Сабақтастық – Ел дамуының үлгісі

/uploads/thumbnail/20190409161220023_small.jpg

Сабақтастық – Ел дамуының үлгісі

 

 

Еліміз өзінің дамуының жаңа кезеңінде Тәуелсіздік жылдары қалыптасқан саяси тұрақтылық, қуатты экономика мен сапалы әлеуметтік жетілдірілулер аясында қарыштап келеді. Төрткүл дүниемен үйлесімде әлемдік танымалдылыққа қол жеткізді. ХХІ ғасыр – адамзат қауымы үшін жаңарулар заманы. Бұл ұлы өзгерістер үдерісі Қазақстан Республикасының да даму жолын анықтауда.

         Тәуелсіздік жылдары жүз жылда жүзеге асатын істерді атқарып, әлемдегі ең дамыған елу ел қатарына қосылдық. Бұл орайда білім сапасының өкілі ретінде мемлекетіміздің адам капиталын дайындау сапасын арттыру жолындағы саясаты бойынша ұлттық мазмұнда тәрбие беріп, әлемдік білім кеңістігі мазмұнымен үндесуді жүзеге асырып жатқанын ұлы іс деп білемін. Нақтырақ айтсам, «Болашақ» бағдарламасы, Назарбаев университеті, Назарбаев зияткерлік мектептеріне бағдарлану жүзеге асуда. Осы жылда жүздеген жаңа мектептер мен бала бақшалар бой көтерді. Мұғалімдердің біліктілік сапасы арттырыла түсті т.с.с.

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев 19 наурыздағы Қазақстан Халқына Үндеуінде: «Әрбір ұрпақтың атқаратын өз міндеттері бар. Мен және менің замандастарым еліміз үшін қолдан келгеннің бәрін жасадық. Әлем өзгеріп, жаңа буын келеді. Бұл – табиғи процесс. Олар өз заманының проблемаларын шешетін болады. Сондай-ақ елімізді одан әрі өркендету үшін бар күш-жігерін жұмылдыруға тиіс,» - деп, конституциялық негізде Қазақстан Республикасының Президенті өкілеттігін тоқтату туралы шешімін жариялады.

         Қазақстандықтар және әлем қауымдастығы бұл шешімді, ең алдымен, мемлекеттің келешегіне, саяси тұрақтылыққа және бұдан әрі қарайғы Қазақстанның дамуына бағытталған кемеңгерлік кадам деп қолдап қабылдады.

         Қазақстандағы билік сабақтастығы конституциялық тұрғыдан реттелген. Президенттің өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылған жағдайға байланысты оның өкілеттігі қалған мерзіміне Сенат төрағасына берілді. Осы негізде Қазақстан Республикасының Президенті Қасымжомарт Кемелұлы Тоқаев 9 сәуірде Қазақстан халқына ҚР Президенті өкілеттігі бойынша кезектен тыс Қазақстан Республикасы Президентін сайлау мерзімінің 2019 жылдың 9 маусымына белгіленгені туралы тарихи Үндеу жариялады.

         Жаңа Үндеуде Қазақстан Республикасының Президентін сайлауды кезектен тыс өткізу шешімінің саяси-экономикалық және әлеуметтік негіздері және өзектілігі жан-жақты көрсетілді. ҚР Президенті сонымен қатар ҚР Президентін кезектен тыс сайлау мейілінше ашық, әділ және демократиялық сипатта өтетініне сенім білдіріп, қазақстандықтарды жаңа сайлауға белсенді қатысуға шақырды.

         Біздер мұғалімдер қауымы, мемлекетіміздің білім саясатын жүзеге асырушылар ретінде, Елбасы Н.Ә.Назарбаев бастамашылығымен белгіленген бағдарламалардың одан әрі сапалы жүзеге асуында бұл кезектен тыс сайлау нәтижелері аса маңызды деп білеміз. Еліміздің даму жолы «Қазақстан – 2050» стратегиясында т.б. бағдарламаларда айқын белгіленген. Біздің міндетіміз – Елбасы салып берген сара жолмен ұсынған идеяларын жүзеге асыруға аянбай атсалысу. Жаңа сайлау осы ізгі ниетімізге жетуде игі ықпал етеді деп ойлаймын.

         Тәуелсіз Қазақстанның жарқын келешегі үшін, Елбасының стратегиялық бағдарламаларының салтанат құру үшін, дамудағы сабақтастық үшін ҚР Президентін сайлауға бір кісідей қатысуға шақырамын.

 

 

Аягүл Төреқызы Миразова                                                                                                  

                                 Қазақстанның Еңбек Ері,                                                                                 

«Алтын жұлдыз», «Отан» ордендерінің иегері                                                                                 

 Қазақстанға еңбегі сіңген қызметкер,

Алматы қаласының,

Жамбыл облысының,

Жуалы ауданының

Құрметті азаматы

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар