ШҚО бюджетін онлайн бақылауға мүмкіндік туды

/uploads/thumbnail/20170709043208563_small.jpg

Шығыс Қазақстан облысы бюджетінің кірісі мен шығысын онлайн-режимде көруге болады. Аймақтық бюджеттің кірісі мен шығысы жайлы ақпарат «ШҚО әкімдігінің қауырт желісі» жобасы аясында облыс тұрғынынан келіп түскен арнайы ұсыныс негізінде жасалып отыр.

«Облыс әкімдігінің сайтында «Бюджет кірісі» мен «Бюджет шығысы» модульдері іске қосылды. Ақпарат күнделікті жаңартылып отырмақ», делінген ШҚО әкімінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.

«ШҚО әкімінің сайтында облыс бюджеті мен оның игерілуі жайлы мәліметтерді нақты уақыт режимінде көрсек жақсы болар еді», - деп жазды облыс тұрғыны әкімдіктің «WhatsApp» нөміріне.

Осы сауал негізінде экономика мен қаржы саласына жетекшілік ететін ШҚО әкімінің орынбасары Қуат Тұмабаевтың тапсырмасымен аталған модульдер жасалды.
Енді әрбір адам Шығыс Қазақстан әкімідігінің сайтында аймақ бюджетінің кірісі мен оның игерілуі жайлы ақпарат ала алады. 
Жоспарлы және нақты мәліметтер графика түрінде беріліп, күнделікті жаңартылып отырады.

Айта кетсек, бір айға жуық уақыт бұрын Шығыс Қазақстан облыс әкімінің баспасөз қызметімен «ШҚО әкімдігінің қауырт желісі» жобасы құрылған болатын.

Облыс тұрғындары +7 771 202 2002 нөміріне «WhatsApp» мессенджері арқылы сауалдарын жолдап, мәселелер жайлы хабарлап, сурет, жазба және видео түсірілім арқылы ақпарат жолдай алады.

Қатысты Мақалалар