Жамбылда астық жинау науқыны қызып тұр

/image/2019/07/23/crop-15_78_662x1177_04.jpg

Қазіргі кезде қыр төсінде қым-қуыт тірлік басталып, ақ егіске де орақ түсіп үлгерді. Одан бөлек, бау-бақша дақылдары мен стратегиялық маңызы зор қант қызылшасынан да өнім алатын уақыт таяп келеді. Осыған байланысты, Жамбыл облысы Шу ауданында ауылшаруашылығы саласының аяқ-алысын байқауға бел буған аудан әкімі Жарылқасын Айтақов пен аудан әкімінің орынбасары Әлихан Балқыбеков  бірқатар ауылдық округтегі егістік алқаптарын аралады.

Ең әуелі, аудан іргесіндегі Қонаев ауылдық округіне атбасын бұрған Ж.Әбдіғапарұлы ондағы «Алижан» шаруа қожалығының егістік алқабын дүбірге бөлеген шаруалардың еңбегін көзбен көріп қайтты. 1999 жылы құрылған аталмыш қожалықтың бүгінде 100 гектарға жуық суармалы жері бар. Шаруашылық жетекшісі Ильяс Закрияевтың айтуынша бірнеше гектар күздік бидай, 22 гектар жүгері, 6 гектар қант қызылшасы және дәнді дақылдар егуде екен. Сәтін салса, қыркүйек айынан бастап қант қызылшасы мен жүгеріні жинауға кіріспек ниетте. Шаруалардың еселі еңбегіне куә болған аудан басшысы шаруашылық иесіне сәттілік тіледі.

Бұдан кейін Ж.Айтақов Жаңа Жол мен Ескі Шу ауылдық округтерінің шаруаларымен де кездесті. Алдымен Белбасар ауылындағы «Қызылша» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жұмысымен танысқан аудан әкімі алқаптың бүгінгі жай-күйін көзбен көрді. Аталмыш ауылдан 300 гектар жер алып, қант қызылшасын егуді қолға алған серіктестікте науқандық жұмыс кезінде 40-қа жуық инженер, оператор, агрономдар мен ауылшаруашылығы мақсатындағы су жаңа техникалар тынымсыз еңбек етті. Қант қызылшасын егу жұмыстарын сәуір айының басында бастаған серіктестік бүгінгі күні 306 гектар жерді толығымен игерген. Олар 300 гектарға немістің «акация» және «виорика» сынды тұқымын егіп, қалған 6 гектар аумаққа өздерінің зертханасы үшін өзге де тұқымдарды егіпті. Аталмыш серіктестіктің құрылғанына көп уақыт болмаса да олардың материалдық-техникалық әлеуеттері үлкен екендігіне шаруашылықпен танысу барысында көз жеткіздік. Өйткені, жергілікті жердегі 40-қа жуық тұрғынды тұрақты жұмыспен қамту кез келген серіктестіктің қолынан келе бермейтін іс екені белгілі. Оның үстіне, мұндағы ауылшаруашылығы мақсатындағы техникалары да ең соңғы қондырғылармен жабдықталған. Алайда, аудан әкімінің егістік алқаптарға іссапары барысында аталған 300 гектар жердегі тәтті түбірдің басым бөлігіне ағын су дер кезінде жетпей, бірқатар мәселелердің де туындағанын білдік. Дейтұрғанмен, серіктестік мұнымен тоқтап қалмай, жиын-терін жұмыстарын толықтай орындап, қолда бар егістіктен мол өнім алуды көздеп отыр.

Сонымен қатар, аудан басшысы дәл осы ауылдағы «Сейдазим» шаруа қожалығының егістік алқабында да болды. Аудан әкімінің орынбасары Әлихан Балқыбековтың айтуынша, аталмыш қожалықтың иесі егіп отырған 134 гектар жердегі «Наз» тұқымды күздік бидай жақсы өнім беруде. Ал, жалпы аудан бойынша 14700 гектар күздік бидай болса, 21640 гектар жерге жаздық арпа егіліпті. Тұтастай алғанда 36 мың гектардан аса жерге себілген ақ егістің бүгінде 50 пайызы түгелдей ораққа түсіп, жиналыпты. Орташа өнім гектарына 19-20 центнерден болуда.

Аудан әкімі Ж.Айтақов үстіміздегі аптаның басында Шу қаласы Тоғай массивіне атбасын бұрып, ондағы 300 орындық мектептің құрылыс жұмыстарымен танысты. Нысанның құрылыс жұмыстарына жауапты «Құрылыс ТЭД» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің учаскі бастығы  Амангелді Жұмағалиевтың айтуынша, қазіргі кезде мұндағы құрылыс жұмыстары 70 пайызға орындалып, бөлінген қаржы да жоспарға сай игеріліп жатқан көрінеді. Өз кезегінде аудан басшысы құрылысқа жауапты мамандарға білім ошағының құрылыс жұмыстарын оқу жылы басталғанға дейін аяқтауды тапсырды. Тиісінше, мұндағы құрылысшылардың санын арттырып, жұмысты жылдам әрі, тиянақты орындау керектігін айтты.

Шапағат Қонысбай 

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар