Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің https://www.kaznu.kz ректоры, т.ғ.д., академик Ғ.М. Мұтанов сапалы адам капиталы «білім қоғамын» қалыптастырудың негізгі факторы екенін атап өтіп, ол үдерісте жоғары оқу орындарының маңызды орнын айқындап берді: «Бұл үдерісте жоғары оқу орындарының алатын орны ерекше. Университеттер инновациялық экономиканы дамытуда зор рөл атқарады. Осы орайда,
Елбасымыз «жаңа Қазақстанның білім мен ғылымының форпосты» деп атаған еліміздің жоғары оқу орындарының қара шаңырағы – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті де Ел мұратына жетуге қосар үлестеріне үлкен жауапкершілікпен қарайды. Білім ордасы ғылыми дәстүр сабақтастығын үзбей, шығармашылық өрісін жылдан-жылға кеңейтіп келеді. Алға қойып отырған әлемдік деңгейдегі мақсаттары да ауқымды», - деп көрсетті.
Қара шаңыраққа айналған ұлттық университетіміз ең бірінші болып оқу жүйесіне кредиттік технологияда білім беруді толығымен енгізгенін айрықша атап өткен жөн. Халықаралық сапаға лайық етіп мамандарды дайындауда бұл көптеген дамыған елдерде қолданылатын технологияның біздің елде, ҚазҰУ-да толығымен енгізу мәселесі күрделі үрдіс болды. Ең басты артықшылығы кредиттік технологияға сай оқу бағдарламаларын, стандарттар мен интранет жүйесін, педагог-кадрларды жаңашылдыққа үйрету мәселелері кешенді түрде тез арада қолға алынды.
Киелі қара шаңырақ астында ғылыми-зерттеу бағытында маңызы бар, ауқымды іс-шаралар жүзеге асырылып жатыр. Осы орайда, халықаралық ғылыми институттар мен орталықтармен тығыз байланыс орнатып, тәжірибе алмасу мәселесі қарқынды дамып жатқанын ескерген жөн. Оқытушылар мен студенттер тәжірибе алмасу мақсатында шетелдерге баруға, оқуға мүмкіндіктер алды. ҚазҰУ қабырғасында жаңа жүйедегі ғылыми-зерттеу институттары мен орталықтар, бүгінгі талапқа сай жабдықталған ғылыми зертханалар жұмысы іске қосылды.
Сонымен қатар университет жастарының білім алу барысында тек отандық ғалымдарымыздың дәрістерін тыңдатумен ғана шектелмей, шетелдің беделі жоғары, танымал ғалымдарын арнайы дәріс оқытуға шақырып, жиі тәжірибе алмастыруға ден қойып отыр. ҚазҰУ тәжірибе алмасу, ынтымақтастықты дамыту және студенттер мен оқытушылар ұтқырлығын дамытып, екі жақты алмасып оқытуда, сонымен бірге заманауи халықаралық білім бағдарламалары бойынша әлемнің ең ірі 400-ден аса университетімен әріптестік орнатқан.
Бұл жоғары оқу орнының білім мен ғылым дамуына қосып отырған үлесін беделді халықаралық ұйымдар да атап көрсетуде. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті QS топ-университеттер рейтингісінде әлемдік 200 топ университет арасында 165-ші орынды иеленді. Бұл сатыны бағындыруы бізді одан әрі жігерлендіріп, қанаттандырады.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті ғылым, білім беру мен инновацияның орталығы ретінде жаңа технологиялар мен инновациялық әдіс-тәсілдерді алдағы уақытта да жоғары деңгейде енгізіп, қалыптасқан Қазақстан Республикасының дамуына айтарлықтай өзіндік үлес қосып, ең үздік, әлемдік деңгейдегі университеттер қатарынан орын алатыны анық.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті
Жоғары оқу орнына дейінгі білім беру факультеті
Жоғары оқу орнына дейінгі дайындық кафедрасының
оқытушылары Ибрагимова М.Н., Мужигова Г., Нусупбаева С.А.
Пікір қалдыру