Орал қаласындағы «Арба» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Гүлмира Батпақұлова арбамен қозғалатын мүмкіндігі шектеулі ғаріп жандардың мұң-мұқтажын жақсы біледі. Сондай-ақ ол мүмкіндігі шектеулілігіне қарамастан жарыстарға белсене атсалысады және өз арбасымен жүздеген шақырымды жүріп өтті, парашютпен де секірген болатын.
Сонымен қатар Гүлмира Батпақұлова Батыс Қазақстан облысының қоғамдық өміріне белсене атсалысады. «Қарсыластарымнан озған жеңісіме емес, өз-өзімді жеңе алған табысыма мақтанамын», - дейді Гүлмира Батпақұлова. Кейіпкерімізді 17 жасында көлік қағып кеткен. Сол жол апатынан кейін аяғынан тұрып кете алмаған. Ол қанша қиындық көрсе де, мойымаған. Қайта өз бетінше өмір сүруге бейімделіп, Оралда "Арба" қоғамдық бірлестігін құрды. Қазір өзі сияқты мүмкіндігі шектеулі жандардың жұмыс істеуіне барынша көмектесіп келеді. Оның айтуынша, бүгінгі таңда мүмкіндігі шектеулі жандардың өмір сүру сапасын көтеру мәселесі жүйелі шешіле бастаған.
«Қаланың инфрақұрылымы мүгедектер арбасымен қозғалатын адамдардың барлығы үшін қолжетімді болды. Бізге жаңа жай беріп, орталық аштық, онда қолөнер, тоқыма үйірмесі, компьютері сыныбы, тігін цехы жұмыс істейді», - дейді «Арба» ҚБ төрайымы Гүлмира Батпақұлова. Қайсар жан қоғамдық бірлестікті аша отырып, жұмыс орындарын құрды. Мысалы, бүгінгі күні «Арба» қоғамдық бірлестігінде денсаулығына байланысты 10 мүмкіндігі шектеулі адам еңбек етуде.
Қызметкерлер бұл жерде жұмыс істей жүріп, халыққа қажетті бұйым жасап, өздерін қажетсіз болып сезінген сезімдерінен де арылғандарын айтады.
-Орталыққа жұмысқа тұрғанға дейін мен тұйық адам болдым. Қазір бұрынғаға қарағанда ашылып, жұртпен тез тіл табыса бастадым. Орталық менің өмірімді жақсы арнаға қарай бұрып әкеткенін толық сеніммен айта аламын. Бұл жерде өмірге және бір нәрсені жасауға деген ынта пайда болады, - дейді бірлестіктің қызметкері Раушан Сүлейменова.
Гүлім АҚАП,
Батыс Қазақстан облысы