21 ақпан күні, Жаңаөзен қаласында Бозжырада туристік нысандар салу бойынша алдын ала қоғамдық тыңдау өтті.
Ұйымдастырылған шараға ардагерлер, азаматтық қоғам өкілдері, қоғамдық кеңес мүшелері, мәслихат депутаттары, табиғат жанашырлары және сарапшылар қатысты.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында жеке инвесторларды тарта отырып, Бозжыра сынды еліміздің көрікті жерлерін туризмнің орталығына айналдыруды тапсырды.
Осы орайда отандық инвесторлар жеке қаражатына Бозжырада жылына 30-40 мың туристі қабылдай алатын визит орталығын және туристік нысандар салуды көздеп отыр. Жаңа жобаны Шарын, Көлсай, Аюсай сынды туристік аймақтарындағы визит орталықтарының құрылысын жүргізген әлемдік деңгейде тәжірибесі бар отандық компания жасақтаған.
Жоба авторларының айтуы бойынша, орталық барлық экологиялық талаптарды әрі тұрақты туризм принциптерін ескере отырып салынатын болады. Орталық құрылысы 2026 жылдың соңғы шенінде аяқталады деп жоспарланған.
Орталық жиналмалы жеңіл конструкциялардан тұрғызылады, олар терең іргетасты қажет етпейді. Ғимарат мекеннің жер бедеріне қарай 400-ден 1000 мм биікте тұратын болады. Сумен, электрмен жабдықтау және қалдықтарды өңдеу мәселелері қоршаған ортаға мейлінше зиян тигізбейтіндей етіп шешілген. Қалдық суды тазартатын биотазарту жүйелері, қоқысты сұрыптап жинау, күн сәулесімен қоректендіру қарастырылған.
Жоба бойынша шатқалдың жоғарғы бөлігінде қазақи нақышта безендірілген глэмпингтер, мұражай, қарау алаңдары мен шайхана бой көтереді. Заман талабына сай визит орталық туристер баруға ынталы нүктеге айналып, экологиялық туризмді дамытуға септігін тигізеді және табиғи мұраны сақтауды қамтамасыз етеді.
Жоба авторларының айтуынша, визит орталығының мақсаты – табиғи ландшафт пен мәдени мұраны сақтай отыра, саяхаттаушыларды көшпенді өркениет әлеміне жетелеп, қазақ халқының тарихын, салт-дәстүрін насихаттау.
Осындай туристік нысандар Бозжыраның төменгі жағынан да бой көтереді. Мұнда этноауыл стилінде туристік қалашық, эко-глэмпингтер мен басқа да туристік нысандар салынбақ. Туристік нысанға дейін жол салынып, тоқ тартылады. Бұл жоба сәтті жүзеге асқан жағдайда тұрақты 70 жаңа жұмыс орны ашылады.
Жақын маңдағы елдімекен тұрғындарының ауылшаруашылығы өнімдерін, қолөнер бұйымдарын сатуына мүмкіндік жасалады.
Қоғамдық тыңдауға келген қатысушылар Президенттің туризмді дамытуға қатысты бастамасын қолдайтындарын жеткізді.
- Мен мұнайшымын. Мұнай болашағының қаншалықты ұзақ болары белгісіз. Сондықтан экономиканың өзге де саласын, туризмді барынша дамытуымыз керек. Оған Маңғыстауда мүмкіндік зор. Ол туралы Президент те көп айтып жүр. Біз әрине Мемлекет басшысының бағыт-бағдарын толықтай қолдаймыз,- деді Д.Ізімов.
Ал Жаңаөзен қаласының тұрғыны Оразғали Қаспаев жаңа жобалар жергілікті тұрғындардың кәсіппен айналысып, табыс табуына мүмкіндік боларына сенімді.
- Бүгінгі Бозжыра мәселесі ақыры орнынан қозғалды. Бірақ тек Бозжыра емес, менің ойымша Айрақты, Жығылған, Тұзбайыр, Торышта да қонақ үйлер салынуы керек. Грузия, Түркия, Әзірбайжаннан қай жеріміз кем? Біз әрине қолдаймыз, - деді қала тұрғыны.
Мұнайшылар кәсіподағының мүшесі Сәбит Токенов бірнеше жыл бұрын бастау алып, аяқсыз қалған Бозжыра жобасының қайта қолға алынғанына қуанышты екенін айтты.
- Енді тоқтамау керек. Түбінде Маңғыстаудың экономикасының негізгі бөлігі туризм болатыны сөзсіз. Біз болашақ жастарымызды туризм, биотехнология, атом энергетикасы, жасанды интеллект, цифрландыру сияқты мамандықтарға оқытуымыз керек,- деді кәсіподақ мүшесі.
Жиын қорытындысы бойынша жоба қолдау тапты.
Жаңаөзен қаласы әкімінің баспасөз қызметі
Пікір қалдыру