АҚШ билігі Қытайда өндірілген тауарға 50 миллиард долларлық кеден салығын жүзеге асыру жұмысының 16 миллиард долларлық екінші бөлімін 23 тамызда жүзеге асырмақ. Батыс басылымдарының хабарлауынша, президент Трамптың «Технологияларды ұрлау мен әділетсіз сауда жүргізу» себебімен Қытайда шығарылған технологиялық өнімдерге баж салығын салуының екінші кезеңі нақтылады.
Америка Құрама Штаттарының Сауда өкілі (USTR) 23 тамыздан бастап тауар құнына 25 пайыз көлемде салынатын кеден салығы 16 миллиард доллар болатын тауарлар тізімін жариялады. Бұл тізімде мото майы, этилен, винилхлорид, акрил полимерлері және жартылай өткізгіштерге қатысты 279 түрлі тауар бар.
Қытайдың қорғаныс, авиация және өңдеуші секторларына бағытталған кеден салығының 7 шілдеде қолданысқа енген алғашқы бөлімінде болса ядролық реакторлар, газ турбиналары, ауа және газ сұйылтқыштары, пештер және коммерциялық ыдыс-аяқ жуғыштар сияқты 34 миллиард доллар шамасындағы 818 тауар бар болатын.
АҚШ-тың Қытайды 50 миллиард доллар салық төлеуге жығатын жаңа әрекеті Трамптың сайлауалды бағдарламасында айтылған. Біртіндеп жүзеге асыра бастаған АҚШ билігі бұл қадамын елдегі тауар өндірушілерді демеуге де септігін тигізеді деп санайды. Ал, Әлемдегі арзан еңбек күші саналатын Қытай бұған жауап ретінде АҚШ-ты ДСҰ талаптарын бұзып отыр, - деп айыптады. «АҚШ үкіметінің бұл шарасы ҚХР-дың заңды құқықтары мен мүдделеріне қол сұғу және Қытайдың дамуына қатер төндіреді», - деген болатын Қытай билігі. Қытай да америкалық автомобиль мен ауыл шаруашылығы өнімдерінің салығын ішінара арттырған.
Сауда соғысы – сауда қатынасындағы екі елдің бір-бірімен сауда шарттары арқылы күресуі. Бұл соғыстың басты қаруы кеден салығы мен импорт-экспорт квоталары. Айталық, бір ел сауда тарифтерін көтереді, екіншісі осыған ұқсас жауап қайтарады. Саудадағы кеден салығы арқылы жасалған соққылары бір-бірінің экономикасына зиян келтіруі, тіпті екі ел арасындағы саяси шиеленісті күшейтуі мүмкін.
Пікір қалдыру