Қапшағай қаласы әкімінің орынбасары Сағдат Шатанұлы Нұрғазиевтің төрағалық етуімен болған онамастикалық комиссияның кезекті отырысы қала мен өңірдегі елді мекендердегі кө-шелер атауларының өзгертілуіне арналды.
Бұл жөнінде «Қапшағай қала-сы мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі» мемлекеттік мекемесінің басшысы Бибігүл Кенжеханқызы Шайкенова есеп берді. Расында кешегі кеңес заманындағы идеология негізінде қойылған көше атаулары жаңа заманға сай өзінің құндылықтарын жоғалтқаннан кейін оларды өзгерту уақыт талабы болып отырғаны анық.
Ал ондай көшелер бір Қапшағай қаласының өзінде көп болып шықты. Сонымен қатар жаңадан пайда болған шағын аудандарда бір де бір көше атаулары жоқтығы комиссияның осы отырысында айтылды. Көшелер ғана емес, кейбір елді мекендердің атын өзгерту де кезек күттірмес міндеттің бірі болу керектігі осы отырыста әңгіме өзегі болды.
Қаралған мәселе негізінде Қапшағай қаласы әкімінің орынбасары комиссия отырысының өткізілу мерзімін жасап, бекіттіріп алу жөнінде және көше атауларын берерде тарихи фактілерге сүйену қажеттігі мен тұрғындардың пікірлерін ескеріп, зерттеуі жөнінде «Қапшағай қаласы мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі» мемлекеттік мекемесінің басшысы Бибігүл Кенжеханқызы Шайкенова нақты тапсырма берді. Көтеріліп отырған дүние өте маңызды болғандықтан бұл мәселеге қайта айналып соғып, комиссияның келесі отырысында атқарылған істермен қатар орындалуға тиісті жұмыс жоспары қаралатын болмақ. Комиссияның кезекті отырысында осы шешім қабылданды.
Алтынбай ШӘКЕНҰЛЫ.
Пікір қалдыру