Оратор болғыңыз келсе... Білікті маманнан басты кеңестер

/uploads/thumbnail/20190423164045733_small.jpg

Ол жанды алғаш көргенімде жылулықты сездім. Сөзі салмақты, ісі байыпты, өзі жайлы... Онымен әңгіме-дүкен құрып, жанында отырғанның өзінде көңілің жайланып, ерекше күй кешесің. Себебі адамның іші-бауырына кіріп, сіздің жан жараңызды түсініп, түйсініп, емдеп шығуға дейін қауқарлы. Ол нендей жан дейсіз ғой? Бәлкім психолог дерсіз немесе педагог па?! Ол – ең алдымен әйел, асыл жар, аяулы ана. Содан кейін ғана жүздеген шәкірт тәрбиелеп, бәрінің өмірін өзгерте алған ұлағатты ұстаз. Оның есімін қазақстандықтардың көбі біле бермейді, алайда білсе, еш өкінбес еді. Ол – ораторлық өнердің қыр-сырын бойыңызға сіңіріп, сіздегі белгісіз қорқыныш пен жасқаншақтықты жоя алатын айтулы маман, "Оратор" академиясының негізін қалаушы (инстаграмда - @orator_academy.kz) Алмагүл Чабаева.

Жұмыс аптасы басталысымен Алмагүл ханыммен сұхбаттасып, апта бойына жететін энергияға шомдым. Ораторлық өнер дегеннің өзі отбасындағы тәрбиеден басталады. Сол себепті маман баланы тәрбиелерде аса абай болғаны жөн дейді. Бірнеше сағатқа созылған сұхбатымызды, жо-жоқ жылы әңгімемізді екі бөлімге бөліп беруді жөн санадым. Алғашқы бөлімі төменде...

Алмагүл Чабаева

–Кей адам неге жасқаншақ келеді? Көптің алдына шығып сөйлеуден не себепті қысылады?

–Болашақ тәрбиеден басталады. Ал тәрбие құрсақтан бастау алады. Қазақтың тәрбиесіне қарсы шықпаймын, алайда артық кететін тұстары жоқ емес. Баланы «аузыңды жап», «үлкеннің алдына шығып сөйлеме», «үніңді өшір», «басқасы айта берсін, сен үндеме», «елдің көзіне түспе», «ақырын сөйле» деген тыйымдармен өсіреміз. Бала ересек өмірге аттағанда ата-анасының, үлкендердің әлгі тыйымдары бейсанасында қалып қояды. Өзін дамытуға қанша жерден тырысса да, түбі бейсанада жатқан тыйымдарды алмайынша, бала биікке самғай алмайды.

Ал менің мақсатым – адам бойындағы жасқаншақтықты жою, бей санасында трансформацияның болуын қамтамасыз ету. Әр сабағымнан оң нәтиже байқаймын. Көптің алдына сөйлеуден қысылғандар көп ұзамай ашыла бастағанын көргенде жұмысымнан ләззат аламын. Бұл өмірде қаншама адам өзін-өзі таба алмай жүр. «Жолым болмайтын жанмын» деп тон піше салады, қолын бір сілтейді. Ал мен сол жанның кілтін тауып, құлыпты ашып, өз кірпішін қалауға жол сілтеймін. Сол себепті ораторлық өнерді өзгеге үйрету үшін мен қосымша психологияны меңгердім, адамның жанын түсінуді үйрендім.

–Шәкіртіңіз алдыңызға келгенде ең алдымен не сұрайсыз? Неден бастайсыз?

–Алдымен тобымда отырған барлық адаммен әңгімелесемін. Әрқайсысын тыңдаймын. Сұрақтар қоямын. Сөйтіп бейсанасында не жатқанын бірден ұғамын.

–Ораторлық өнердің қыр-сырын үйрету үшін психолог болу міндетті ме?

–Адамға бірнәрсе үйрету деген бастаманың өзі үлкен жауапкершілікті талап етеді. Тек ораторлық өнерді емес, тіпті мектепте қарапайым мұғалім болсаңыз да, алдыңызда көздері жаутаңдап отырған оқушылардың жан сарайын ашуға міндеттісіз. Сізден талап етілетіні – сол. Ол үшін, әрине, психолог болсаңыз, мақсатыңызға жете аласыз. Психолог болуды ешкімге міндеттемейді ғой. Дегенмен әр адам өзі үшін сол саланы меңгеріп алғаны жөн деп санаймын.

–Оратор болу үшін...

–Көпшілік ақпаратты жеткізу сөзге байланысты деп ойлайды. Рас, сөз өте маңызды рөл атқарады. Алайда сөзіңіз қанша жерден әдемі болғанымен, оны халыққа дұрыс жеткізе алмауыңыз мүмкін. Міне, сол кезде көмекке дауыс келеді. Дауыстың ырғағы, тембрі, интонацияны дұрыс қолдану, екпінді дұрыс қою, дұрыс тыныс алу – айтпақ ойыңызды жеткізуде аса маңызы бар процестер.

Ораторлық өнер орталығы

Ақпаратты  бірқалыпты, даусыңызды өзгертпей, монотонды айтсаңыз, онда халық ол ақпараттың 7 пайызын ғана қабылдайды екен. Ал даусыңызды қатты шығарып, төмендететін жерде төмендетіп, баяулатып, құбылтып сөйлейтін болсаңыз, ол адамдардың ақпаратты қабылдауына тікелей әсер етеді. Сөйлеп тұрған спикердің даусындағы сөйлеу аппараттары дұрыс жолға қойылмаған болса, спикер де, оны тыңдап отырған адам да шаршайды. Біз құлағымызбен ғана емес, сөйлеу аппараттарымен де тыңдайды екенбіз. Шаршап кететініміз содан. Тыңдарманды шаршатпас үшін адам дауысын да меңгеріп үйренсе игі. Яғни дауыс ырғағы 38 пайызды құрайды. 38 пайыз бен ақпараттың 7 пайызын қосатын болсақ, 45 болады.

Ал қалған 55 пайызы дене қимылымен беріледі. Ол дегеніміз – сөйлеу барысында өзіңізді ұстау. Аудиторияға қаншалықты жақындықта тұрсыз, ым-ишараттарыңыз қандай, қабақ түю, жымию, күлу, актерлік шеберлік – бәрін іске қосу керек. Сонда ғана айтпақ сөзіңіз нық, ойыңыз көркем, әдемі жетеді.

–Ораторлық туа біткен қабілет пе? Әлде арнайы меңгеруді қажет ете ме?

– «Шешен болып тумайды, шешен болып қалыптасады», болмаса «Сөйлей-сөйлеу шешен боласың, көре-көре көсем боласың» деген... Сен өзіңнің сөйлеу мәнеріңмен жұмыс істесең. Ой-өрісіңді кеңейтіп, кітап көп оқысаң, сол ойыңды жүйелі түрде жеткізуге бейімделсең, курстарсыз-ақ қалыптастырып алуға болады. Кейбір адамдарға табиғатынан беріледі, бірақ өте аз мөлшерде. Ал ораторлық курсқа бару әрбір түсінген адам үшін маңызды әрі керек дүние. Себебі жоғарыда айтып өткенімдей, бала күніндегі кейбір кедергілер баланың оратор болып қалыптасуына кедергі жасауы мүмкін. 

Бұдан бөлек кейбірі «мен онсыз да сөйлей аламын» дейді. Бірақ сіз қаншалықты дұрыс, орынды сөйлейсіз, ойыңызды қаншалықты сауатты, нақты жеткізе аласыз? Міне, мәселе осыда. Мұны меңгерсеңіз, нағыз өнер - сол. Бұл үй шаруасындағы, бала тәрбиесіндегі анаға, отбасын асырап жүрген әкеге де керек дүние, бұл мектептің оқушысына да, студентке де, кез келген маман иесіне, басшыға, депутатқа да керек. Адаммен жұмыс істеп жатқан, қоғаммен қарым-қатынасқа түсетін әрбір адам меңгеруі тиіс өнер.

–Ораторлық өнер табыстың кілті бола ала ма?

–Иә, ең басты кілті. Мен сол кілтті алыма келген барлық адамға ұстатып жібергім келеді. Көпшілік ораторлық өнерді тек елдің алдына шығып сөйлеу барысында керек деп ойлайды. Ең алдымен, ол өнер – отбасындағы сыйластықты, түсінушілікті қалыптастыру үшін керек.              

Өзгеден бұрын отбасыңдағы әр мүшенің тілін таба біл. Ұрыс-керіс, бір-бірімен сөз таластыратын ерлі-зайыпты, ата-анасын тыңдамайтын, кері сөйлейтін бала қайдан шығады? Отбасындағы сөз саптаулардың дұрыс болмағанынан жанжал жиі орнайды. Ойыңды дұрыс жеткізе алмағандықтан сенім кетеді, дөрекі сөйлегеннен береке қашады.

Балаңызға «Сен мынаны дұрыс жасамадың, былай жаса!» дегеннен гөрі «Балам, бәрін жақсы жасағансың, алайда мынадай жерін түзеп жіберсең тіпті керемет болар еді» деу немесе жарыңызға еркелеп отырып «Бәрін дұрыс істедің, бәрі сенің арқаңда, сен әлі талай биіктерге жетесің, мен сені қолдаймын» деп сөйлесеңіз, отбасындағы татулықтың, берекенің кілтін табар едіңіз. Ал ол кілт – сөзде жатыр. Сол себепті ораторлық өнерді үйде отырған қарапайым әйелдің өзі де меңгеріп алса деймін. Неге әйел? Әке мен баланың қарым-қатынасы, баланың ата-әжесімен қарым-қатынасы, балалардың бір-бірімен қарым-қатынасы – бәрі аналарымыздың даналығының арқасында реттеліп отырады. Өзім де ана болғандықтан бәрін түсінемін. Заман талабы жұмысбастылықты, қаражат табуды қажет етеді. Жұмысбасты болған соң жүйкең әлсірейді, ашушаңдық қалыпқа әкеледі. Алайда оның бәрін жеңуге болады.

Алмагүл Чабаева

Алдымнан қаншама шәкірт өтті: біраз жасқа келген ата-апаларымыз да, егде жастағы аға-әпкелеріміз де, жастар да бар. Олар курстан өткен соң тек қана сөйлеу мәнерін дұрыстап кетпейді, отбасылық психологияға да қатысты, өмірінде қолдануға керек дүниені де қоса алып кетеді. Ашылмай жүрген дарындар ашылады, ізденуге, білуге талпынады, қателіктерін  түсінеді, қадамын нық басады. Ол үшін қызықты жаттығулар жасалады, кітаптар оқылады, оратордың білуге тиіс қызықты әдіс-тәсілдері үйретіледі. Мен біржақтылықты ұнатпаймын, үнемі ізденістегі адаммын. Сол себепті курсымда қанша топ болса, сонша атмосфера қалыптастырамын. Бағдарлама бір болғанымен, топтағы адамдардың проблемаларының әртүрлілігі ескеріле отырып, соған байланысты әдістер қолданылады.

–Ал сіз өзіңізді табысқа жеттім деп айта аласыз ба?

Әрине, ләззат алатын іспен айналысамын. Сол үшін де өзімді табысты санаймын.

–Сіз жеткен табыстың кілті неде? Ораторлық өнерді меңгергеніңізде ме?

–Ата-анамның тәрбиесінде. 9 балалы отбасында өстім. Әкем мен анам мендегі ұшқынды бала күнімнен байқады. Әкем қашан да «Алмагүлім бір төбе, қалған сегізі бір төбе» деп айтып жүретін. Маған ерекше көңіл бөлді. Себебі бала күнімнен ойымды ашық айтатынмын, кез-келген ортаға сіңісіп, барлық адамның тілін тауып кететін қасиетім бар еді. Елдің алдына шығып сөйлегенді жақсы көрдім. Шамамен 2-3 жасар кезімнің өзінде

«Менің атым – Алма,

Он саусағым жорға.

Өлең айтып беремін,

Билейтінің бар ма?» деп әндетіп, елдің  қошеметіне бөленіп жүретінмін. Бүгінгі жетістігімнің кепілі сол кезден бастау алған деп ойлаймын. Ата-анамның көрегендігінің арқасында бойымдағы қабілеттерім дер кезінде ашылып, оны өзім дамытып әкеттім.

Сұхбаттасқан: Гүлім Жақан

P.S. Келесі бөлімде қарапайым мұғалімнің ораторлық өнерге қалай ауысқаны жайында айтамыз.

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар