Қазақстан халқының 98,9% жаппай ауызсумен қамтылған

/uploads/thumbnail/20250214114343258_big.webp

«Халықты ауызсумен қамтамасыз ету және су қорын келешек ұрпаққа сақтау үшін жан-жақты шаралар қабылдау – біздің тікелей міндетіміз», – деді Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

2024 жылы 3100 шақырым сумен жабдықтау желісі салынып, қайта жаңартылды. Былтырғы жыл қорытындысы бойынша қазақстандықтардың 98,9%-ы сумен жабдықтау қызметтерімен қамтамасыз етілген: қала тұрғындарының 99,4%-ы және ауыл тұрғындарының 97,8%-ына сапалы ауызсу қолжетімді.

(Анықтама үшін: 2020 жылы ауыз сумен 93,8% азамат қамтылды, 2021 жылы – 95,6% , 2022 жылы – 96,5% , 2023 жылы – 97,8%).

Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру шеңберінде 2024 жылы еліміздің 6 өңірінде: Ақмола, Алматы, Қызылорда, Солтүстік Қазақстан, Маңғыстау және Ұлытау облыстарында топтық су құбырларын салу және реконструкциялау бойынша 8 жоба аяқталды. Бұл 208 мың тұрғыны бар 49 елді мекенді сумен қамту сапасын жақсартты. 

Еліміздің 9 облысы: Ақмола, Атырау, Алматы, Қызылорда, Маңғыстау, Түркістан, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан және Ұлытау облыстарында топтық су құбырларын салу және реконструкциялау бойынша 23 жобаны іске асыру басталды. 

Барлық жобаларды жүзеге асыру нәтижесінде 420 елді мекенді сумен қамту сапасын жақсарту үшін 2100 шақырымнан астам су құбыры салынады. 162 мың тұрғыны бар 67 елді мекен орталықтандырылған су жүйесіне қосылады. 

2024 жылы ауызсудың сапасына санитарлық-эпидемиологиялық қадағалауды қамтамасыз ету үшін 241 су құбыры тексерілді. Оның 209-ы ауылдық жерде, 24-і қалаларда, 8–і топтық су құбырлары. Анықталған заң бұзушылықтарды жою туралы 44 нұсқама берілді. Жалпы алғанда, еліміздің су құбырларынан алынған 66 мыңнан астам сынама зерттелді. 

«Бізге жалпы мемлекеттік бағдарлама қажет. Бау-бақшаны суару үшін ауызсуды пайдалануға болмайды. Оның орнына су үнемдеу технологиясын қолданысқа енгізіп, жер астынан жаңа су көздерін іздеу қажет»,- деп атап өтті Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2024 жылы «Қазгидрогеология» ұлттық гидрогеологиялық қызметі құрылды. Мекеме еліміздегі су тапшылығы бар өңірлерде жерасты су ресурстарын игеру және пайдалану үшін іздеу-барлау жұмыстарын жүзеге асырады. Республиканың батысындағы елді мекендерді жерасты көздерінен ауызсумен қамтамасыз етуге ерекше назар аударылды. 

Болжам бойынша, Қазақстандағы жерасты суларының қоры шамамен 40 млрд текше метр, оның 15 млрд текше метрі пайдалануға дайын. Елімізде жыл сайын ауызсу қажеттілігі үшін 1,2 млрд текше метр су жұмсалатынын айта кеткен жөн. 

Жерүсті суларының көлемін ұлғайту үшін 2030 жылға қарай жалпы көлемі 2,6 млрд текше метр су жинай алатын 42 жаңа су қоймасын салу жоспарланып отыр.  

«Біз қоғамда ресурстарды үнемдеп пайдалану мәдениетін қалыптастыру маңызды екенін талай жылдан бері айтып келеміз. Бірақ азаматтарға үндеу тастау жеткіліксіз. Бұдан бөлек, ресурстарды тұтынудың әлеуметтік нормаларын енгізу қажет. Үлгі етуге болатын жақсы мысалдар бар»,- деді Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Су ресурстарын тиімді пайдалану мақсатында су саласын цифрландыру, заманауи су үнемдеу технологияларын енгізуді ынталандыру және құрғақшылыққа төзімді ауыл шаруашылығы дақылдарына көшу, сондай-ақ ірі елді мекендерде тазартылған сарқынды суды қайта пайдалану бойынша кешенді жұмыс жүргізілуде. Сонымен қатар тұрмыстық жағдайда су үнемдеу бойынша әдістемелік нұсқаулық бекітілді. 

Су үнемдеу озық технологияларын енгізуді жеделдету аясында кәсіпорындарды өнеркәсіпте суды қайта пайдалану жүйелеріне көшуге ынталандыру бойынша іс-шаралар әзірленді.

Су кодексінің жаңа редакциясында кәсіпорындарда бес жыл мерзім ішінде суды айналымды және (немесе) қайта пайдалану жүйелеріне көшу жоспарының болуы жөніндегі талап қарастырылған. Әр облыстағы өнеркәсіп орындарында суды қайта пайдалануды ұлғайту бойынша 2030 жылға дейін модельдік жоспар әзірленді және бекітілді.

2030 жылдың соңына дейін экономика салаларындағы суды қайта пайдалану үлесін 17%-дан 28%-ға дейін ұлғайту жоспарланып отыр.

Сонымен қатар, тұрмыстық жағдайда су үнемдеу бойынша Әдістемелік нұсқаулық бекітілді, құжат крандардағы ақауды уақытылы жою, аэрациялық кранды пайдалану, екі түймелі су ағызу цистерналарын қолдану, автоматты сенсорлық су араластырғыштарды орнату, кір жуатын машинаны толық жүктеме кезінде ғана қосу және т.б. іс-шараларды қамтиды.

2024 жылы еліміздің 6 өңірінде жеке тұлғалар үшін ауызсуды тарифтеу тәртібі қайта қаралды. Тұтынудың әлеуметтік нормалары енгізілді(айына 3 м3 артық су тұтынған жағдайда, нормадан асып кеткен су көлемі үшін тариф жоғарылайды).

Бұл шара 6 өңірде: Ақмола, Ақтөбе, Түркістан, Ұлытау облыстары мен Алматы және Шымкент қалаларында айына орта есеппен 1,65 млн текше метр су үнемдеуге мүмкіндік берді. Тұтынудың әлеуметтік нормалары енгізілгенге дейін барлық 6 өңір бойынша ауызсуды тұтынудың орташа көлемі 21,1 млн текше метр еді, бүгінгі таңда бұл көрсеткіш 19,5 млн текше метрге дейін төмендеді. 

Су шаруашылығы инфрақұрылымын толық жаңғырту, суды үнемдейтін озық технологияларды енгізу, суды есепке алу жүйесін цифрландыру, халық пен кәсіпорындар арасында суды үнемдеу мәдениетін дамыту Қазақстан халқын жоғары сапалы сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Қатысты тегтер :

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар