесулерін сұраған. Бірақ айтуынша, оны полиция ұстап алып, бірнеше сағат полицияда ұстаған.

“Айыппұл төлейтіндей жағдайым жоқ, жолдасымды іздеймін бе, әлде айыппұлға ақша іздеймін бе? Оданша қанша тәулік болса да жатып, соны өтеп кетейін” десем “кәмелет жасқа толмаған балаңыз бар екен” дейді” деді ол 7 тамызда Азаттыққа.

Сот 6 тамызда онлайн өтіп, судья Алдабек оны “бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзу” бабы (488-бап, 7-бөлік) бойынша кінәлі деп таныған.

Сот шешімінде Шеризаттың “Тәуелсіздік монументі алдында жолдасының суреттерін ұстап алып, рұқсатсыз шеру, пикет ұйымдастырғаны, осылайша бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзғаны” жазылған. Сотта Шеризат тағылған айыпты мойындаған.

48 жастағы Әлімнұр Тұрғанбай 23 шілдеде Қытайға жұмыс бабымен кеткен, содан бері хабар-ошар жоқ. Әйелі қасында болған адамдар оны Қытай шекарасында полиция ұстағанын айтқан. Туыстары Қазақстан мен Қытай органдарынан мардымды жауап ала алмаған. Әлімнұр Тұрғанбай Қытайдан отбасымен бірге 2016 жылы көшіп келіп, 2017 жылы Қазақстан азаматтығын алған. 

Қазақстан сыртқы істер министрлігі жағдайдан хабардар екенін, Қытайға сауал жолдағанын айтқан.

Связанные Статьи