Салық амнистиясы: Бұл бизнеске жасалған тиімді мүмкіндік

/uploads/thumbnail/20181207101545192_small.jpg

Өткен тарихқа көз салар болсақ, салық амнистиясы әлемнің барлық елдерінде бар. Жалпы тәжірибеде амнистия ауық-ауық жасалынып отырады. «Мұның пайдасы неде, тиімділігі қайсы?» деген сауалға жауап беретін болсақ, ең алдымен ол кәсіпкерлерге тиімді. Рас, кәсібін қолға алған адам оның пайдасын бірден көрмейді. Нарықта әртүрлі кенеттен болатын күрделі жағдайлар жиі әрі тосыннан болып тұрады. Жұмыс істеп тұрған кәсіпорын тығырыққа тіреліп, тауары өтпей қалуы мүмкін. Сөйтіп, мемлекетке төлеп келе жатқан салығын уақытылы төлей алмауы да ықтимал. Мұндай жағдайда бизнес тұралайды. Сонымен қатар,  салықтық  қарыздар үсті-үстіне өсе береді. Ақырында келіп, бір кездері тиімді жұмыс істеп тұрған кәсіпорынның жұмыс ырғағы бұзылады. Мұндай жағдайда не істеу керек? Амнистия жарияланады. Бірақ ол тек қана Президенттің тапсырмасына орай жүзеге асырылады. Мұны неге айтып отырмыз? Президент Нұрсұлтан Назарбаев 5 қазанда «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: Табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты халыққа арнаған Жолдауында шағын және орта бизнес субъектілері үшін салық қарыздарын кешіру туралы тапсырма берді.

–Біз «қолма-қол ақшасыз экономикаға» бет бұруымыз керек. Мұнда жазалаушы ғана емес, сондай-ақ бизнестің қолма-қол ақшасыз есеп айырысуын қолдау сияқты ынталандырушы құралдарға да сүйенген жөн.  

Салық және кеден саласындағы ақпараттық жүйелер интеграциясының аяқталуы әкімшілендірудің ашықтығын арттырады.  Үкімет үш жыл ішінде экономикадағы көлеңкелі айналымды кем дегенде 40 пайызға қысқарту үшін нақты шаралар қабылдауға тиіс.Бизнес өз жұмысын жаңадан бастау үшін 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап салықтың негізгі сомасы төленген жағдайда, өсім мен айыппұлды алып тастай отырып, шағын және орта бизнес үшін «салық амнистиясын» жүргізуге кірісуді тапсырамын», – деді Президент халыққа арнаған Жолдауында.

Жалпы саралап қарайтын болсақ, бұл дер кезінде Президент тарапынан берілген тапсырма екенін ұғынған жөн. Негізі салық амнистиясы Қазақстанда бірінші рет жасалынып отырған жоқ. Бұған дейін де шағын және орта кәсіпкерлік саласының өкілдері мұның пайдасын көрді.

Жалпы тәуелсіздік алған күннен бастап жасалынған салық амнистияларын жете зерттейтін болсақ, мұның қай уақытта да мемлекет үшін де, кәсіпкер үшін де тиімді болғанын байқаймыз. Мысалы, 2001 жылы болған  алғашқы амнистия жағымды нәтиже берді. Мұны 2006 жылғы халыққа арнаған Жолдауында Президентіміз де атап көрсетті. Ал екінші салық амнистиясы елімізде 2006-2007 жылдары өтті. Ресми көрсеткіштерге жүгінер болсақ, алғашқы салық амнистиясы кезінде 480 миллион доллар, ал екінші амнистия тұсында 472 миллион доллар заңдастырылды.  2011 -2014 жылдар аралығында, яғни  үшінші рет өткен амнистия тұсында кәсіпорындар мен кәсіпкерлердің салық заңдалықтарын бұзған айыппұлдар мен қарыздар кешірілді.  Аталған акциялар барысында шамамен алғанда, айыппұлдар мен өсімпұлдар бойынша жалпы сомасы 143,7 млрд теңгенің қарызы жойылды. Сондықтан тәуелсіздік алған кезден бастап жасалған салықтық амнистиялардың қайсыбірін алып қарасаңыз да, еліміз үшін, ең алдымен кәсіпкерлер үшін үлкен пайдасы бар және оның тиімділігі де барған сайын айқын бола түсті.

Ал атап айтар болсақ, биылғы 5 қазан күні жасалған, Президент Жолдауында айтылған салық амнистиясының  пайдасын тағы да келер жылы шағын және орта  кәсіпкерліктің субъектілері көрмек. Өйткені Елбасы тапсырмасына орай, 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап бұл жүйе жүзеге аса бастайды. Енді осыдан келіп туатын сауал, қанша  кәсіпорын амнистияға ұшырайды? Мемлекеттік кіріс комитеті мамандарының айтуына қарағанда, салықтық рақымшылыққа  еліміз бойынша 90 077 шағын және орта бизнес саласы ілігеді. Былайша айтқанда, осы уақытқа дейін айыппұл мен салығынан құтыла алмай, мойнына қамыт киілген бизнес өкілдерінің енді екінші тынысы ашылады.  

Шағын және орта бизнес субъектілерінің қанша салықтық қарызы бар және оның қаншасын өсімпұл құрайды?  Бұл қандай жағдайда кешіріледі? Әрине, мұның барлығы Президент Жолдауда айтылған тапсырмадан кейін арнайы түрде зерттеліп, есептелінгені анық. Енді Мемлекеттік кіріс департаментінің есебіне назар болсақ, шағын және орта бизнес субъектілерінің 340,6 млрд теңге салықтық қарызы бар. Оның 122,9 млрд теңгесін өсімпұл, 7,3 млрд теңгесін айыппұлдар құрайды екен. Жаңағы айтылған сауалға жауап берер болсақ, аталған сомалар 210,4 млрд теңге көлеміндегі негізгі қарыз өтелген жағдайда ғана кешіріледі екен. Демек, келер жылдың басында басталып, сол жылдың соңына қарай аяқталатын бұл рақымшылық шарасы шаруасы шатқаяқтаған талай кәсіпорынның көкжиегін кеңейтетіні сөзсіз. Сонымен, келер жылы басталатын шараның тиімді тұстарын атап өтейік:

1.Салықтық амнистия кәсіпкерлерді қолдаудың тиімді тетігі болып табылады.

  1. Аталмыш қадамның стратегиялық маңызы бар.
  2. Айыппұл мен өсімпұлдан құтылған кәсіп иесі алдымен негізгі қарызды жабуға тырысады.
  3. Салықтық амнистия еліміздегі бизнестік ахуалды жақсартады.
  4. Іскерлік қатынасты күшейтеді.
  5. Шағын және орта бизнес өкілдеріне салығын уақытында төлеп отыруға мол мүмкіндік береді.
  6. Салық амнистициясы тек қана шағын және орта бизнес саласының өкілдеріне арналған. Басқа ірі компанияларға арналмаған.
  7. Бұл қарыздарын жаба алмай отырған шағын кәсіпоорындардың аяғынан тұрып кетуіне мүмкіндік береді.
  8. Салық амнистиясына іліккен кәсіпорындардың айыппұл мен өсімпұлы жойылғаннан кейін олардың өндіріс көлемі ұлғаятын болады.
  9. Бұл - шағын және орта бизнес өкілдері үшін үлкен жеңілдік.
  10. Ша­ғын және орта кәсіп­кер­лік­тің дамуы – елдің эконо­ми­ка­лық-әлеуметтік жағдайын жақсартады.
  11. Салық амнистиясы бұған дейін қаржылық жағдай­ы қиын болып тұрған кәсіпорынды банкрот болудан сақтап қалады.
  12. Салық амнистиясы шағын кәсіпорындарды сауықтыруға арналған нақты қадам

Міне Президент Жолдауында айтылған салықтық амнистияның пайдасы мен тиімділігі осы. Қазір барлық аймақтағы тиісті органдар өңірдегі шағын және орта бизнес субъектілерінің өсімпұлдары мен айыппұлдары қанша,  неше кәсіпорын салықтық рақымшылыққа ілінеді? Президент тапсырмасын орай, мұның барлығы да нақтыланып, есептелініп қойды. Тек қана енді бизнес субъектілері негізгі берешектерін өтесе болды,  олардың барлығы да салықтық амнистияға ілінетін болады.

Еркін Қалдан

Қатысты Мақалалар