Таққа мінгеніне бір жылдан жаңа асқан Шавкат Мирзиёев өзбек жұртын ғана емес, Орталық Азия елдерін де жиі-жиі аузына қаратып келе жатыр. Аузына қаратқанда, дәмді сөз айтып, көсемсіп жүрген жоқ. Ислам Каримовтың кезіндегі қатқан сеңді бұзып, бұқараны басқарудың өзіндік арнасын салды. Әрі сол арнаға құятын үкімет тірлігінің бәрін халықтың қалауы төңірегінен тауып келеді.
Кешелі бері ТМД аумағындағы бірқатар басылымдар Өзбекстан президентінің пәрменімен қайта түлеген Манас ауылы туралы жаңалықты жарыса жариялап жатыр. Жаңалықтың төресі сол, ит байласа, тұрғысыз қиырдағы қаңыраған ауыл 45 күннің ішінде жарқырап шыға келген. Онда да, ағашын әктеп, жолының ой-шұқырын бүтіндейтін көзбояушылық емес, іргесі 60-шы жылдары қаланып, кейін қараусыз қалған елді-мекенді сүріп тастап, жаңазаманға лайық, мүлде өзгеше қалашық тұрғызған. Қосқабатты көппәтерлі үйлер, емхана, балабақша, спорт кешені секілді әлеуметтік нысандарды былай қойғанда, тері мен жүн өңдейтін шағын өндіріс орындары да тұсауын кескен. Тіпті түйе сүтінен дәрілік препарат жасайтын цех та ашылыпты.
Ақпаратқа қарағанда, Өзбекстан басшысы бұл ауылға ақпан айында келіп, тиісті тапсырмалар бергенге ұқсайды. Міне, содан 1,5 ай ғана уақыт өткенде президентттің тапсырмасы тап-тұйнақтай етіп орындалған. Жаңарып, қайта түлеген ауылға екінші мәрте келген Шавкат Мирзиёев қуанышы қойнына сыймаған көпшілікке «құтты болсын» айта отырып, нөкерлеріне бүй депті: «Халқымыздың қандай жағдайда тұрмыс кешіп жатқанын көрсең, жаның ауырады. Біздің алдымызда нендей мақсаттар мен міндеттер тұрғанын мен осы Манас ауылын мысалға келтіре отырып түсіндірейін. Әрине, оңай емес, шаруа шашетектен. Бірақ өрлеуді ауылды түлетуден, онда да, талқаны шыққан, жағдайы мүшкіл ауылдардан бастамасақ, халық бізге сенбейді. Ешқашан сенбейді!».
Былай қарасаңыз, Өзбекстан басшысының әрекеті бір оқпен екі қоян атқанмен тең. Себебі 6,5 мың халық тұратын Манас ауылында негізінен этникалық қырғыздар тұрады. Каримовтың кезінде өзбек-қырғыз қатынасы тым шиеленісіп кеткені есте. Енді мынадай жағдайдан кейін әріптесіне Сооронбай Жээнбековтің де іші жылып тұрары белгілі. Қырғыз бен өзбек жұртының да бір-біріне деген ықылас-пейілі беки түседі. Мұның барлығы Ташкенттің көршілермен әрі туыстас елдермен қарым-қатынасты қалпына келтіру саясатымен үндес.
Ал бастысы, өзбек басшысының ауылды көтеруге қатысты бастамасы. Өзі айтпақшы, бұл шаруаның оңай болмайтыны да рас. Дегенмен ниет бар. Сол ниетті жүзеге асыратын күш Мирзиёевтың қолында. Мирзиёев шенді-шекпенділердің екі аяғын бір етікке тығып, халыққа басын идірген сайын бұқараның да билікке деген сенімі артып келе жатыр. Ал бұл дегеніңіз, Мирзиёевтың көкейіндегі ең басты мақсат. Өйткені халық билікке сенбеген жерде ешқашан береке болмайды. Әрбірден соң, экономиканы дамытып, мемлекетті алға сүйрейтін қуат биліктің емес, халықтың бойында. Әлеумет әл жиған сайын оның берері де арта түседі. Ал егер билік барды бауырына басып алып, халықты алдарқатуға көшсе, оның арты міндетті түрде бір бәлеге апарып тірейді. И.Каримов оқыстан көз жұмбағанда, Өзбекстан да осындай бір қатерге ұрынуы әбден мүмкін еді. Өзбек жұртының бағына қарай, билікке Мирзиёев келді. Қызығасың. Қызықпау мүмкін бе?
Сансызбай Нұрбаба
Пікір қалдыру