Қазақстанда енді ескі көліктерді пайдалануға тыйым салынбақ деген қауесет тарады. Бұл заңға бағынбай, ескі көлігін тастамай жүргендердің мемлекеттік нөмірі тәркіленіп, 1 млн 400 мың теңге айыппұл салынады-мыс.
Қазақстан үкіметін экологияның ластануы қатты мазалай бастапты. Бұл экологияны басқадан бұрын ескі көліктер екен оңдырмай ластап жүрген. Сондықтан осындай заңды амалсыз енгізбек екен. Бұл пилоттық жоба Алматыдан басталады дейді ұзынқұлақ.
Жалпы, қазіргі халқы кедей Қазақстанда ескі көлікпен жүруге тыйым салудың қандай да бір қисыны бар ма? Қаржыгер Сәбит Рысбаев ескі көліктерге тыйым салынуы үшін алдымен халықтың жағдайы жасалуы тиіс дейді.
«Жалпы, ескі көліктерді жүргізбеуді қолдар едім. Рас, ескі көліктерде адам өлімі көбірек болады. Бірақ біз қазір ондай жағдайда жүрген жоқпыз. Яғни, бізде көлік арзан болса, жағдайды түсінуге болар еді. Бірақ бізде көліктің бағасы удай ғой. Бізде тұрған қытайдың көлігі Қытайдың өзінде екі есе арзан. Кедендік одақ, Еуразиялық одақтың ішінде де Қазақстанда көліктің бағасы бәрінен қымбат. Өйткені бізде көлікке салынатын алым-салықтар өте көп. Анау утилалым салығы 2016 жылы енгізілді. Ондағы мақсат көлік паркін жаңарту болатын. Арада 8 жыл өткен соң керісінше, автопарк қатты ескіріп кетті. Баға есіріп кеткен соң халық амал жоқ, ескі көліктермен жүруге мәжбүр. Шатаспасам, 2022 жылы амортизацияны 50 пайызға түсіргенімізбен де көлік бағасы арзандамады. Жылдан жылға МРП мен басқа да салықтар өсуде.
Айыппұл мәселесі онсыз да халықтың ашу-ызасына тиіп отыр. Ешкім еріккеннен ескі көлік айдамайды. Мүмкіндігі болса, жаңа көлік алып, ескімен ешкім өзін-өзі қинағысы келмейді ғой? Амал жоқтан, жаңаға жағдайы жетпегеннен ескі көлікті мінуге мәжбүр. Осыны біздің билік, үкімет түсінуі керек. Сондықтан, егер жаңа көліктің бағасы қолжетімді болса, онда ескі көліктерді жүргізуге тыйым салуды қолдар едім», дейді сарапшы.
Ескі көліктерге тыйым салған дұрыс, деп қосады эколог Азаматхан Әміртай. Бірақ дәл қазіргі халық қолдауға зәру кезеңде оған тыйым сала алмайды.
«Экологияны аялауға келсек, ескі көлікке тыйым салудан басқа да шешімдерді қарастыруға болады. Мысалы, халықты шағын, жеңіл көлікке үйрету керек. Біріншіден, халықтың қалтасы көтереді, екіншіден, барлық жағынан шығыны да, зияны да аз. Еуропа халқы сондай жолды таңдаған» дейді эколог.
Пікір қалдыру