Өнердің ажары, ортаның базары еді...

/image/2019/09/16/crop-6_4_333x443_nur.jpg

Уақыт мырза дегенін істетеді, амал жоқтықтан өткен шақпен сөйлеуге мәжбүрміз. Өнердің ажары, ортаның базары еді-ау, Нұрберген. Бұл сөзіміз оның бойына олқы соғады, сезіп отырмыз. Расында ол дүниеге ілуде бірер келер адамзаттың алдаспанындай жарқылдап жүрді. Өткір еді. Сөйлесе шешен, топ бастаса көсем,  достыққа адал, батырлығы мен жомартығы да бар, сегіз қырлы, бір сырлының нағыз өзі болатын. Шаршы топтың ортасынан бірден жұрттың назарын аударып, жігіттің сұлтаны екендігін еріксіз мойындататын. Ойлылығы мен алғырлығы, сөзі мен ісі бірге қабысып, адамдарды баурап алатын қасиеті айрықша-тын. Ортаншы ұлы Нұрым екеуі бірдей, жол -автокөлік апатынан бақилық болды. Артында балалары, жан жары Бота қалды аңырап. 2006 жылы тура төртінші мүшелінде жарқ етті де, өмірден өтіп кете барды-ау!

        Әлі есімде, кеңес одағының астанасы Мәскеуде олимпиада өткен сексенші жылдың жаз айы, облыс орталығы Қызылорда қаласында  волейболдан  аймақтық турнир өткізілді. Алғашқы топта өз қарсыластарынан басым түскен  Жаңақорған ауданының құрамасы іріктеу турында осындағы айтулы команданың бірі қала құрамасымен бетпе - бет келіп қалды. Алғышқы кездесулерде тура соққысымен қарсыластарының мысын басып, тосқауыл қоюда да мәртебесі үстем болып жүрген бойшаң спортшыларымыз Оңал мен Ескендір алғашқы сәттерден бастап, қала құрамасының нөмірі үшінші ойыншысына есе жібере бастады. Ұзын бойлы көзілдірікті жігіт тура соққыдан жалтарып, доп тор үстіне көтеріле бергенде-ақ, шалт қимылмен оңға не солға қарай қиястай тастай салады. Біздің жігіттер ауаға асылған күйі бір ұпайдан айырылып түседі. Мұнысы да әншейін екен, енді әріптесінен пас күтпей-ақ, ортада тұрып, екінші допты алыстан ұрып жіберетін өнер шығарды, әлгі үшінші нөмір. Мұндайда тосқауылды қай жерге қоюды болжай да алмайсың, кейде оған үлгермей де жатасың.  Не керек, көзілдіріктінің бір өзі-ақ, талай ұпайды олжалағаны. Әккі ойыншы екендігін көрсетті. Екінші ойыннан кейін-ақ, біздің жігіттер де сапырылысу байқалды. Командалық ойында бір маза кетсе, қайта жұмырықтай жұмылу қиындау. Не керек, осы жеңілістен соң турнирдің басты жүлдесіне қол соза алмай, үшінші орынды қанағат тұтуға тура келді. «Не болды» деген жанашырларға қу тілді Оңал: «Зор шықты ғой..,» деп зілсіз тіл қатады. Кейіннен білдік, облыс құрамасының беткеұстар ойыншысының бірі - Нұрберген Тастаев осы жігіт екен. Пединституттың үшінші курс студенті. Бұл кейіпкеріміздің спорттағы алғырлығы, яғни бойындағы бір қыры ғана еді. Кейіннен жоғары оқуды  бітіріп, өзі өскен ортаға келген соң СПТУ-да комсорг, аудандық партия комитетіндегі қызметінде, колледж директоры лауазымында жастарды спортқа бейімдеу, олардың бойындағы талантты ашудан бір тартынған емес. Ал аудандық мәдениет бөлімінің меңгерушісі, аудан әкімінің орынбасары қызметтерінде бұл жанашырлығын тіптен еселеді; өнерге, спортқа бейімі бар жастар Нұрбергеннің маңына үйіріліп, алға қарай талаптанатын еді. Бұл күндері жазушы, журналист атанған осы жолдардың авторы да өнер жанашыры Нұрекеңнің қамқорлығын бір кісідей көргендігін жасыра алмайды, мақтана айтады. Жасы кіші болса да, ағадай қарасқан, талай кездесулерін ұйымдастырып, рухтандырып, сенімін нықтап, кітаптарының таралуына көмектескенін қалай ішіне сақтайды. Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын демей ме қазекем. Бір кісі емес, осы бір пікір  талайдың ойында жүргені ақиқат. Әншілікке бейім досы, мұғалім Жұмағали Ібішов, Жаңақорған аудандық мұражайының директоры Нәбихан Шалапов, әнші Әбсұлтан Байкенжеев, журналист-сықақшы, «Ара кz» газетінің жауапты хатшысы Үміт Зұлхарова, кәзір республикада танымал волейбол командасының бапкері атанған байкенжелік Батыр Бабаев тағы басқалар Нұрберген Тастаевтың есімін асқақтатып, әрдайым құрмет тұтады. Қай бір жылы Жаңақорған ауданының өнерпаздары өз күштерімен үлкен жиын өткізіп, әнші-сазгер, жыршы-термеші, спортшыны еске алды. Жер-жерден келген әріптестері өмірде өшпес із қалдырған азаматтың есімін ұлықтап, өнегісін тамсана әңгімеледі. «Өнерде дес бермеген дара тұлға» деп аталатын әншілер байқауы 2007 жылы өткізіліп, қаншама жас өреннің өнер табалдырығын аттауына мұрындық болды, десеңізші. «Жақсыдан –шарапат» деген осы ғой.

      Тума талант Нұрберген Тастаев Назарұлы Жаңақорған қонысындағы № 3 мектеп-интернатта сегізжылдықты бітірсе,  1974 жылы аудан орталығындағы № 163 онжылдықты жақсы бағамен тәмамдап шықты. Мектеп қабырғасында жүріп-ақ, өзін сан қырынан таныта білген ол мектеп құрамасының белді ойыншысы, көркемөнерпаздар ұйымының айтулы мүшесі де болды. «Ағайлардың шұғыл шаруасы, не мектеп ұжымының жиналысы өтетін болса, сабақты ары қарай жалғастыруды Тастаевқа сеніп тапсырып кете беретін еді», дейді оның сыныптастары сонау жылдардағы балалық шақтарын сағына еске алысып. Сол кезден-ақ оның көшбасшылыққа лайық болғандығы осындай естеліктерден еске түседі.

       –Әкеміз қой бақты. Біздің де көп уақытымыз сол қара қойдың соңында

өтетін-ді. Малды шөбі шүйгін жерге топтастырып, концерт қойып ойнайтын жерім, тарихи орын Қорасан Атаның маңы еді. Мектеп бітірген соң қабілетіме сай өнер институтына түсуге мүмкіншілігім жетті, талай байқауларда жеңімпаз болған мені, арнайы өздеріне шақырғандар да болды. Алайда, совхоз директоры болса деген арманның жетегінде, Қызылорда қаласындағы Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институтының филиалына оқуға түстім,-дейтін-ді ол кейде балалық армандарын еске салып.          

       Сыр өңірінің мәдениеті мен спортына айтарлықтай үлес қосқан Нұрберген Назарұлы отыздан астам ән шығарса, өзінің орындауындағы «Көңіл сыры», «Гүлім», «Арман-ай, он сегіз», «Жанымда бір жүрші тым болмаса», «Қыркеңсем», «Туған жер» әндері керемет әсер сыйлайтын еді, тыңдаушыға. Бір ерекшелігі барлық дерлік әндерінің сөзін өзі жазатын  таланты өнерпаз. Оның екі жыр жинағы да жарық көріп, оқырмандарына жол тартты. Айтыс додаларына түсті, талай байқауларда жеңімпаз болды, Қ.Р. Мәдениет қайраткері атағын иемденді.

     Осы мақаланы жаза отырып аталаларымыздың: «Бір кісі жаққан отқа мың кісі жылынады» деген нақылы есімі түседі. Шиелінің Қарғалы ауылында Сейтмұхан деген әнші жігіт болды. Кейіннен аудан оралығына көшіп келді, дос-жаран ретінде араластық. Алланың бұйрығы да біртіндеп, жанары солып, тіптен табан жолын көрмейтін халге жетті. Алайда, келіншегі Әлия екеуі қосылып, барынша әуезді ән салатын оларды жұрт үйінде отырғызбайды, қайда жиын, қайда той, соның құрметті қонағы. Дыбыс күшейткішш аппараттарды мүлде қолданбай, тек аккардионмен ән салатан олар, құдалықтың, шағын туған күн мерекесінің гүлі десе жарасымды. «Алланың құдіреті шексіз ғой, ән салатын қабілет бергенін қарасаңшы! Әйтпесе мен кімге керекпін, далада қалар ма едім,» деп өзі де күніге мың қайтара шүкіршілік айтады. Сол жігітке бір күн отырып, Тастаевтың «Туған жер» әнін үйреттім, әуезін болса да қағып алады ғой, ал сөзін жаттату қиынға соқты, өйткені, өзі оқуға көзі көрмейді, нешеме мәрте қайталай отырып, ақыры жаттап алды. Олар кәзір жеті-сегіз жылдың көлемі Бурабай маңындағы Шортанды қаласында тұрады. «Онда еліміздің барлық аймағынан келіп,тұрақтап қалған азаматтар баршылық. Адам қанша жағдайы жақсы болса да, қашанда кіндік қаны тамған жерді, өскен ортасын аңсайды. Содан да болар, маған Нұрберген Тастаевтың «Туған жер» әнін орындап беруді өтінетіндер көп. Әрине, өзім де Қарғалымды көз алдыма елестете отырып, ән салып беремін. Көңіл әуеніндегі жұртшылықтың көбісі көзіне жас алып, туған жерін сағына еске алады. Бірі 10 мың теңге, бірі 100 доллар тастайды. Шынымды айтсам, күнімді осы әнді айту арқылы көріп жүрмін, шерімді де тарқатамын», –дейді әнші Сейтмұқан елге келгенде ағынан жарылып.

       Нұрберген жас та болса, ел де көрді, жер де көрді. Талай алыс сапарларға да барды. Дос –жараны, сыйлас аға-інілері де мол еді. Қазақ әдебиетінің абызы Әбіш аға Кекілбаев, батыр журналист-баспагер Нұрмахан Оразбек, қазақтың Қадыры атанған Қадыр Мырзалиевтер Нұрбергеннің болашағына сенімді, тілектес ағалары еді. Білгенге, жұртпен тіл табыса білу, өзгені сыйлай білу, өзін сыйлата білу көргенді жанның тіршілігі, деп бұл мақаламызды тәмамдаймыз. Өйткені, өнегелі жанды есте сақтау - жас ұрпақтың тәрбиесі мен болашағына да қажет.

 Нұрмахан ЕЛТАЙ,

Қызылорда облысы

 

 

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар