Бибігүл Төлегенова Назарбаев даңғылына қатысты пікір білдірді

/uploads/thumbnail/20171211103755232_small.jpg

ҚР және Қазақ КСРО халық әртісі Бибігүл Төлегенова Фурманов көшесін Назарбаев даңғылы деп өзгертілуіне қатысты пікір білдірді.

Өнер иесінің сөзінше, мұндай  өзгеріске алматылықтар тез үйреніп кетеді.

«Елбасы өз елінің дамуына аз еңбек сіңірді ме? Менің ойымша, ол кісі көшеге есімін беруге әбден лайық тұлға. Тек қана Семей полигонын жабуға сіңірген еңбегінің өзі неге тұрады. Мен ойлаймын, адамды тірісінде бағалауымыз керек. Бұл дұрыс шешім болды.  Алматының көшелерінің біріне Нұрсұлтан Назарбаевтың аты берілуі заңды құбылыс деп ойлаймын», - деді әнші.

Өнер иесі мұндай өзгеріске алматылықтар тез үйреніп кетпек.

«Біз тәуелсіз елміз. Елдегі барлық нысандар біздің тарихымыздан хабар беруі тиіс. Адамдар Ленин көшесінің Достық атауына, Мир көшесінің Желтоқсан атауына үйреніп кетті ғой. Көшелерге өз заманының тұлғаларының атын беру өте дұрыс», - деді ол.

Айта кетер болсақ, VI шақырылымдағы Алматы қалалық мәслихатының сессиясында ҚР Үкіметі жанындағы Республикалық  және қалалық ономастика комиссиялары тұрғындар тарапынан түскен өтініштерді ескере отырып, Алматыдағы Фурманов көшесіне Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың атын беру туралы шешім қабылдады.

2017 жылы қарашаның 30-ы болған Алматы қалалық мәслихаты сессиясында тек Фурманов көшесі атауын өзгерту туралы ғана емес, сонымен қатар, Алматыдағы жүздеген көшенің атауын (көбі - атауы қайталанатын көшелер) өзгерту туралы шешім қабылданған. Сессияға қатысқан Алматы әкімі Бауыржан Байбек "Алматы тұрғындарынан Елбасы (Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевты айтады - ред.) атына көше беру туралы көптеген өтініштер түскенін" айтқан.

«Біз биыл Астананың 20 жылдығын мерекелейміз. Егер еске алатын болсақ, тарихтың өзі астананы көшіру туралы Елбасы шешімінің барынша көрегенді, әрі дұрыс екенін дәлелдеді. Соның арқасында Еуразия орталығында жаңа заманауи қала пайда болды және еліміздің іскерлік орталығы ретінде Алматы жаңа серпінмен дами бастады. Тарихи маңызы зор шешім мен Президенттің экономикалық реформалары өзара ұштасып, жеке бастамаларды ынталандырды, кәсіпкерлік рухты дамытты. Бүгінгі күні Алматы – өңірлік тартылыс күші, Орталық Азияның ірі мегаполисі», - деді Бауыржан Байбек.

Ол Елбасының тұрақты қолдауы арқасында жүргізілген жүйелі реформалар барысында қала экономикасының 100 есе өскенін, шағын және орта бизнес қатарының 130 есе көбейгенін айтты. Егер сонау 90 жылдары Алматы ІЖӨ оннан бір бөлігін ғана берсе,бүгінгі таңда мегаполис экономиканың бестен бір бөлігін қамтамасыз етуде, жалпы еліміздің мұнайдан түсетін салығының төрттен бірін беруде, мұнда шағын және орта бизнестің барлық өнімінің төрттен бірі шығарылуда.

«Дәл осы қалада Елбасының бастамасымен Конституцияны қабылдау, ұлттық валютаны енгізу, Қарулы Күштерді құру, мемлекеттік рәміздерді бекіту, Семей полигонын жабу сиқяты тарихи істер жүзеге асты. Сондықтан Алматыда мұндай шешімнің қабылдануы өте орынды», - деді мегаполис әкімі.

Айта кетерлігі,осыдан 10 жыл бұрын Қазақстан Президенті Назарбаевтың есімі Иорданияның Амман қаласындағы және Шешен Республикасының Грозный қаласындағы көшелердің біріне берілген болатын. Бұлардан өзге, Қазақстанның Тұңғыш Президентінің есімімен Түркияның бірнеше қалаларының көшелері аталады, Татарстан астанасы Қазаннның магистральды көшесіне Елбасы есімі берілген.

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар