Бұл - 1951 жылы Нью-Йорк қаласында баспадан шыққан "Кеңестер Орта Азияда" кітабы. Ұлыбританиялық зерттеуші Зелда Коутес пен Уиллиям Коутес бірлесіп жазған бұл кітап сол кездегі кеңес одағындағы республикалардың жағдайын баян етеді.
Жамбыл атындағы музейдің қазіргі директоры, Жамбыл Жабаевтың немересі Салтанат Тезекбайқызы Жамбылованың сөзінше, бұл сурет негізінен ІІ дүниежүзілік соғыстан бұрын түсірілген болуы керек.
- Ол кісінің суреттері өте көп, бірақ мынау өзгеше сурет екен. Өйткені бұл жерде отырған кісілер де – бізге таныс адамдар. Сол жақта малдас құрып отырған кісі – Ғали Орманов, Жамбыл атамыздың әдеби хатшысы болған. Ал ақ жейделі, жерде жантайып жатқан – атамыздың аудармашысы, хатшысы Павел Николаевич Кузнецов, ар жағында отырған кісі Қадыр Хасенов. Атамыздың біраз өлеңін ұйғыр, қытай тіліне аударған. Оң жақта жантайып жатқан кісі – менің әкем Тезекбай Жамбылұлы. Ал киіз үйдің босағасында отырған – атамыздың ұлы Қожаштың қызы Ділдәхан тәтеміз. Ол кісі сексен жастан асып қайтыс болды. Біз бұл суретті көріп, қуанып қалдық. Атамыздың 1936–1945 жылдар аралығындағы суреттері бізге жеткен, ал оның алдындағы кезден 1913 жылғы бір сурет қана бар, осы жылы Романовтар әулетінің патшалық құрғанына 300 жыл толуына байланысты Жетісу өңірінен 15 ақынды ақ патшаны мақтап, өлең айтасыңдар деп шақырған екен, сондағы суреті сақталған. Мен 1981 жылдан бастап атамыздың атындағы музейде жұмыс істеп келемін, ғылыми қызметкер, қор сақтаушы болып қызмет атқардым. 2018 жылдың аяғынан бері Жамбыл атындағы музейдің директоры болып жұмыс істеймін, бұл суреттің бізде қалай сақталмай қалғанын білмеймін", - дейді
Пікір қалдыру