2017 жылы Алматы қаласында полиция қызметкерлері 150-ден астам жезөкшелер ордасын жапқан, деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі Kazpravda.kz сайтының мәліметіне сүйене отырып.
«Өткен жылы Алматы полициясы 150-ден астам жезөкшелер ордасын жапты. Алматыдағы ұйымдасқан қылмысқа қарсы басқарма қызметкерлері 2017 жылы адам сатуға байланысты бір қылмыстық істің және де адам ұрлауға қатысты 8 қылмыстық істің бетін ашты», - дейді қалалық ІІД баспасөз қызметіндегілер.
Сонымен қатар, жедел және арнайы шаралар нәтижесінде жеңгетайлық іске қатысты 37 факті, жезөкшелікпен айналысуға итермелеген 19 факті тіркелген, оның екеуінде қылмыскерлердің құрбаны болған қыздар кәмелет жасына толмаған болып шықты.
Еске сала кетсек, өткен жылдың қараша айында Алматыдағы полиция қызметкерлері жоғалып кеткен 17 жастағы қызды жезөкшелер ордасынан тауып алған болатын. Белгілі болғандай, 17 жастағы қызды алдап, жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлеген. ҚР ҚК 134 бабына сәйкес екі жас жігіт қылмыстық жауапкершілікке тартылған еді.
Пікір қалдыру