Қорғаныс министрлігі делегациясы БАӘ және Үндістанмен ынтымақтастық орнатты

/uploads/thumbnail/20171129151930183_small.jpg

Қазақстан |Республикасының Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-лейтенант Талғат Мұхтаровтың жетекшілік етуімен Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің делегациясы жұмыс сапарымен Үндістан Республикасының Нью-Дели қаласына барды. Сапар барысында Үндістанның Қорғаныс министрі Нирмала Ситараман ханыммен, Үндістан Қарулы Күштері Құрлық әскерлерінің бас қолбасшысы генерал Бипин Рават және қорғаныс істері жөніндегі мемлекеттік хатшы Санджай Митрамен кездесулер өтті. Министрліктің баспасөз қызметі мәлім еткендей, кездесу аясында тараптар қазақстандық бітімгершілік ротаның БҰҰ миссиясында үнділер контингентінің құрамында қатысуы, сондай-ақ қорғаныс саласындағы екіжақты ынтымақтастық мәселелерін талқыға салды. Үндістан Қорғаныс министрлігі мен Қарулы Күштерінің басшылығымен кездесулер жан-жақты,  сенімді сипатта өтті. Сапар қорытындысы бойынша үнділік тарап қорғаныс саласында Қазақстанмен өзара іс-қимылды әрі қарай нығайта түсуге қызығушылығын білдірді.

Сондай-ақ Үндістан Республикасының Баклох қаласында Қазақстан Республикасы мен Үндістан Республикасы Қарулы Күштерінің арнайы мақсаттағы бөлімшелерінің қатысуымен «Прабал-Достық-2017» кезекті екіжақты лаңкестікке қарсы оқу-жаттығуы өтті. Үндістан Республикасының Баклох қаласында «НОД» дайындық орталығының базасында екі елдің қорғаныс ведомстволарының арасындағы екіжақты әскери ынтымақтастық жоспарына сәйкес лаңкестікке қарсы оқу-жаттығу өткізілуде. Оған Қазақстан Республикасы мен Үндістан Қарулы Күштерінің елуден аса әскери қызметшісі қатысуда. Оқу-жаттығудың мақсаты лаңкестікке қарсы іс-шараларды өткізу және елді мекендерде жауынгерлік іс-қимылдарды жүргізу, заңсыз қарулы құралымдарды анықтау, оқшаулау және жою кезінде бөлімшелердің тактикасы мен іс-қимылдарының мәселелерін пысықтау болып табылады.
Сондай-ақ Қазақстанның әскери ынтымақтастығының жан-жақты нығайғанын тағы бір дерек дәлелдей түскендей. Қазақстанның әскери делегациясы  Қорғаныс министрінің басшылық етуімен 15 – халықаралық «Dubai Airshow 2017» көрмесіне қатысты. «Dubai Airshow» Үкімет пен Біріккен Араб Әмірліктері Қарулы Күштерінің қолдауымен өткізілетін әскери және азаматтық авиаөнеркәсіп саласындағы жетекші әлемдік оқиға болып табылады. Авиациялық-ғарыш салонының жұмысы барысында қазақстандық делегация әскери, оның ішінде, ұшқышсыз авиацияның тың жаңалықтары және даму үрдістерімен танысты. Көрме шеңберінде Қорғаныс министрі БАӘ қорғаныс істері жөніндегі мемлекеттік министрі шейх Мұхаммед бен Ахмед Әл-Бауардимен кездесті. Тараптар әскери ынтымақтастықтың дамуының келешек бағыттарын талқылады және оларды жоспарлы негізге көшіру туралы тараптардың ниеттерін растады.

–БАӘ әміршісі Шейх Заид бен Сұлтан Әл-Нахаян және ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев негізін қалаған елдеріміз арасындағы сенімділік қарым-қатынастар жыл сайын нығая түсуде және анағұрлым жоғары деңгейге шығып келеді. Қатысушылар ретінде және бақылаушылар ретінде болсын, Қазақстан Республикасының аумағында өткізілетін оқу-жаттығулар мен сайыстарға БАӘ Қарулы Күштері әскери қызметшілерінің жауынгерлік даярлығы мен қатысуына айрықша назар аударғым келеді, – деп Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрі құттықтау сөзінде атап өтті. Сондай-ақ  қазақстандық әскери ведомство басшысының БАӘ Бас штабының бастығы генерал-лейтенант Хамад Мұхаммед Тани Әл-Румейсимен келіссөздері өтті. Онда өңірлік қауіпсіздік, заманауи қауіп-қатерлерге төтеп беру мәселелері жөнінде пікір алмасу өткізілді. Одан басқа, БАӘ ӘӘК қолбасшысы авиация генерал-майоры Ибрагим Насер Әл-Алауидің бастамасымен ҚР ҚК Әуе қорғанысы күштерінің бас қолбасшысы авиация генерал-майоры Нұрлан Кәрбеновпен кездесу ұйымдастырылды. Делегацияның өткізген жұмыс қорытындысы бойынша таяу болашақта қорғаныс саласындағы Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктері өзара іс-қимылын дамыту мен нығайтудың қосымша бағыттары айқындалды.

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар