Бүгін Қазақстан Республикасы осы қасиетті мұратқа қол жеткізгеніне 30 жылдан асып, әлем алдында өзінің дербес жолын сәтті бастаған жас мемлекет. Бұл жылдар ішінде еліміз сан салалы жетістіктерге қол жеткізіп, саяси, әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуында жаңа белестерді бағындырды.
Тәуелсіздік бізге не берді? Ең алдымен, өз тағдырымызды өз қолымызбен қалыптастыру құқығын берді. Экономикалық жағынан мықты елге айналып, өзінің ұлттық құндылықтарын сақтай отырып, модернизацияға бет бұрған мемлекет болуға ұмтылды. Қазақстан осы уақыт ішінде экономиканы қайта құруға, жаңа саяси институттарды енгізуге, білім беру жүйесін жетілдіруге және жастарды қолдауға бағытталған көптеген реформалар жүргізді.
Бүгінде елімізде мемлекеттің тұрақтылығына қолдау көрсететін білікті кадрлар даярлануда. «Болашақ» бағдарламасы қазақстандық жастарға әлемнің озық университеттерінде білім алуға мүмкіндік берді. Тәуелсіздік жылдары елімізде жоғары технологияларды меңгерген жаңа мамандар мен білікті кәсіби мамандардың жаңа толқыны қалыптасып келеді.
Осы бағдарламаның маңызын айқындайтын бір мысал – қазіргі таңда ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Болашақ» бағдарламасының кеңейтілген жобаларының бірі – «500 ғалым» жобасы. Бұл жоба еліміздегі ғылым саласының дамуына серпін беріп, ғылыми-зерттеу жұмыстарымен шұғылданатын ғалымдарға шетелде біліктілікті арттыруға, жаңа технологиялармен және ғылыми жетістіктермен танысуға, тәжірибе алмасуға үлкен мүмкіндік беруде. Жоба аясында ғалымдар әлемнің жетекші ғылыми-зерттеу институттары мен жоғары оқу орындарында тағылымдамадан өтеді. Бұл өз кезегінде Қазақстанның ғылыми әлеуетін арттырып, зерттеу саласында заманауи әдістер мен құралдарды енгізуге ықпал етеді. Осы бастама ғалымдарға өз салалары бойынша заманауи әдіс-тәсілдерді меңгеруге, жаһандық ғылыми қауымдастықпен байланыс орнатуға және халықаралық деңгейдегі зерттеулерге қатысуға мүмкіндік береді.
Мен де «500 ғалым» жобасының қатысушысы ретінде Түркияның Анкара қаласында Қажы Байрам Вели университетінде тағылымдамадан өту мүмкіндігіне ие болдым. Бұл тәжірибе мен үшін зор құнды болды. Тағылымдама барысында Түркияның білім беру жүйесімен және ғылыми зерттеу әдістемелерімен таныстым, сондай-ақ халықаралық әріптестермен бірлесе жұмыс істеп, өз саламдағы білімімді кеңейттім. Бұдан бөлек, түрік ғалымдарымен тәжірибе алмасу менің кәсіби дағдыларымды нығайтып, зерттеу жұмыстарымның ауқымын кеңейтуге септігін тигізді.
«500 ғалым» жобасы отандық ғылымды қолдаудың маңызды тетігіне айналды деп айтуға болады. Ғалымдардың тағылымдамадан өтіп, тәжірибе жинақтауы еліміздің ғылыми әлеуетін арттыруға және халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті мамандар даярлауға бағытталған қадам.
Қазақстанның сыртқы саясатта бейбітшілік пен тұрақтылық қағидаттарын ұстануы — еліміздің халықаралық аренадағы беделін көтерді. Бүгінгі таңда Қазақстан түрлі халықаралық ұйымдарда белсенді, бұл өз кезегінде елдің қауіпсіздігі мен әлеуметтік дамуын нығайтуға ықпал етеді.
Біздің болашағымыз қандай болмақ?
Тәуелсіздіктің туы желбіреп тұрған уақытта ұрпақ алдындағы негізгі міндет — осы қол жеткен табыстарды одан әрі нығайту. Еліміздің әрбір азаматы ұлт болашағы үшін жауапты. Тәуелсіздіктің қағидаттарын құрметтей отырып, еліміздің дамуына үлес қосу — бүгінгі ұрпақтың басты парызы.
Қазақстанды жаңа жетістіктерге бастайтын жол — бірлік пен тұрақтылық. Тәуелсіздікті нығайтып, Мәңгілік Елге айналдыру үшін бізге тек экономикалық жетістіктер ғана емес, рухани жаңғыру мен халықтық бірлік те маңызды. Бүгінгі тәуелсіз елдің ұрпағы тарихи тағылымдарды ұмытпай, ұлт болашағы үшін еңбек етуге дайын болуы керек. Тек сонда ғана тәуелсіздік рухы мәңгі жасайтынына сенімді бола аламыз.
Ендеше, Тәуелсіздік күні — тек мереке ғана емес, өткенге тағзым жасап, болашаққа сенімді қадам басатын кез. Еліміздің ұлы жолы — Мәңгілік Ел мұраты баянды болғай!
Жоғары оқу орнына дейінгі дайындық кафедрасының
аға оқытушысы А.К.Бегалиева
Пікір қалдыру