Латын әліпбиі. Талқыға түсетін мәселелер әлі бар

/image/2019/12/26/crop-10_0_1098x1464_latyn.jpeg

Елордада Президенттің тіл реформасына байланысты  Ұлттық қоғамдық сенім кеңесіндегі ойларынан өрістейтін бастамаларды жүзеге асырудың бағыттары мен міндеттерін айқындауға арналған Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен жиын өтті.

–Бүгінгі жиынымыздың мақсаты бекітілген әліпбиімізге Ұлттық комиссия жанындағы Орфографиялық жұмыс тобы ғалымдарының енгізген ұсыныстарын тағы бір мәрте зерделеп, басқа халықтарда жүргізілген тіл реформасына тереңдеп қарап, түйін түю, қорытынды жасау болып отыр. Осы жиынды пайдалана отырып, ағымдағы жылғы 19 желтоқсанда өткен Қазақстан Республикасы Үкіметі отырысында Қазақстан Республикасындағы тіл саясатын іске асыру жөніндегі 2020–2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаның мақұлданғанын хабарлаймын.  Мемлекеттік бағдарламаның негізгі бірінші міндеті – латынграфикалы әліпби негізінде қазақ тілін жаңғырту, -деді  Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов.

–Жазу реформасының сәтті, әрі уақтылы  жүзеге асуы үшін мына нәрселерге баса назар аударған дұрыс деген ойдамын, –деді Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының орфография басқармасының басшысы Гүлфар Мамырбек.

Атап айтқанда, «Президент әліпбиді жетілдіруге байланысты шешім қабылданған соң қоғам пікірімен санасу мақсатында жекелеген азаматтар тарапынан ұсынылған әліпби жобалары талқылаудан өтіп жатыр. Бұл әрине, пайдалы, дұрыс. Десек те, алдағы уақытта келіп түсіп жатқан бұндай жобалардың  әрқайсысын талқылауға уақыт кетірмей, орфографиялық топ мүшелері дұрыс деп таныған, оңтайлы әліпби жобасы тез арада Үкіметке ұсынылуы керек. Себебі, ұлттық жазудың шарттарына сәйкес келмейтін, қазақ жазуына жарамайтын әліпби жобаларын талқылауға уақыт кетірудің қажеті жоқ.

      Бір дыбыс бір таңбамен белгіленуі керек, әр дыбысқа жеке-жеке таңба арналуы керек, диграф, триграфтар әліпби құрамында болмауы керек деген принциптен ауытқымауымыз қажет, бұл орфографиялық жұмыс тобының қарары ретінде ресми түрде ұсынылғаны дұрыс. Бұндай ресми түрдегі қарардың болмауы кесірінен әліпби жобасын ұсынушылар тарапынан екі дыбысты бір таңбамен беру, т.б. кемшіліктер орын алып жатыр.

Жазу реформасына қоғам бей-жай қарамайтыны анық, осы тұрғыдан алғанда ғалымдар тарапынан болсын, халық тарапынан болсын пікір қайшылық пен дау-дамайдың орын алу заңдылық және бұны тоқтатпаса ол жалғаса береді, ешқашан тоқтамайды. Сол үшін дұрыс деп танылған 4-ші әліпби мен емле ережесі  ресми түрде арнайы Жарлықпен бекітілуі керек (мақұлдану емес). Емле ережесі бекітілгеннен кейін жүйелі жұмыс жүреді. Латын әліпбиіне көшу жұмыстарының барлығы осы емле ережесіне тіреліп отыр,-деп  ойын өрбітті Гүлфар Мамырбек.

 Ал емле мәселесі төңірегінде   «Қазір 42 әріп 32 әріпке түскеннен кейін емледегі ең көп өзгеріс кірме сөздерді таңбалауда болып отыр. Осы мәселеде пуристік бағытты ұстанушылар мен керісінше жақтамаушылар тарапынан пікір екіге жарылды. Пуристік бағыттың жағымды да, жағымсыз да тұстары болатындығын ескеруіміз керек. Министр сөзін міністір, университет сөзін үніберсітет, фильм сөзін пілім деп жазғаннан ешкім патриот болып кетпейді, бұлайша түбегейлі төңкеріс жасауға асықпауымыз керек. Себебі біз ХХ ғасырда емес, ХХІ ғасырда ақпараттық технология дамыған заманда, үштілділік жүйесі бар қоғамда отырғанымызды және кирил санадағы халық пен латын санадағы жас ұрпақтың аралығында отырғанымызды ұмытпағанымыз жөн. Тілдік реформа деген жазуды, орфографияны жеңілдету екендігін ескерсек, базалық нормада қалыптасқан сөздерге түбегейлі төңкеріс жасау қалам ұстаушыларға жеңілдік емес, қиындық тудыратыны сөзсіз. Сол үшін бастапқы кезеңде әліпби құрамында таңбалары жоқ кірме сөздердің жазылымын реттеуге баса назар аударылғаны дұрыс»-деп ойын түйіндеді Гүлфар Мамырбек.  

Жиын барысында қазақ тілінің латын әліпбиіне көшіру кезеңіндегі тілдік реформаның орны мен маңызы, тілдің ішкі әлеуеті мен экстралингвистикалық факторлардың әсері, тілді оқыту мен үйрету әдістемесін оңтайландыру, тілдегі ықшамдалу үдерісі, халықаралық тәжірибелер, әсіресе, түркі, ағылшын, орыс тілдеріндегі реформалар барысы туралы Назарбаев Университетінің, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық, Қазақ бизнес және технология университеттерінің, Еуразия гуманитарлық институтының ғалымдары мен  онлайн-режимде Алматы қаласынан А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ғалымдары ой-пікірлерімен бөлісті.  

 

 

 

 

 

 

 

 

Қатысты тегтер :

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар